Әуелі дабыл белгісі бойынша облыстық Полиция департаментінің 300 адамнан тұратын жеке құрамы мен 5513 әскери бөлімінің 520 адамдық жеке құрамы жұмысқа кірісті. Сол күні оқиға орнына 30 топтан тұратын жедел жәрдем бригадасының және облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жіберілді. Сонымен қатар бейсенбі күні апат болған жерге баратын барлық жол мен темір жол уақытша жабылып, жақын маңда орналасқан Базарбай, Үш-Бұлақ және Жаңатұрмыс ауылдарындағы тұрғындар да оқшауланды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысындағы оқыс оқиғаға шұғыл назар аударып, орын алған төтенше жағдайдың салдарын жою үшін ведомствоаралық мемлекеттік комиссия құруды, қаза болған азаматтардың отбасын әлеуметтік қорғау және зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету үшін барлық қажетті шараны қабылдауды және төтенше оқиға салдарынан жарақат алған азаматтарға жан-жақты медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыруды тапсырған болатын.
Президент тапсырмасымен құрылған Байзақ ауданындағы оқ-дәрі қоймасында орын алған өрт пен жарылыс салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия Жамбыл облысына арнайы келіп, оқиға орнына барды. Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, Ішкі істер министрінің орынбасары Мұрат Баймұқашев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бірінші орынбасары Қайырбек Өскенбаев және басқа да орталық мемлекеттік органдардың басшылары зардап шеккен нысандармен танысты. Өрт салдарын жою жөніндегі жұмыстардың барысын көріп, жараланған әскерилермен және өрт сөндірушілермен, сондай-ақ жергілікті тұрғындармен кездесті.
Роман Скляр жедел штаб отырысын өткізіп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді. Аталған комиссияның алдында болған өрт пен жарылыс салдарын жою, зақымдалған инфрақұрылымды қалпына келтіру, сондай-ақ зардап шеккендерге әлеуметтік қолдау, медициналық көмек шараларын көрсету бойынша міндеттер қойылды. Осы орайда, барлық зардап шеккендерге көмек көрсетілетіні, бірінші кезекте тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік және инфрақұрылымдық нысандардың қалпына келтірілетіні айтылды.
Сондай-ақ Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингке қатысып, Байзақ ауданында болған жарылыс зардаптарын жою, келтірілген шығындарды анықтау және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біз жедел штаб құрдық. Оған барлық тиісті органдардың өкілдері енді. Қорғаныс және Төтенше жағдай министрі, Ішкі істер министрінің орынбасарымен бірге тәулік бойы оқиға орнында жұмыс атқарып жатырмыз. Зардаптарды жою, келген шығындарды анықтау бойынша шаралар атқарылуда. Жарылыс болған жерге жақын орналасқан 3 елді мекен бар. Оның ең жақыны – 1 шақырым жерде орналасқан Қайнар ауылы. Қалған екеуі – 5 шақырым қашықтықта. Осы елді мекендердегі азаматтардың барлығы басқа жерлерге, яғни біз дайындаған 10 мектеп пен 5 колледждің жатақханаларына орналастырылды. Қазіргі таңда 227 адам сонда қалып отыр. Басым бөлігі өздерінің ағайын-туыстарына кетті. Болған жағдайды қалпына келтіру үшін 1000-нан астам адам, 120-ға жуық техника тартылды», деді Бердібек Сапарбаев. Сондай-ақ оқиғаға орай, 30-дан аса жедел жәрдем көлігі жұмылдырылған. Барлығы 88 адамға медициналық көмек көрсетілсе, жеңіл жарақат алған 60 адам үйлеріне қайтарылған. Қазіргі таңда №1 Тараз қалалық ауруханасында 28 адам ем алуда.
Өңірге келген Үкіметтік комиссия мүшелері жараланған азаматтармен де, эвакуацияланған тұрғындармен де кездесті. Комиссия мүшелері науқастар үшін дәрі-дәрмек жөнінде ешқандай мәселе жоқ екенін жеткізді.
Өкінішке қарай, еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, аталған министрліктің 50-ге жуық қызметкері түрлі дәрежеде дене жарақатын алған. Жарылыстан жалпы саны 13 адам қаза тауып, 98 адам жарақаттанған. Жоғалғандарды іздестіру жұмыстары жалғасуда.
Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев пен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Байзақ ауданында болған жарылыс салдарынан қаза тапқан әскерилер мен өрт сөндірушілердің отбасыларына барып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан қаралы үйлердің қайғыларына ортақтасып, көңіл айтты. Үкіметтік комиссия мүшелері марқұмдардың қызметтік міндеттерін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқанын айрықша атап өтіп, олардың отбасыларына мемлекет тарапынан тиісті барлық көмек көрсетілетінін жеткізді.
Оқиға орын алған күні Жамбыл облысының аумағына кіруге және шығуға тыйым салынған болатын. «Алматы – Тараз» бағытындағы жолды облыстық жол полициясының 3 экипажы және «Тараз – Алматы» жолын 5 экипажы уақытша жауып тастаған еді. Алғашқы кезде №1 Тараз қалалық ауруханасына түрлі жарақатпен 32 адам түскен. Оқиға бойынша өңірдің төтенше жағдайлар, құқық қорғау және медицина саласының өкілдері барынша жұмылдырылды. Белгілі болғанындай, кейіннен жарақат алғандар мен қайтыс болғандардың саны артқан. Бүгінде Жамбыл облысының әкімдігі темір жолдың барлығы тазартылған соң, қайта тексеріліп, шешім қабылданатынын мәлімдеді. Ал жалпы көліктерге байланысты қазір айналма жол ұйымдастырылған. Жалпы, өңірдегі жағдай тұрақты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес төтенше оқиға салдарынан зардап шеккен барлық азаматқа көмек көрсетілетін болады.
«Зардап шеккен азаматтардың арасында мүмкіндігі шектеулі және тағы да басқа азаматтар болса, заңға сәйкес көмек көрсетіледі. Зардап шеккен үйлер мен нысандарға келетін болсақ, мамандар 3 елді мекенді аралап шықты. Онда өртенген үйлер, басқа да нысандар тіркелмеген. Тек шатырлар, терезелер, есіктер зақымданған. Біз арнайы комиссия құрдық. Қазір олар зерделеу жұмыстарын жүргізуде. Барлық үйді, нысанды зерделейміз. Заңға сәйкес шешім қабылдайтын боламыз», дейді Бердібек Сапарбаев.
Жамбыл облысы