Аймақтар • 29 Тамыз, 2021

Жайбарақаттық пен жауапсыздықтың ауыр зардабы

606 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Екі жыл бұрын Арыста әскери қойма жарылғаны жадымызда. Енді, міне, Жамбыл облысындағы алапат жарылыстың салдарынан ай­дың-күннің аманында 13 бірдей азаматымыздан айырылып қалдық.

Жайбарақаттық пен жауапсыздықтың ауыр зардабы

Апаттың зардабы қандай?

Ел аман, жұрт тынышта бүкіл елдің үрейін алған апаттар осымен тоқтай ма? Неге елімізде әскери қоймалар жарыла береді? Арыстағы апаттан сабақ алмаған құзырлы органдар не дейді? Жамбылдағы жарылыс қасақана жасалуы мүмкін бе? Жарылғыш зат сақталғанын біле тұра, ол жаққа неліктен әскери қызметшілер мен өрт сөндірушілер жіберілді? Қайғылы оқиғадан қаза болған азаматтардың артында аңырап қалған ата-аналары мен отбасыларын не деп жұбатамыз? Көрер қызығы мен өмірі алда, тепсе темір үзетін жігіттердің ажалына кім жауапты?

Қайғыдан қан жұтып, көкірегі қарс айырылған қаралы қоғамның көкейіндегі сауалдар осындай...

Жамбыл облысының Байзақ ауданын­дағы 28349 әскери бөлімнің қойма­сынан 26 тамыз күні кешкі сағат 18.45-те өрт шығып, көп ұзамай жарылған. Сағат 19.00 шамасында басталған жарылыс бір тәулік өткеннен кейін ғана тоқтады. Әскери бөлімде барлығы 10 шақты жарылыс болған.

28349 әскери бөлім Алматы-Тараз темір жо­лының бойындағы Ақшолақ ауылы­нан шыға берістегі жанар-жағар май құю бекетінің маңында орналасқан. Әскери бөлім темір жолдың оң жағында, шамамен 300 метр қашықтықта бес бірдей ауылдың – Байзақ, Жібек жолы, Жаңа­тұрмыс, Үшбұлақ және Ақшолақтың қақ ортасында тұр. Өрт ошағына жақын жерде 3 елді мекен орналасқан. Олар – Жібек жолы кенті, Үшбұлақ стансасы және Ботамойнақ ауылы. Бұл елді мекендердегі халықтың жалпы саны шамамен 1 мыңнан асады. Ал өрт қойма ғимаратын толық шарпып, жойқын жарылыстар басталған кезде жарықшақтардың ұшу радиусы 2 шақырымға дейін жеткен. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қоймада сақталған 500 тонна тротил жарылып, 700 шаршы метр аумақты өрт шарпығанын мәлім­деген еді. Ол тіпті Тараздағы жары­лыстың күші Арыстағыдан жеті есе аз екенін де ашық айтқан болатын. Алайда...

Екі кештің ортасында болған жойқын жарылыстан қатты қорыққан ауыл тұр­ғын­­дары құжаттарын алмастан, бала-шаға­­ларын жетектеп, бассауғалап жан-жақ­қа қаша жөнелген. Көбі алғашында жа­қын маңдағы туысқандарының үйін па­налаған. Ал ТЖМ ресми өкілі Тал­ғат Уәли жарылыс болған күні 1200 тұрғын­ның уақытша мектеп пен колледж ғима­рат­тарына орналастырылғанын, оның 80-нен астамы бала екенін, жарақат алғандардың арасында балдырғандардың жоқ екенін мәлімдеді.

Осыдан екі жыл бұрын Қорғаныс министрлігі Арыстағы оқ-дәрілерді ауыл­дан шалғай жерге апарамыз деп ресми мәлімдеме жасаған болатын. Алайда ондағы оқ-дәрілердің барлығы Байзақ ауданының ауылдарына жақын жердегі әскери бөлімге әкелінген. Қорғаныс ми­нистр­л­ігінің сөзі мен ісі қабыспайтын та­ғы бір мәлімдемесі бар. Ол – министр Нұр­лан Ермекбаевтың осы оқиғаға бай­ланысты шұғыл өткізілген брифинг ба­­ры­сында «жарылған оқ-дәрінің бар­лы­ғы инженерлік болғандықтан, алыс­қа ұш­пайды» деген мәлімдесі еді. Ми­нистр­­л­ік­тің ресми мәлім­демесінде де «Ин­же­нер­лік оқ-дәрілер қой­масының ар­тил­­ле­риялық және реактивті оқ-дәрілер қой­ма­сынан айырмашылығы – онда снарядтар сақталмайды. Өрт пен жарылыс кезін­де олар қатты соққы толқынын, ауқым­ды жа­лын мен дыбыстық дүмпулер ту­ды­ра­ды. Алайда сонымен бірге оқ-дәрі­лердің ірі бөл­шектері, фрагменттері мен қал­дық­­тары жан-жаққа ұшқан жоқ», деп хабарланған еді.

