29 Тамыз, 2021

Әлемге үлгі болған қозғалыс

437 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архиві Семей ядролық полигоны жабылуының 30 жылдығына орай виртуалды көрме ұсынды.

Әлемге үлгі болған қозғалыс

Өркениет пен мәдениет тоғысын басынан өткерген Ұлы Дала талай зардап шегіп, көптеген қиянат көрді. Бір ғана КСРО кезеңінде 70 жыл бойы орталықты астықпен, етпен қамтамасыз еткен қазақ жері түрлі сынақтардың алаңына айналды. Ұлт руханиятының ұстынына айналған азаматтар дүниеге келген Семей ядролық бомбаны сынақтан өткізетін алаңға айналғаны мәлім. Биыл сол полигонның жабылғанына 30 жыл. Көрме адамзат баласына қауіп төндірген сынақтың азалы тарихына жан бітірді.

«1991 жылы жабылғаны жарияланған Семей полигонының шындығын жарты әлемге паш ету үшін біраз тер төгіліп, үлкен еңбек атқарылды. Орыс тіліндегі түркілік сөздердің түп атасын таныстырған әйгілі ақын Олжас Сүлейменовтің бастамасымен жұмыс жүргізген «Невада – Семей» қозғалысы ядролық сынақтардың жалпы саны 456 жарылысқа жеткенін, соның 116-сы ашық кеңістікте, жер бетінде немесе ауада жарылғанын дәлелдеп бақты. Соның нәтижесінде Кеңестік идеологияның теріс пиғылы белгілі болды», дейді қалалық архив директоры Мейрам Бектембаев.

Естеріңізде болса, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев 1991 жылы 28 тамызда Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Сол арқылы қазақ елі ядролық қарудан бас тартқан бейбіт мемлекет ретінде әлемге танылды. Семей полигоны жабылған соң Ресей, Франция, АҚШ сынды алпауыт мемлекеттер ядролық қаруды сынауға мораторий жариялап, халқының күпті көңілін жайландырды.

Витуалды көрмеде ұйымдастырушылар 1989 жылдың қақаған ақпанында өз жұмысын бастаған «Невада – Семей» қозғалысының фотоларын жариялаған. Олар сондағы улы заттардың қосындысынан шегетін зардап тек Ұлы Дала халқына ғана емес, күллі әлем жұртшылығына тиесілі екендігін дәлелдеуге тырысқан.

Өткенге салауат, тіріге тіршілік керек. Келер күндеріміздің жарқын болуын, еліміздің тыныштықта, бейбітшілікте күн кешуін, халқымыздың амандықта, есендікте өмір сүруін тілейміз!