
Украина премьер-министрі Николай Азаров шерушілерге күш қолданылатынын ескерткен еді. Бүгінгі мәліметтер бойынша, полиция мен ереуілшілердің арасында орын алған қақтығыстар кезінде қаза болғандар бар. Бұл туралы Azattyg.org хабарлады.
Украина премьер-министрі «егер арандатушылар Киевтегі әрекетін тоқтатпаса, шерушілерге қарсы күш қолданылады» деген ескерту жасаған еді.
Бұдан бұрын қақтығыс кезінде екі ереуілшінің қаза болғаны жөнінде ақпар таратылған еді. Кейіннен «Украинская правда» газеті 20-25 жас аралығындағы жас жігіттің қақтығыс кезінде алған жарақаттарынан ауруханада көз жұмғаны туралы жазды.
Ресейдің «Россия 24» телеарнасына сұхбат берген Азаров «Киевте өткен аптадан бері демонстранттар мен милиция жасақтарының қақтығысып жатқанына наразы» екенін айтқан. «Жауапкершілік жағдайды осынша ушықтырған оппозициялық партиялардың жетекшілеріне артылады. Алдағы бірнеше күнде олар бағыттарын айқындап алуы тиіс. Егер оппозиция бұзақылар мен экстремистерді, арандатушыларды қолдаса, онда солармен бірге екенін айтсын. Ал егер оларды қолдамайтын болса, онда үкіметпен бірлесіп, қала көшелерін арандатушылардан тазартуға кіріссін», – деді Азаров. Сондай-ақ ол арандатушылар өз әрекетін тоқтатпаған жағдайда, үкіметтің оларға қарсы күш қолданып, заң аясында азаматтарын қорғауға хақы бар екенін алға тартты.

21 қаңтарда Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Украинадағы жағдайдың «бақылаудан шығып бара жатқанына» алаңдаушылық білдіріп, Киевтегі шиеленістің созылып кеткеніне Украина оппозициясын айыптады.
Украина парламенті қабылдаған жаңа заң бойынша, рұқсат етілмеген жиын өткізгендерге салынатын айыппұл көлемі мен қамау мерзімі көбейді.
Азаров бейбіт жиын өткізуді шектейтін заңды «Еуропа заңнамаларының дәл көшірмесі» деп сипаттайды.
БҰҰ адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Нави Пиллэй Украина заңдары адам құқықтары жөніндегі халықаралық заңнамаларға сай келмейтінін айтқан. Ол заңдардың «азаматтардың ой-пікір еркіндігін, бейбіт жиын өткізу, ақпарат алу еркіндігін және азаматтық қоғамның еркін жұмыс істеу құқықтарын бұзады» деп, Украина билігін оларды жоюға шақырған.
Киевтегі жаңа заңға қарсы шыққан шерушілер мен полиция қақтығыстары түнде де толастамай тұр.
Украина президенті Виктор Янукович бұған дейін оппозиция жетекшілерін билікпен диалог құруға және ымыраласуға шақырған.
Айдар Өрібаев.
Дереккөз: Azattyg.org
Фото:Reuters.com