24 Қаңтар, 2014

Мәңгілік Елдің мәңгілік фольклоры

570 рет
көрсетілді
36 мин
оқу үшін

 

01-бабалар1Жүз томдық «Бабалар сөзін» жарыққа шығару аяқталды

 

Қалай дегенде де елдің елдігін, ұлттың ұлттығын танытатын басты белгі – өзінің төл мәдениеті. Қай мемлекетте де қадірлі қонақтар, шетелдік туристер сол елмен танысқанда оның зауытына, фабрикасына бармайды, музейлеріне, концерт залдарына барады, бұл елдің қандай байлары болған, қазір қандай бизнесмендері бар демейді, қандай ұлы жазушылары, ақындары, композиторлары, суретшілері болған, қазіргі мәдениетінде әлем таныған қандай тұлғалары бар дейді. Өйткені, халықтың жаны мәдениетінен танылады. Сондықтан да Елбасының елдің ұлы мұраттарын белгілеген Жолдауындағы «Жалпықазақстандық мәдениетті дамытуға жаңаша серпін берген жөн. Мәдени саясаттың ұзақмерзімді тұжырымдамасын әзірлеу қажет» деген сөздер әр қазақтың жанына жаққаны анық. Бұлай етуге бізде берік негіз де бар. Кезінде, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Қоғамдық кеңес отырысында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Академик Сейіт Асқарұлы Қасқабасов басқаратын «Бабалар сөзі» сериясымен шыққан кітаптар да қазақ халқының аса бай ауыз әдебиеті мұрасын жинақтап, ұрпақ қолына табыстауда үлкен рөл атқаратын жоба деп білемін. Ендеше, осы бағытта алған қарқынды жоғалтпай алға баса берген абзал» деген болатын. Президент бастамасымен қолға алынған сол аса ауқымды, бірегей жоба таяуда межеге жетті – қазақ фольклорының 100 томының басын қосқан «Бабалар сөзі» кітап сериясын шығару аяқталды. Мемлекет мерейін арттыратын орасан мәнді оқиғаға орай біз осы жобаның жетекшісі, академик Сейіт ҚАСҚАБАСОВҚА жолығып, әңгімелескен болатынбыз.

 

01-11Жүз томдық «Бабалар сөзін» жарыққа шығару аяқталды

Қалай дегенде де елдің елдігін, ұлттың ұлттығын танытатын басты белгі – өзінің төл мәдениеті. Қай мемлекетте де қадірлі қонақтар, шетелдік туристер сол елмен танысқанда оның зауытына, фабрикасына бармайды, музейлеріне, концерт залдарына барады, бұл елдің қандай байлары болған, қазір қандай бизнесмендері бар демейді, қандай ұлы жазушылары, ақындары, композиторлары, суретшілері болған, қазіргі мәдениетінде әлем таныған қандай тұлғалары бар дейді. Өйткені, халықтың жаны мәдениетінен танылады. Сондықтан да Елбасының елдің ұлы мұраттарын белгілеген Жолдауындағы «Жалпықазақстандық мәдениетті дамытуға жаңаша серпін берген жөн. Мәдени саясаттың ұзақмерзімді тұжырымдамасын әзірлеу қажет» деген сөздер әр қазақтың жанына жаққаны анық. Бұлай етуге бізде берік негіз де бар. Кезінде, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Қоғамдық кеңес отырысында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Академик Сейіт Асқарұлы Қасқабасов басқаратын «Бабалар сөзі» сериясымен шыққан кітаптар да қазақ халқының аса бай ауыз әдебиеті мұрасын жинақтап, ұрпақ қолына табыстауда үлкен рөл атқаратын жоба деп білемін. Ендеше, осы бағытта алған қарқынды жоғалтпай алға баса берген абзал» деген болатын. Президент бастамасымен қолға алынған сол аса ауқымды, бірегей жоба таяуда межеге жетті – қазақ фольклорының 100 томының басын қосқан «Бабалар сөзі» кітап сериясын шығару аяқталды. Мемлекет мерейін арттыратын орасан мәнді оқиғаға орай біз осы жобаның жетекшісі, академик Сейіт ҚАСҚАБАСОВҚА жолығып, әңгімелескен болатынбыз.