Бірақ жарылыс салдарынан бірнеше үйдің шатыры ұшып, әйнектері сынып кеткенін әлеуметтік желіні шарлап кеткен түрлі бейнежазбалардан анық көруге болады. Жамбыл облысында жарылыс болған аумақты әскерилер қоршап, жолдарды жауып тастағанымен, оқиға орнынан түрлі бейнежазба, фотолар әлеуметтік желі мен мессенджерлерде тез тарап кетті. Апаттан ең көп зардап шеккен Қайнар ауы­лындағы үйлердің қабырғалары қа­қы­рап, төбелері опырылып ортасына түс­кен. Бизнес нысандары мен үйлердің қат­ты зақымданғанын тұрғындардың өз­дері де айтып, жан-жаққа таратып жат­ты. Жарылыстың жойқын күші маңа­йын­дағы қызмет көрсету кешендері мен жанар-жағар май бекетінің сау тамтығын қалдырмаған.

Осылайша Жамбыл облысындағы әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында болған жарылыстан зардап шеккендердің жалпы саны бүгінде 100-ге жетті. Қор­ғаныс министрі қаза болғандар мен ауыр жарақат алғандардың арасында қара­пайым ауыл тұрғындарының жоқ еке­нін айтқанымен, жарылыс кезінде бас-ми жарақатын алған елді мекеннің 28 тұр­ғыны ауруханаға жатқызылғаны бел­гілі болып отыр. Кейбірінің аяқ-қол­дары сынып, бет әлпеттері мен денелері жарақаттанған болса, жансақтау бөлімінде ауыр халде жатқан екі адамның денесінің 50-60 пайызын күйік шалған. Ауыр жағдайдағы науқастарға көмек көрсету үшін Алматыдан арнайы реаниматолог мамандар жеткізілген.

Қастандық па, салғырттық па?

Жамбылдағы жарылыс қасақана жасалуы мүмкін бе? Өрт шыққан қоймада 500 тоннадан астам тротил сақталғанын білген әскери сарапшылар «тротилді әдейі тұтатпаса, өздігінен жанбайды» дейді. Кеңес Одағы кезінен қалған әс­ке­ри қой­малар жарылғыш заттарды ұзақ уа­­қыт­қа сақтауға жарамайды. Ауған соғы­сының ардагерлері қайғылы жағдай кез кел­ген уақытта қайталануы мүмкін де­генді де ашына айтып отыр. Себебі, «Кеңес Одағынан қалған әскери қоймалар жарылғыш заттарды сақтауға жарамсыз» дейді ауған ардагерлері. Ал әскери мамандар оқ-дәрі және жарылғыш зат сақтайтын әскери қоймалар ауыл-аймақтардан кем дегенде 100 шақырым қашықтықта орналасуы керек екенін айтады.

Соғыс алаңынан әкелінген қару-жарақ пен оқ-дәрілердің барлығы белгілі бір уақыттан кейін утилизациядан өтуі керек екенін Ауған соғысының арда­гері, запастағы подполковник Талғат Ха­сенов те айтты. Жамбылдағы жарылыс ту­ра­лы ой-пікірін бүкпесіз жеткізген ауған ардагері «жарамсыз дегендердің бар­лы­ғының көзін жою қажет» дейді. «Кез кел­ген оқ-дәрі мен қаруды сақтаудың жарам­дылық мерзімі болады. Менің білуім­ше, олардың жарамдылық мерзімі 25 жыл. Осы уақыттан кейін әр оқтың, әрбір қарудың жарамдылық мерзімі аяқталады. Бұл мәселеге жүрдім-бардым қарамауымыз қажет. Өйткені әскери оқ-дәрі – баланың ойыншығы емес. Тіпті оны алып жүру, сақтау және жою кезінде заңда белгіленген белгілі бір ережелерді қатаң сақтау қажет. Кез келген әскери базада қоймада сақталатын оқ-дәрі мен қару-жараққа жауапты адамдар болады. Әскери қойма тікелей кімге бекітілген? Онда сақ­талып тұрған оқ-дәріге кімдер есеп жүр­гізеді? Осы сұрақтардың барлығының нақ­ты, әскери жауабы бар», деп ашына сөй­леген ол «еліміздегі әскери бөлімдерде болып жатқан қайғылы оқиғалардың бәріне – жайбарақаттығымыз, жауапты тұлғалардың жауапсыздығы кінәлі» еке­нін де жасырып қалмады. Запастағы полковник сөз арасында оқ-дәрілер мен қару-жарақтар сақталатын әскери қоймаларға ұдайы, тоқсан сайын кешенді тексеру жүргізілуі қажет екенін де еске салып: «Осы қажет пен керектің барлығы жасалды ма? Міне, бар мәселе осыдан туындайды», деген ойын ақтарып салды.

