Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Еуропа Қайта құру және даму банкінің президенті Сума Чакрабартимен кездесті, деп хабарлады Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі.


Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Еуропа Қайта құру және даму банкінің президенті Сума Чакрабартимен кездесті, деп хабарлады Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі.
Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форум аясында өткен әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы мен Еуропа Қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) президенті банктің отандық және шетелдік инвестицияға көмек көрсетуінің негізгі тетіктерін талқылады.
Тараптар инфрақұрылымдарды дамытуға бағытталған бірқатар перспективалық жобаны, атап айтқанда, Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы құрылысын қаржыландыруға қатысу жайын қарастырды.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен ЕҚДБ арасындағы ынтымақтастықтың деңгейі жоғары екенін, сондай-ақ, банктің түрлі салаларға инвестиция салу арқылы еліміздің экономикасын дамытуға қосқан елеулі үлесін атап өтті. Мемлекет басшысы республиканың шағын және орта бизнесіне қолдау көрсету жұмысын жалғастыруға шақырды.
С.Чакрабарти өз кезегінде ынтымақтастықтың табысты дамып келе жатқаны туралы пікірін білдіре келе, өткен жылдың қорытындысында Қазақстан бойынша жобалар пакеті 450-500 миллион доллар көлемінде болғанын атап өтті.
ЕҚДБ басшысы банктің елімізге бөлінетін қаржы көлемін арттыруға мүдделі екендігінен хабардар етті. Бұған қоса, С.Чакрабарти ЕҚДБ-ның «жасыл экономика» саласындағы белсенді жұмысына назар аударды, ол ұйым жобаларының 50%-дан астамын қамтиды.
БІРЛЕСІП ІЗДЕГЕННІҢ ҰТАРЫ КӨП
Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Арселор Миттал» компаниясының басқарма төрағасы Лакшми Митталмен кездесті, деп хабарлады Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі.

Кездесу кезінде компанияның Қазақстандағы қазіргі қызметінің мәселелері талқыланды.
Нұрсұлтан Назарбаев пен Лакшми Миттал компанияның еліміздегі металлургия саласын дамытуға қатысуы, комбинаттың Теміртаудағы қызметі, сондай-ақ, түрлі инвестициялық және әлеуметтік жобалардың іске асырылуының аспектілерін қарастырды.
Компанияның Қазақстандағы кәсіпорындарының жұмысына, соның ішінде өндіріс көлемінің төмендеуі мен жұмысшылар санының қысқаруына байланысты бірқатар проблемалық мәселелер сөз болды.
Мемлекет басшысы бұл мәселелерді қарастырып, оларды шешу жолдарын Қазақстан Үкіметімен бірлесіп іздеу қажеттігін атап өтті.
ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНҒАН КЕЗДЕСУ
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ұлыбританияның экс-Премьер-министрі Тони Блэрмен кездесті, деп хабарлады Мемлекет басшысының баспасөз қызметі.

Кездесу барысында халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев пен Тони Блэр «Қазақстан-2050» Стратегиясының негізгі аспектілеріне тоқталып, оны тиімді іске асырудың басты бағыттарын қарастырды.
Нұрсұлтан Назарбаев Стратегияның басты мақсаты Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіруі екенін, оның күш-жігер мен ресурстарды барынша жұмылдыруды қажет ететінін атап өтті. Бұл ретте тиісті сарапшылық-консультативтік кеңестің қызметі елеулі септігін тигізе алады.
-----------------------------------------
Суреттерді түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.