– Құрметті Сейіт Асқарұлы, «Бабалар сөзінің» бірінші томынан жүзінші томына дейін өз қолынан атқарған адам ретінде осы жоба жөнінде жан-жақты әңгімелеп беруді сұрағалы отыр­мын. Жақында біздің газе­ті­мізде Мәжіліс депутаты Алдан Смайылдың Үкімет басшысы Серік Ахметовтің атына жол­даған сауалы жарияланды. Онда халық қалаулысы «Дүние дидарында фольклоры жүз томды құрайтын басқа ұлт бар болса бар да шығар, бірақ фольклорын жүз томға жинап, бастырып шығарған әлемдегі жалғыз ұлт – қазақ екені анық» деген ойды қадап айтқан, Премьер-Министрдің назарын осы оқи­ғаға орай елдің ішінде де, сыртында да насихат жұмысын лайықты жүргізу қажеттігіне аударған. Алдымен осы жайдың басын ашып алайықшы. Сіз­бен әңгімеге дайындалғанда не­ше түрлі ғылыми әдебиетті де қарадым, Интернетті де қаз­балаудай қазбаладым. Фолькло­рын жүз томға жинап бастырған бізден басқа халық шынында да қазірше жоқ екен. Ал жалпы фольклоры жүз томды құрайтын халықтар бар ма өзі?

– Фольклорсыз халық болмайды. Folk деген сөздің өзі халық деген мағына береді ғой. Ал lore – білім, даналық. Сонда фольклор – халық даналығы болып шығады. Мысалы, немістің «Фольксвагені» «халықтық автомобиль» дегенді білдіреді. Олардың «Фольк унд Вельт» («Халық және әлем») деген баспасы да болатын. Кезінде Әбіш Кекілбаевтың немісше қос томдығы сол баспадан шыққан. Әрине, сан түрлі себептерге байланысты фольклордың ауқымы мен сипаты бірдей емес. Еуропа мен Америка елдерінде фольклор дәл біздікіндей табиғи сипатын сақтай алмаған және біздікіндей түрге де бай емес. ТМД аумағындағы, әсіресе, түркі-моңғол тектес жұртта фольклор мол және жақсы сақталған, бірақ олардың дәл мөлшерін айту қиын. Соның өзінде де қазақ фольклоры әлем мәдениетіндегі бірегей құбылыс деп сеніммен айта аламыз. Бабаларымыз бар байлығын жүрекке жинап, бар ақылын, бар дарынын, бар талантын, бар зергерлігін алдымен тілге салған ғой. Жалпы, әлемдегі бірде-бір халықтың фольклоры біз сияқты біртұтас серия болып, 100 том көлемінде жарық көрмегені анық деген Алдан Смайылдың сөзі дәл. Орыс фольклоры 25 томға жоспарланған, бірақ әлі басылған жоқ. Ресей ғылым академиясы барлық Сібір халықтарының фольклорын 1980 жылдардан бастап шығара бастады, қазір 70 шақты томы жарық көрді.

01-бабалар1

– Бұл Сібірдегі ірілі-ұсақ­ты халықтардың бәрінің фоль­клоры ғой. Саханың, буряттың, хакастың, туваның деген сияқты.

– Солай.

– Ал біздікі бір халықтың қазынасы. Оны аз уақыттың ішінде, 10 жыл көлемінде ғылыми негізде, бір үлгімен, бір пішіммен, көркем дизайнмен жариялап үлгердік. Сөйтіп, халқымыздың фольклорлық мұрасының қаншалықты бай, қаншалықты алуан түрлі екенін әлемге паш етіп отырмыз.

– Фольклор байлығы – мәдениет байлығының басты белгісі. Қай халық болса да, өзінің өміріне, тұрмыс-тіршілігіне, пайым-түсінігіне сай мәдениет жасайды.

Мәдениеттің материалдық та, рухани да түрі елдің қоғамдық дамуына байланысты дамып, өзгеріп, жаңарып отырады. Қазақ жұрты да өзінің ұзақ тарихында кезең-кезеңге сәйкес мәдениет жасап отырған. Бұрынғы сақ, ғұн, үйсін, түрік бабаларымыздан бастап, бүгінгі ұлтымыздың мәдениетіне шолу жасап, алуан түрлі мұрамыз және қазіргі заманға лайық түрлері көп мәдениетіміз бар екеніне көз жеткіземіз. Әсіресе, өмір салтының ерекшелігіне байланыс­ты рухани мәдениетіміз өзіндік сипатта болған. Ол ауызша туындап, ауызша орындалып, ауызша тараған. Сөйтіп, атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып, бір дәуірден екінші дәуірге көшіп отырған. Жай ғана көшіп қоймаған, әр дәуір сайын толысып, толығып, жетіле түскен, үнемі даму, баю үстінде болған. Мұндай ескі мен жаңаның біртұтастыққа айналған қадамы, бір жағынан, алғашқы нұсқада сақталса, екінші жағынан, өзгеріске жаңғыра ұшыраған, үшінші жағынан, жаңа мәдениеттің негізін қалаған әрі оның ажырамас бөлігіне айналған. Демек, әр уақытта рухани мәдениеттің өз ішінде күрделі үдеріс жүріп жатқан, сондықтан кей тұстарда мәдениет қоғам дамуынан озып, кейде кейін қалып отырған. Өкінішке қарай, рухани мәдениеттің дамуындағы осы заңдылық кеңес өкіметі кезінде есепке алынбай, мәдениет біржақты қаралып, таптық тұрғыдан ғана бағаланды. Сол себепті рухани мұра үстем таптікі және кедей таптікі деп, жасанды түрде екіге бөлінді де, оның біраз бөлігі жиналмай да, жарияланбай да қалды. Енді тәуелсіздіктің арқасында осы олқылықты жойып, халқымыздың мол мұрасын, фольклорын, дәстүрі мен салттарын және санғасырлық әдебиетін бөле-жармай зерделеу мүмкіндігі туды.

