Аймақтар • 27 Тамыз, 2021

Ауыл кітапханасына 100-ден аса кітап табысталды

791 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының қызметкерлері «Ауылыма кітап» қайырымдылық акциясының аясында Ақмола облысы Целиноград ауданы Қабанбай ауылының Мәдениет үйінің кітапхана қорына 100-ден астам кітап пен журнал табыстады, деп жазады Egemen.kz.

Ауыл кітапханасына 100-ден аса кітап табысталды

ҚҚДИ қызметкерлері ауыл кітапханасының қорына 100-ден астам ғылыми, көркем және публицистикалық, сондай-ақ балалар әдебиетіне қатысты еңбек жеткізді. Оның ішігде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақ тіліндегі гуманитарлық 100 жаңа оқулық» жобасы аясында қазақ тіліне аударылған әлемдік озық университеттердің гуманитарлық бағыттағы оқулықтары мен кітаптары да бар.

1

«ҚҚДИ «Рухани жаңғыру» және аймақтық жобалық кеңселері де «Ауылыма кітап» акциясына белсенді ат салысып жатыр. Бүгін біз әлемдік үздік кітаптардың қазақ тіліне аударылған нұсқасын Қабанбай ауылының жастары мен балаларына арнап табыстап жатырмыз. Ауылдық жерлердегі кітапхана қорының сапасы қалалық, республикалық мектептердегі қорлардан ерекшеленеді. «Ауылыма кітап» акциясы дәл осы түйіткілді мәселені шешуге бағытталған», деген «Рухани жаңғыру» ҚҚДИ Басқарма Төрағасының орынбасары Әсем Серікқазықызы барлық ынталы азаматты аталмыш акцияға қатысуға шақырды.

2

Мәлім болғандай ауылдық жерлердегі кітапхана қорын сапалы кітаптармен толықтыру мақсатында Отбасы күніне орай елімізде республикалық деңгейдегі «Ауылыма кітап» қайырымдылық акциясы басталған болатын. Бұл акция ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен ҚҚДИ «Рухани жаңғыру» Отбасы институтын зерттеу орталығы және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының әлеуетімен жүзеге асып жатыр.

«Кітап жинау және табыстау шаралары республикалық деңгейде барлық елді-мекенде тамыздың 16 мен қыркүйектің 20 аралығында өтеді. Акция барысындағы барлық ақпараттарды  #Ауылымакітап2021 хештегі арқылы таба аласыздар», деп хабарлады ведомство. 
3