«Мұндай әскери қару-жарақ қойма­лары әрбір мемлекетте бар. Ең алдымен біз әскери қоймалардың – стратегиялық маңызы бар нысан екенін ескеруіміз қа­жет. Оған екінің бірі емін-еркін кіріп-шы­ға алмайды. Бұл – бір жағынан қару-жарақ пен оқ-дәрілердің стратегиялық қоры. Қазақстандағы әскери қоймалардың басым бөлігі ескірген, олардың дені өткен ға­сырдың 60-70-жылдары салынған. Ал он­да сақталатын оқ-дәрілердің көбі – Кеңес Одағы тарағаннан кейін қалған «қал­дықтар». Оның ішінде Ауғанстан жері­нен әкелінгендері де бар», деді Талғат Хасенов.

Ауған соғысының ардагері: «Әскери бөлімде әрбір іс-әрекет пен әр адамға жауапты, бекітілген тұлғалар болады. Олар қатардағы азаматтық тұлғалар емес қой?! Мәселен, қарапайым ауыл тұрғынын әскери қоймаға кіргізбейді. Оған заң бо­йынша, әскери тәртіп бойынша рұқсат жоқ. Демек, бұл қайғылы жағдайға жауапты тұлғалар, бекітілген әскерилер жауап береді деген сөз. Яғни тікелей құзыретті, Қорғаныс министрлігіндегі лауа­зым­ды адамдар жауап беруге тиіс», дей келіп, өткеннен сабақ ала алмаған салғырт­тығымызды сынап өтті.

«Арыстағы апаттан кейін біз, әсіресе, әскери қызметшілер, етек-жеңімізді жинап, сол қаралы оқиғадан қатаң сабақ алуымыз керек еді. Өкінішке қарай, осыдан екі жыл бұрынғы әскери бөлімде болған дүрбелең ешкімнің басына тимеген сияқты. Жамбылдағы жарылыста өзекті өртейтіні – ел аман, жұрт ты­нышта әскери қызметшілер мен өрт сөндіру­шілердің ажал құшқаны. Сап-сау, аман-есен жүрген азаматтардың мерт болуы жүректі ауыртады. Олар өлімге бара жатырмыз деп ойлаған жоқ. Бар-жоғы өртті сөндіреміз, міндетімізді атқарамыз деп апат ошағына жақын барды емес пе?! Қоймада бәленбай мың оқ-дәрі жатқанын біле тұра, ТЖМ өрт сөндірушілері мен әскери прокурор бастаған арнайы тексеру тобын неге ол жерге жақын жіберген? Осы сұрақ мені әскери адам ретінде қатты мазалайды. Төтеншеліктердің алапат өрт кезінде әуеден сөндіретін арнайы құрылғылары неге жұмылдырылмаған? Неліктен жап-жас жігіттердің бастарын қатерге тікті? Бұл былай қарағанда адамды ажалға айдаумен тең емес пе?