– Ал енді «Бабалар сөзінің» қалай дүниеге келгенін әңгімелесеңіз.

– Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев халыққа 2003 жылғы Жолдауында «Халықтың мол мұрасын, соның ішінде осы заманғы мәдениетін, фольклорын, дәстүрлері мен салттарын зерделеудің біртұтас жүйесін жасау» қажет деп атап көрсеткен болатын. Ойланып көрші – 2003 жылы! Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге, өзіміздің жаңа мемлекетімізді құра бастағанымызға 12 жыл ғана толған болатын. Қазақша айтқанда, бір мүшелден де шыға қоймаған кезіміз. Жас еліміз әлі экономикалық жағынан төрт аяғына тік тұра қойған жоқ-ты. Шешілуін кү­­тіп тұрған проблемалар шаш етектен еді. Соған қарамастан Президент «Мә­дени мұра» атты стратегиялық мәні бар бағдарлама жасатып, ұлтымыздың өзін­дік болашағын сақтау үшін мәдени-тарихи, рухани мұрамызды жинау, жария­лау және зерттеу керек екенін ай­рықша сезініп, қамқорлық көрсетті. Мем­лекет басшысының ұлттың рухани мұрасына мұншалықты көңіл бөлуі, ме­нің білуімше, ешбір елде болмаған жайт.

«Бабалар сөзі» атты серия Президент­тің Жолдауда айтқан осы тапсырмасын орындау мақсатында дүниеге келді. Біз бабаларымыздан жеткен асыл мұраны келер ұрпақтарға аман-есен аманат етіп беру жөніндегі Елбасы тапсырмасын орындауды тарих пен халық алдындағы ғалымдық әрі азаматтық парызымыз деп білдік.

– Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауында Президент Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетіміздің дамуындағы жаңа кезеңге сай мәде­­ниет саясатының ұзақмерзімді Тұжы­­рымдамасын жасау қажеттігін атап айтты. Бұл тапсырма нені білдіреді?

– Мәдениетке үлкен саяси және тарихи мән беріліп отырғанын білдіреді. Мәдениет саласындағы мемлекеттік саясаттың жаңа кезеңі, бетбұрыс дәуірі басталғанын білдіреді. Енді Тәуелсіздіктің жиырма екі жылында қол жеткен табыстарымызға сүйене отырып, заманауи Тұжырымдама жасалатыны күмәнсіз. Ол, сөз жоқ, халықтың рухани мұрасын жаңаша пайдалануға, оны креативті түрде дамытып, қоғам қажетіне, оның талабына жауап беретін мәдениет жасауға қызмет етері хақ. Осы тұрғыдан келгенде, «Бабалар сөзі» мәдениет қайраткерлеріне зор шығармашылық тірек бола алады, драматургтер, прозашылар, ақындар, режиссерлер үшін ол – нағыз қазына, таптырмас дерек, ескірмес мұра, сарқылмас кәусар бұлақ. «Бабалар сөзінің» сюжеттері мен тақырыптары, сарындары мен кейіпкерлері талай көркем шығармаға негіз болары даусыз.

– Бұл серияның қазақ тілінің қорына қаншама тың сөз, жаңа ұғым­дар қосқанын, қосатынын айтсаңыз арнайы сұхбат беруге тура келеді деп ойлаймын. «Бабалар сөзі» арқылы қазақ тілінің 15 томдық түсіндірме сөздігіне жүздеген сөздер, олардың уақыт сынынан өткен қолдану үлгі­лері қосылды.

– Демек, «Бабалар сөзі» мәдени ғана емес, әрі саяси, әрі тарихи мәнге ие мирас және бүгінгі де, келешектегі де мәдениеттің ажырамас бөлігі. Сондықтан оған жай ғана «фольклордың жинағы» деп қарауға әсте болмайды. Ондағы шы­ғармалар қазақ халқымен, оның бабаларымен жүздеген жылдар бірге жасап келсе, енді олар бір серияда топтас­тырылып, 100 том болып жиналып, ұлты­мыздың бүгінгі де, ертеңгі де, тіпті болашақтағы да ұрпақтарымен мәңгі өмір сүреді. Сөйтіп, «Мәңгілік Елмен» бірге «Мәңгілік тіл» сияқты «Мәңгілік фольклор» да болады.

– Мәңгілік болатыны оны қо­ғам әрқашан қажетсінеді дейсіз ғой? Солай ма?

– Солай. Мұның басты себептерінің бірі – фольклорда әр заманғы өмір шындығының көрінісі бар, онда әр дәуірде ғұмыр кешкен бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігінің, дүниетанымының, салт-санасының, діни нанымдары мен ұғым­дарының, әдет-ғұрыптарының алуан­ түрі бой көрсетеді. Олай болса, бүгін­гі заманғы зерттеушілер фольклордан осы­дан бірнеше мың жыл бұрын ғұмыр кеш­кен бабаларымыздың өмір салтын, мә­дениетін, дүниеге көзқарасын, дінін зер­делеп, біліп-тануына мүмкіндік алады.

– «Бабалар сөзі» «Мәдени мұра» атты бағдарлама аясында жасалды ғой. Жалпы, жалғыз «Бабалар сөзі» емес, бүкіл мәдениетті қамтыған бағдарлама не үшін керек болды деп ойлайсыз?

– Оның себептері көп. Мен гумани­тар болған себепті ең негізгі деп есептейтін бір-екі себебін айтайын. Бұл бағдарлама Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке бастамасымен өмірге келіп, қадағалауымен жүзеге асырылды. Оны барша жұрт біледі. Тағы да айтамын: Мемлекет басшысының өзі халықтың мәдени мұрасына мұншалықты көңіл бөліп, мән беруі – арғы-бергі тарихта сирек құбылыс. Осының өзі мәдени мұраның мемлекетіміз бен халқымыз үшін қаншалықты маңызды екенін айғақтайды. Өйткені, жалпы тарихқа көз салсақ, отарлықтан құтылған елдердің көбі өзінің мемлекетін жаңадан құру барысында алғашқы 20-25 жылында халықты бодандық санадан құтқаруға күш салатын, ол үшін тарихқа, мәдени мұраға айрықша мән беретін тәрізді. Отарлықтың зардабын біз көрудей көрдік. «Сендер көшпелі елсіңдер, ешқандай мәдениет жасаған жоқсыңдар, өз жазуларың мен әдебиеттерің болған емес, адамзат өркениетіне ешқандай үлес қосқан жоқсыңдар. Жазуды-сызуды біз үйреттік, бізге дейін сендерде тарих та, өнер де болған емес, бәрі Ресейдің, кеңес өкіметінің арқасы» деген сияқты қағидалар ресми мемлекеттік саясат болды да, орасан пәрменді үгіт-насихат жүргізіліп, адамдардың санасына ықпал етілді, адамдардың ойы, пікірі қатаң қадағалау астында болды. Мұның бәрі өз «жемісін» берді де, халқымыздың біраз бөлігі сол үгіт-насихатқа иланды, ұлтсыздануға бой алдырды. Міне, осының бәрін бұзып, нақты дәлелдермен жоққа шығару, сөйтіп, тарихи әділеттілікті орнату қажеттігі туындады.

«Бабалар сөзінде» жарияланған мұ­ра­лардан әр ұрпақ өзіне рухани азық таба алады. Мәдениет қанша жаң­ғы­рып, жаңарғанымен, өзгергенімен қоғам өмірімен тығыз байланыста болады. Ол қайта жырланып, жаңаша пайда­ла­­нылуы мүмкін, бірақ бәрібір қоғам ру­­­­ханиятының темірқазығы болып сақ­­­­­­тала да, қызмет ете де береді. Жа­һан­­­­­­дану кезінде туған мәдениеттің өзі де фоль­к­лорға арқа сүйейтінін көріп жүрміз.

– Табылған, жарияланған мұралар қазірдің өзінде қандай нәтиже беруде дей аламыз?

– Тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері біздің рухани өмірімізде күрделі де қайшылықты үдеріс жүріп жатыр. Бір жағынан, кеңес жылдары репрессияға ұшыраған ақын-жазушыларымыздың шығармалары жарыққа шығып, мәдени, әдеби-эстетикалық ой-өрісімізді кеңейтіп, елдің рухын көтеруге айтарлықтай үлес қосты. Екінші жағынан, компартия мен кеңес мемлекетінің ымырасыз атеистік және отарлық саясатының кесірінен тыйым салынып, ұмыт болған тарихи-мәдени құндылықтарымыз халыққа қайта оралып, жұрттың тарихи санасын оятты, имандылық шарттарына ұмтылдырды. Үшінші жағынан, Батыс Еуропа мен Американың көркемдік, эстетикалық сапасы төмен «тобырлық мәдениеті» де келіп, жастарға ықпал жасауда. Әртүрлі халқымызға жат діни ағымдар мен секталар да өз жұмысын жүргізіп, идеяларын таратуда.