«Әскери қоймада жарылыс болғанда оншақты жігіт бірден ажал құшқан. Талай адам ауыр жарақат алды. Осының бәріне кім жауап беруі керек? Бейбіт күнде тағы азалы күн жарияладық. Марқұм болған­дарға билік пен құзырлы орган басшылары, жергілікті билік барлығы көңіл айтып, тиісті көмек көрсетіледі деп айтып жа­тыр. Мұның бәрі түсінікті, солай болуы керек те. Алайда қара жамылып қалған ша­ңы­рақтарға кім ардақты әкесін, аяулы бауырын, енді бірінің жалғыз ұлы мен арыстай аза­матын қайтарып бере­ді? Қаншама бала әке­сіз жетім қал­ды? Екі кештің ортасында жұ­мысына шақыр­тып алған жарынан қа­пы­да көз жазып қалам деп ойламаған жұ­бай­ларының көз жасы кімге? Осы қай­ғы-қасіреттің ауырт­палығын кімнен сұра­уы­мыз керек?». Сұрақ көп, жауап жоқ. Тек өзек өртер өкі­ніш, орны толмас қазалар бар... Ар­д­а­ге­р­­мен арадағы әңгімеміз осындай жан­ды тыр­нап түсер ауыр сұрақтармен аяқталды.

 Он жыл бұрынғы ескерту неге ескерусіз қалды?

Жарылғыш заттар әуелі Ауғанстаннан Арысқа, Арыстағы алапат апаттан кейін қалғандары Жамбыл облысының Бай­зақ ауданындағы әскери қоймаға жет­кізілген. Нақтырақ айтсақ, Қорғаныс министр­лігінің Арыс қаласындағы арсеналында КСРО әскерлері шығарылғаннан кейін Ауғанстаннан әкетілген миллион­даған оқ-дәрі мен снарядтар сақталған. Дәл осы мил­лиондаған оқ-дәрі орны толмас қай­ғы әкеледі деп генерал-майор Ержан Иса­құлов 2009 жылы Мәжіліс депутаты бо­лып тұрған кезінде ескерткен еді. Осы мә­лім­демеден кейін Арыста соңғы он жыл­дың ішінде 4 рет әскери қойма жарылып, соның салдарынан 10 адам қайтыс болған.

Айта кетейік, әскери бөлімдердегі жарылыс елімізде Арыс оқиғасы кезінде алғаш рет тіркелген жоқ. Тәуелсіз Қазақ­станның тарихында осымен сегізі­нші рет оқ-дәрі сақтайтын әскери бөлімдерден өрт шығып, қоймалар жарылып отыр. 2009 жылы Алматы облысындағы Қараойда да дәл осындай қайғылы жағдай тіркелді. Ол кезде апаттан бір адам мерт болса, 2013 жылы Отардағы апаттан жеті адам жарақаттанып, төртеуі сол жерде тіл тартпай кеткен еді.

Ал елімізде әскери қоймадағы алғашқы жарылыс 2001 жылы Балқаш қаласы ма­ңындағы Тоқырау елді мекенінде бол­ған. Қаладан 48 шақырым жерде орна­ласқан әскери қойма ол кезде бір апта бойы, соңғы жарылғыш зат тұтанғанша жалға­сып еді. Осы апаттың соңы сиыр­құ­йым­шақтанып, нақты себебі мен салдары сол күйі айтылмай кеткен-тін. Алайда Тоқыраудағы оқиғаның ауыр салдары араға төрт жыл салып ауыр қазамен қайта «жаңғырды». Естеріңізде болса, 2005 жылы 5 ақпанда Балқаш қаласында әр жерде шашылып жатқан снарядтарды теріп алып, темір-терсек өткізетін жерге апарып, кәдеге жаратамыз деген бес адам ажал құшты. Балқаш көлінің жағалауында орналасқан металл қабылдау пунктінде артиллериялық снарядтарды дәнекерлеуші құралмен кеспек болған кезде жарылыс болып, салдарынан сол жерде болған 17 және 43 жас аралығындағы бес адамның сау тамтығы қалмады. Осы қаралы оқиға бойынша арнайы құрылған комиссия құрамында Қорғаныс министрлігі мен Қапшағай қаласынан арнайы келген саперлер тобы жұмыс істеді. Әскерилер снарядтарды кесу кезінде қолданылатын газ баллоны жарылуы мүмкін десе, жергілікті мамандар жауынгерлік снарядтың өзі жарылғанына сенімді еді.

Сарапшылар Арыстағы жарылғыш зат түгел тұтанса, Жамбыл облысына де­йін же­тетінін осыдан екі жыл бұрын апат бол­ғанда ескерткен еді. Алайда Қор­ға­ныс министрлігі мен сол өңірдегі әс­кери бөлім басшыларына Арыстағы апат са­бақ бол­маған сыңайлы. Себебі, сол жағ­дайдан кейін арнайы тексеріс жүргізілді. Бірақ бұл тексерістің өзі шала-шарпы жүргі­зіл­­г­е­нін Жамбылдағы жарылыс көрсетіп отыр.