Міне, осы рухани күрес барысында ұлтымыздың ізгілікті салт-дәстүрлері мен фольклордың атқаратын рөлі өлшеусіз. Бұл тұрғыдан алғанда да «Бабалар сөзі» өте зор маңызға ие деп білеміз. Осы серия бойынша жарық көрген шығармалар қазірдің өзінде білім беру саласында, ғылыми зерттеулерде қолданыс тауып жатыр.

– Қазақ фольклоры кеңес өкіметі тұсында да шығып жатты ғой. «Қазақ халық әдебиеті» деген серия болды, 15 томдай жарық көрді. Ал, «Бабалар сөзі» сериясы немен ерекшеленеді?

– Иә, кеңес кезінде де фольк­лор үлгілері шығып жатты. Бірақ, байқасаңыз, көп жағдайда жекелеген туындылар қайталанып шығып жатты. Әсіресе, батырлар жыры. Сол «Алпамыс», сол «Қобыланды», сол «Ер Тарғын», сол «Қамбар батыр» дегендей. Ара-арасында «Қырымның қырық батыры» да үзік-созық жарияланды. Бұлар мол мұрамыздың тамшысы ғана болатын. Оның үстіне жарыққа шықпас бұрын цензураның қатал сүзгісінен өтіп, мәтіндер «түзеліп», «күзеліп» шығатын, «құдай» деген тұсты құртып, «алла» деген сөзді аластап дегендей, кейбір тұстарда тұтас шумақтар алынып тас­талатын, сөздерді, тіркестерді өзгерту заңды саналатын. Кедей таптың мүддесі, атеизм, партиялық, халықтық, тәрбиелік маңызы деген сияқты идеологиялық, саяси қағидаттар қатаң сақталатын.

«Бабалар сөзі» сериясының басты мақсаты – халық мұрасын алаламай, молынан қамту, сөйтіп, елге өз байлығын қайтарып беру және ешқандай түзету енгізбей, хатқа түскен мәтінді сол қалпында жария ету. Бұрынғы басылымдар академиялық емес еді, олар, негізінен, ғылыми-көпшілік сипатта еді, сол себепті ондай жинақтарға «идея­сы дұрыс», «көркемдігі тәуір» деген шығармалар таңдалып алынатын.

– «Ба­балар сөзінде» бұрын жария­лан­­ба­ған дүниелердің үлес салмағы қанша?

– Айтайын. Кеңес өкіметі тұсында, діни дастандар, мифтер, магиялық фольклор, ырымдар мен тыйымдар, түс жору, тарихи аңыз, хикаят сияқтылар атымен жоқ болатын. Тіпті батырлық жырлар мен тарихи жырлардың басым көпшілігі жабулы жатқан. Бұған Қытайдағы (10 том), Моңғолиядағы (1 том) қазақ фольклорының үлгілерін қосыңыз. Егер нақтылап айтар болсам, мынандай цифрларға көңіл аудартар едім. Мұнда діни дастандар – 7 том, хикаялық дастандар – 13 том, ғашықтық дастандар – 8 том, батырлар жыры – 20 том, тарихи жырлар – 13 том, ертегілер – 5 том, т.т. Бұлар – ірі жанрлар. Ал шағын жанрлардың әрқайсысы 1-3 томнан тұрады. Жалпы, пайызға салсақ, «Бабалар сөзінің» 75-80 пайызға жуығы тұңғыш рет жарияланып, халыққа ұсынылып отыр деуге болады.

– 100 том! Бұл – айтуға ғана оңай ­шаруа. Мен сізбен әңгімеге дайын­дал­ғанда осы серияны шығарған «Фолиант» баспасынан мынандай мә­ліметтер алдыртып, атқарылған жұмыстың ауқымына тіпті қайран қалдым. Жүз томда ұзын саны басы бүтін 594 ірі шығарма қамтылыпты, оның сыртында аңыз-әпсаналар, мифтер, қара өлеңдер, лирикалық өлеңдер, өтірік өлеңдер, мақал-мәтел­дер, жұм­бақтар, жаңылтпаштар, айтыс­тар, шешендік сөздер, бата-тілек­тер, тыйым­ сөздер, тағы басқалар қанша­ма? Ақыр аяғында қарғыстарға дейін жинапсыздар ғой. Олардың бәрін санап шығу мүмкін емес шығар. Әр томның көлемі орташа алғанда 400 беттен. Серияның жалпы көлемі 2540 баспа табақ, әр баспа табақ 16 беттен есептелгенде мұнда шамамен 40640 бет бар екен. Әр баспа табақта 40 мың таңба болатынын ескерсек, осы басылымдағы таңбалар саны... 101 миллион 600 мың таңба екен... Мұндағы мәтіндерді тек теріп шығу үшін компьютер клавиатураларына саусақтар жүз миллионнан артық рет тигенінің өзі ғажап емес пе?!

– Мына айтқандарың кім-кімді де таңдандырар. Серияның әр баспа табағында осыншама мол дүниені жинау, жүйелеу, баспаға әзірлеу ісінде, сондай-ақ ұйымдастыру, орындаушыларды анықтау, оларға нақты тапсырма беру, қадағалау, яғни «Бабалар сөзін» дәл осы пішімде шығару барысында қандайлық ірі іс тындырылғанына жаңағы мәліметтердің өзі айшықты айғақ бола алады. Иә, іс барысында қиындықтар көп болды. Ең басында «100 томдық деген мүмкін бе?» деп күдіктенушілер шықты. Әртүрлі жиындар мен мәжілістерде оның мүмкін екенін дәлелдеуге тура келді. Абырой болғанда, сол жылдары Премьер-Министр болған Иманғали Тасмағамбетов, Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, әр жылдарда Қоғамдық кеңес жұмысына жетекшілік еткен Марат Тәжин, Мәулен Әшімбаев, Бағлан Майлыбаев, сондай-ақ ұзақ уақыт бойы кеңестің жауапты хатшысы болған Әлібек Асқаров секілді азаматтар бұл серияға көп қолдау көрсетті. Сол жылдары, бағдарлама нақты қолға алына берген тұста Ақпарат министрі ретінде сен өзің де осы шаруаның сәтті басталуына атсалыстың.

Ең үлкен қиындыққа нақты мәтін­­­дермен жұмыс істеу кезінде ұшырастық. Жариялануға тиісті шығармаларды табудың өзі оңай болмады. Мәтіндердің көбі қолжазба күйінде және арабша немесе латынша әріппен жазылған. Қолжазбалар тозған, қағаздары ескірген, сарғайған, кейбір жерлері жыртылған, жазулары кейде өшкен. Осындай шаң басқан, көнерген дүниелерді оқудың өзі қиынға соқты. Оларды оқып шыққан соң кириллицаға көшіру, компьютерде теру, қайта оқу, тағы да қайтадан бастыру... Бұл жұмыс өте ауыр болды және баяу жүрді.

Тағы бір қиыншылық келтірген жай кеңес өкіметі тұсында жарық көрген мәтіндер болды. Оларды түпнұсқамен салыстыру, цензура мен саясаттың кесірінен қысқартылған эпизодтарды, сызылған сөздер мен тіркестерді қалпына келтіру көп уақытты алды.

Қиындықтың ендігі бір түрі мынау болды. Кеңес өкіметі мен Компартия фольклордың үлкен бір саласын мүлдем «жауып» тастаған-ды. Олар – діни дастандар, Шығыстан келген шығармалар, хикаяттар, қиссалар еді. Бұлар, негізінен, ХІХ ғасырда Қазанда, Ташкентте, Петербургте, Мәскеуде, тағы басқа шаһарларда басылып, елге кең тарағаны белгілі. Солардың көбісін басқа қалалардан іздеп таптық, қайтадан оқып, бүгінгі әріпке түсіріп, түпнұсқасымен салыстырып, баспаға ұсындық. Сол мәтіндердің талайы кеңес кезінде жарыққа шыққан, бірақ «түзетілген», «күзелген», редакцияланған. Олар қалпына келтірілді.

– Серия неге «Бабалар сөзі» деп аталды, бұрынғыдай «Халық әдебиеті» деуге болмады ма деушілер табылып жатса оларға не айтасыз?

– Бұлай аталуының себептері бар. Біріншіден, «халық әдебиеті» деген атау, байқасаң, белгілі дәрежеде бұрынғы идеологиялық ұғымды еске түсіреді және біртүрлі шектеулі мәнге ие сияқты. Кеңес кезінде фольклорды «халықтық» және «халыққа жат» деп екіге бөліп, шектеп тастаған болатынбыз. Сол идеологиялық сипаттаудан қаштық. Екіншіден, бұрын «идеясы» мен «көркемдігі» жағынан тәуір деген шығармалар алынып, фольклордың басқа түрлері қамтылмай, сыртта қалатын. Олар екінші, үшінші сортты деп есептелетін. Айталық, діни дастандар мен хикаяттар, алғыс, бата, қарғыс, жоқтау, сыңсу, бақсы сарыны, мифтер, аңыздар, хикая­лар, тағы басқалар бұлардың бәрі ел арасында айтылып, сақталып жетті. Бұлар да – халықтың рухани мұрасы, батырлар жыры, ғашықтар жыры сияқты. Осылардың бәрі «тұмшаланып», қара тізімде жатты. Міне, солардың бәрін, түгел болмаса да, хатқа түскендерін енгіздік серияға. Үшіншіден, «Бабалар сөзі» – таза ғылыми, академиялық басылым. Сол себепті, мұнда ұлт мұрасын «жақсы», «жаман» деп бөлу және мәтінге ешқандай «қол сұғу» жоқ.