Сарыкемер оқ-дәрінің үстінде отыр ма?

Жамбылдағы қаралы оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде әртүрлі ақпа­рат қаптап кетті. Соның бірі – Aibat жаңа­лықтар қызметінің тілшісі Данияр Әлім­құлдың жарылыс болған әскери қоймаға жақын орналасқан Сарыкемер ауылынан таратқан бейнежазбасы. Одан Байзақ ауданының орталығы – Сарыкемер ауылын­дағы мейрамхананың ауласында ша­шылып, тау болып үйіліп жатқан снаря­д­қа ұқсас темір заттарды көруге болады. Снарядқа ұқсас темір зат мейрамха­на ауласында қайдан пайда болды? Бұл «темір­лер» кімге тиесілі? Қаупі қандай? Ел-жұртты алаңдатқан бейнежазба Aibat.кz-тің Instagram-дағы ресми парақшасында жарияланды. Іле-шала осы ақпаратқа қатысты Жамбыл облысының Полиция департаменті ресми жауап берді. Оның хабарлауынша, бейнежазбада көрсетілген заттар туралы ақпараттың барлығы 2021 жылдың 1 мау­сымында Байзақ ауданының полиция бөлiмiнде тiркелген екен. Сондай-ақ полиция және аудандық Ұлттық қауіп­сіздік комитетінің қызметкерлерi, арнайы мамандардың қатысуымен бұл жерлерге тексеру жұмыстары жүргізілген. «Тек­серіс нәтижесiнде бұл снарядқа ұқсас зат­тардың қалдықтары атуға немесе жара­қат келтіруге жарамсыз екендігі және олар­дың Арыс қаласынан жоюға әкелінгені анық­талған» дейді олар. Сөздеріне қарағанда, ауыл­дың қақ ортасында үйіліп жатқан снаряд­тардың еш қауіпсіз екенін тиісті құ­жат­тар толығымен растап беретін көрі­неді. «Бұл дерекке қатысты қылмыс құра­мы анықталмаған. Аталған қалдық зат­тар­дың қоғамға ешқандай қаупі жоқ екен­дігін xабарлаймыз» делінген ресми ақ­паратта. Бейнежазбаны көрген Жуа­лы аудандық мәслихатының хатшысы Ерға­ли Тілеубеков ондағы жайрап жатқан қару­лардың нағыз артиллериялық снаряд екенін айтады. «Менің байқауымша, бейнежазбадағы қарулар – 122 немесе 152 мм гаубица снарядтары. Гаубицада гильзасы оқ-дәрісімен, ал снаряды толтырылған тротилмен бөлек болады. Снарядтың басындағы жарылғыш құрылғыны бұрап алып тастауға болады, ал тротил қатты ысыса, жарылуы әбден мүмкін», деген ол мұн­дай қауіпті заттарды дереу алып кет­песе, тағы бір апаттың болуы мүмкін еке­нін ескертеді. «Снарядтарды тот бас­қан. Бұл қарудың дұрыс сақталмағанын аңғар­тады. Тот басқан қару өте қауіпті. Ашық аспан астында жатқан мұндай қару кез кел­ген уақытта жарылып кетуі мүмкін. Сон­дықтан тез арада көзін құрту керек. Мұн­дай оқ-дәрілер арнайы комиссияның ше­ші­мімен жарамсыз деп танылып, әске­ри сараптама қорытындысымен есептен шығарылады. Оның өзінде әскери жасақ арнайы дайындалған жерде қатаң бақылауда жоюы шарт. Екінші немесе үшінші қолға беруге қатаң тыйым салынады. Негізі, бұл заттар арнайы зауыттарда тіке­лей мамандардың қатысуымен металл есе­бінде қайта балқытылуы керек. Мұндай қауіп­ті темірлерді ашық тасымалдауға, тіп­ті азаматтық ғимараттарда сақтамақ тү­гіл, жақындатуға болмайды» деген ол жа­рыл­ғыш заттарға қатысы бар әскери ше­неу­­ніктердің снарядтарды таныс-тамыр­­ларына немесе арзан бағаға екінші бір адам­дарға сатып жібергеніне де күмән келтірмейді.

Сарыкемерде шашылып жатқан снаряд­тардың бірі оқыстан жарылып, Балқаштағы қайғылы оқиғаның қайталан­басына ешкім кепілдік бере алмайды.