– Енді осы академиялық басылым­ның шарттарын айтсаңыз. Олар қан­шалықты жүзеге асырылды?

– «Бабалар сөзі» таза ғылыми мақсатта жасалды. Мұндай 100 том етіп шығару – енді қайта бола ма? Әй, қайдам?! Сондықтан бабаларымыз айтып кеткен, бізге жеткен сөздерді мүмкіндігінше мол және барлық түрін қамтуға күш салдық. Жаңа айттым ғой, олардың басым көпшілігі қолжазба күйінде жатыр, ескі араб (хадим), төте, латын әріптерінде, қағаздары көнерген, кей жерлері өшкен, жыртылған, оқуға қиын соғады деп. Біз осыларды жарыққа шығаруды көздедік. Ондағы ойымыз – фольклорлық мұрамыз шоғырланып жарыққа шықсын, кейінгі ұрпаққа жеңіл болсын, өйткені, шаң-тозаң болып жатқан қағаздарды ақтарып, ішінен керегін шаршамай, жалықпай іздеп табу ғылымға келген жас мамандарға оңай болмайды. «Бабалар сөзі», ең алдымен, келер ұрпақтар, тарих үшін жасалған жұмыс. Серияның академиялық болуының бір себебі осы.

– Осы тұста жалпы академиялық басылымның негізгі шарттарын айта кетсеңіз.

– Томдарға енген шығармалар іштей жанрларға бөлінген. Эпикалық жанрлар бірнеше томды қамтиды. Сондықтан ондай жағдайда жанрдың алғашқы томына үлкен зерттеу мақала беріліп, жанрдың табиғаты, ерекшелігі ашылады. Әсіресе, дастандарға, батырлар жырына, ғашықтық жырларға, тарихи жырларға, тарихи аңызға, прозалық жанрларға арналған томдарда осындай кіріспе мақалалар бар. Оларды мен жаздым. Мәтіндер жанр бойынша жүйеленді, ешқандай редакцияға ұшыраған жоқ. Қажетті жерінде шығармалардың ­варианттары қоса берілді. Ескертіп айтатын нәрсе: шығармалардың көркемдік сапасы әрқилы, тілі де, стилі де біркелкі емес (себебі, түпнұсқа үлгілері толық сақталды). Бірақ ғылым үшін мұның бәрі керек. Өйткені, фольклор тілі – халық­­­­тың ауызекі тілі, онда сөйлеу тілінің заңдылығы сақталады. Стильді түзетуге, әдебилендіруге болмайды, өйткені, бұл текст – халық мұрасы, мәдени ескерткіш.

– «Бабалар сөзінің» тағы бір өте құнды жағы – әр шығармаға берілген ғылыми түсініктемелер. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?

– Санамалап, нақтылап айтар бол­сақ, түсініктемелердің түрі мынан­дай. Біріншіден, мәтіннің өзіне ғылыми түсі­ніктеме, екіншіден, мәтінде кездесетін тарихи, діни есімдерге анықтама, үшіншіден, дастандар мен хикаяттарда кездесетін Құран аяттарын түсіндіру, төртіншіден, жер-су атауларына түсі­нік, бесіншіден, әр шығарманы кім жыр­лағаны, айтушысы, жинаушысы, қорға тапсырушысы туралы мәліметтер, алтыншысы, шартты қысқартулар, жетіншісі, пайдаланылған әдебиеттер мен дереккөздерінің тізімі, сегізіншісі, резюме (орыс тілінде), summary (ағылшын тілінде) берілгені. Бұлардың бәрі мәтіннен кейін «Қосымшалар» деген бөлімде басылды. Байқасаң, бұл ғылыми түсініктемелер көп қызмет атқарып тұр: тарихи, діни, географиялық, филологиялық, танымдық, білімдік. Міне, осының бәрі – таза ғылыми талапқа қажет нәрселер. Олар «Бабалар сөзіне» академиялық сипат береді.

«Бабалар сөзі» ұлттық фольклорды 100 пайыз болмаса да барынша мол қамтыды. Мол қамтуымыздың сыры бар. Ең алдымен айтатын нәрсе – фольклор көпсатылы, көпсалалы, көпқырлы дүние. Мұнда сонау есте жоқ ежелгі заманнан келе жатқан салт-сана, ой-пікір, көркем бейне, асыл сөз, әр дәуірдің ұғым-түсінігі, пайымы мен оқиғасы, қиял-арманы, көне сарын бар, осының бәрі сюжетпен де, сюжетсіз де баяндалып, алуан формада жеткен бізге. Фольклор – бүгінгі күллі руханиятымыздың негізі, әрі тұғыры, халқымыздың өткені мен бүгіні ғана емес, келешектің де кепілі, яғни ұлттық сипатымызды сақтаудың өзегі. Ол – осы заманғы бүкіл мәдениетіміздің де ажырамас бөлігі, таусылмас қайнар көзі. Олай болса, фольклорды тек ескіліктің мұрасы деп түсіну дұрыс емес.

– Ғажап іс бітті. Енді «Бабалар сөзін» дайындауға, бастырып шығаруға қатысқан адамдар туралы да айта кетсеңіз.

– Өте орынды. Бұл еңбекті дүниеге әкелуге мен он жыл директорлық еткен Әдебиет және өнер институтының белгілі мамандары, фольклоршылар мен әдебиет тарихшылары қатысты. Ең әуелі бүкіл «Мәдени мұра» бағдарламасын кешенді орындау үшін Қоғамдық кеңес, оның 16 секциясы жасақталды. Біздің секция «Фольклортану, әдебиеттану және өнертану» деп аталып, оның төрағасы болып – мен, менің орынбасарым болып – Серікқазы Қорабай, жауапты хатшысы болып Гүлнар Жұмасейітова бекітілді. Секцияға бірнеше жобаны орындау тапсырылды. Соның ең ірісі – «Бабалар сөзі», содан соң «Қазақ әдебиетінің тарихы» (10 том), «Қазақ музыкасының антологиясы» (8 том), «Қазақ өнерінің тарихы» (3 том), «Әдеби жәдігерлер» (20 том), «Мировая фольк­лористика» (3 том), «Мировое литературоведение» (3 том). Мұның бәрін секция ұйымдастырып, қадағалап отырды.

Осылардың ішінен, жаңа айттым ғой, «Бабалар сөзі» ұзаққа созылды, оның қиындығы көп болды. Сол қиындықтарды жеңіп, аянбай еңбек еткен ғалымдар – негізінен, қолжазба және текстология бөлімінің, фольклор бөлімінің және әдебиет тарихы бөлімінің қызметкерлері. Қолжазба бөлімін әркезде басқарған профессор Бақытжан Әзібаева, доценттер Серікбай Қосан мен Тоқтар Әлібек өз міндеттерін ойдағыдай атқарды. Әр томның уақтылы әрі сапалы шығып тұруын «Фолиант» баспасының бас директоры Нұрлан Исабеков, оның орынбасары – бас редактор Раушан Тұрлынова және бүкіл серияға редактор болған Ұлпаш Тілегенова қамтамасыз етіп отырды. Елімізге белгілі баспагер Нұрлан бауырымның кәсіби шеберлігінің, ортақ іске жауапкершілігінің арқасында осы жүз том жарқырап, қазақша айтқанда, қыздың жиған жүгіндей көркем шықты. Мұндай жүз томдық жобаның бір томында да полиграфиялық кемшілікке, мұқаба түсінің, қағаз сапасының титтей де өзгеруіне жол берілмеуі біздегі баспа ісінің биік деңгейін тамаша танытты. Сөйтіп, жұмыла істеп, «Бабалар сөзін» аяғына дейін жеткіздік. Қатысқан адамдардың барлығына зор ризашылық сезіммен рахмет айтамын!

– Негізгі ұйымдастырушы және жетекші сіз болдыңыз емес пе?

– Иә, секцияның төрағасы ретінде бізге тапсырылған жобалардың бәріне жетекші әрі ұйымдастырушы, әрі орындаушы болып жүрдім. «Бабалар сөзіне» келсек, жанрларды жүйелеп, бүкіл серияның құрылымын түзу, қай жанрлардан бастау керектігін нақтылау, ғылыми комментарийлердің түрлерін, шарттарын анықтау, үлкен жанрлар туралы зерттеу мақалалар жазу – міне, осының бәрі менің мойнымда болды. Әрбір томды мұқият қарап шығу, Ғылыми кеңесте талқылау, баспамен келісу сияқты істер де атқарылды. Бірнеше томға арнаулы зерттеу мақалалар жаздым. Атап айтқанда: 1-томға, 33-томға, 53-томға, 56-томға, 73-томға, 78-томға, 80-томға, 85-томға, 95-томға. Сондай-ақ «Ертегілерге» арналған бірнеше томдарды құрастыруға, түсініктеме жазуға да қатыстым. Секцияның төрағасы ретінде Қоғамдық кеңес мәжілістерінде Елбасымыздың алдында бірнеше мәрте баяндама жасап, істелген жұмыс туралы есеп бердім.

– Қоғамдық кеңестің 2008 жылғы 13 маусымда өткен мәжілісінде Нұрсұлтан Әбішұлы сіздің еңбегіңізді ерекше атап өткені есімде. Бастауында Елбасымыздың өзі тұрған бұл ша­руаның лайықты бағасының берілуі әлі алда деп ойлаймын. Әңгі­меңізге рахмет. Елдігіміздің тағы бір ісінің, ірі ісінің абыройлы аяқталуы құтты болсын!

Сұхбаттасқан

Сауытбек АБДРАХМАНОВ.

Соңғы жаңалықтар