Отқа оранған он үш оғлан

Ең өкініштісі, алапат жалынды ауыздықтаймыз деп жүргенде атпалдай азаматтарымыздан айырылып қалдық. Жантүршігерлік жойқын жарылыста қаза болғандардың дені – келісімшартпен жұмыс істеген, әскери бөлімше, әске­ри күзет және әскери прокуратура қызмет­керлері мен өрт сөндірушілер. ТЖМ-нің мәліметтері бойынша, жарылыс кезінде 50-ге жуық өрт сөндіруші түрлі дәрежеде дене жарақатын алған. Жарылыстан 13 адам қаза тауып, 98 адам жарақаттанған. Сондай-ақ қазіргі таңда тағы үш адамның жеке бас мағлұматтары анықталып, жоғалған үш адам іздестірілу үстінде.

Марқұмдардың ең жасы 29-да болса, алды алпысты алқымдап қалған. Өртті өз күштерімен сөндіруге тырысқан әскери қызметшілер жарылыс болған кезде ауыр жарақат алып, жойқын күштен бірнеше метр жерге ұшып кеткен. «Ішінде алапат жарылыс жасайтын қару мен оқ-дәрілер барын біле тұра, әскери қызметшілер мен өрт сөндірушілер апат ошағына неге тым жақын барған?» деген сұрағымызға әскери журналист Сәдуақас Жұбатов: «Әскери адам қатерге барады, елі үшін оққа да, отқа да кіреді. Әскери бұйрық деген бар... », деп жауап берді.

Бас прокуратураның баспасөз қызметі әскери бөлімдегі жарылыс кезінде көз жұмған Оңтүстік өңірінің әскери прокуроры Арман Қапезовпен бірге тағы алты прокуратура қызметкері болғанын хабарлады. «2021 жылдың 26 тамызында Жамбыл облысы, Байзақ ауданы Қайнар ауылының маңындағы әскери бөлімнен өрт шыққаны туралы ақпарат алып, жеті адамнан тұратын прокурорлар тобы мемлекеттік органдардың іс-қимылын үйлестіру және тұрғындарға қауіптілік деңгейін анықтау мақсатымен оқиға орнына барған. Оқиға орнында болған сәтте оқ-дәрілер жарылған, салдарынан Байзақ ауданы және Оңтүстік өңір әскери прокуратурасының алты қызметкері түрлі дене жарақатын алды, біреуі қайтыс болды», делінген хабарламада. «Қызметтік борышын орындау кезінде өз өмірін қатерге тіге отырып, әріптестеріміз ерлік пен батылдық танытты және антқа адал офи­ц­ердің үлгісін көрсетті», деп мәлім­деді ведомство. Прокуратура органдарында 20 жылдан астам жұмыс істеген марқұм Арман Қапезовтің артында төрт баласы қалды. Ал 27 тамыз оның туған күні еді...

Өрт орнына алғаш болып барғандардың бірі – өрт сөндіру қызметінің полковнигі Мейіржан Айманов еді. Бес бала әкесіз қалды...

Күні кеше Ерназар ауылының тұрғын­дары Тәңірберген Төребековті ақтық сапарға шығарып салды. Тараздағы жарылыста қаза тапқан өрт сөндіруші қырыққа енді ғана толған. Артында аяғы ауыр келіншегі мен 3 баласы қалды...

Елдос Сандыбаев – әскери қоймадағы өртті өмірімен өшірген азаматтың бірі. Өрт сөндірушінің денесі 27 тамыз күні таңертең табылған. Марқұмның артында төрт жасар қызы, екі жасар ұлы қалды...

Ал қыршыннан қиылған Әділет Әлди­беков бір үйдің жалғыз баласы еді...

Қаралы тізімде отқа оранған он үш азаматтың аты-жөні бар.

 

ТҮЙІН. Жамбыл облысының Байзақ ауданында оқ-дәрілер қоймасындағы өрт пен жарылыстардың салдарынан адамдардың қазаға ұшырауына байланысты елімізде Жалпыұлттық аза тұту жарияланды. Бұл – тәуелсіздік тарихында жарияланып отырған оныншы аза тұту. Бейбіт заманда қара жамылып, қайғы шеккен халықта бір ғана сұрақ бар. Арыстағы қасіреттен неге сабақ алмадық? Жамбылдағы жарылыс – әскери саладағы жемқорлық пен жауапсыздықтың жарылысы емес пе?