Руханият • 30 Тамыз, 2021

Ынтымақтастық меморандумына қол қойды

372 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін, 30 тамызда ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған іс-шаралар аясында Женева қаласында (Швейцария) Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасы директоры Бақытжан Темірболат бастаған делегация Женева саясат және қауіпсіздік орталығы директорының орынбасары Кристина Орисичпен кездесті, деп жазады Egemen.kz.

Ынтымақтастық  меморандумына қол қойды

Тараптар бірлескен іс-шараларды, ғылым, білім салаларындағы бағдарламаларды іске асыруда Елбасы кітапханасы мен Женева саясат және қауіпсіздік орталығының ынтымақтастық жұмыстарын талқылады.

Кездесу аясында қос ұйым ынтымақтастық меморандумына қол қойды.

Б.Темірболат Елбасы кітапханасының көп жылдық тәжірибесі мен ресурстарының арқасында жергілікті, халықаралық деңгейде білім, ғылым, қауіпсіздік мәселелерін қолға алған жетекші орталықтарының біріне айналғанын айтты.

 «Елбасы кітапханасы аймақтық және жаһандық қауіпсіздік мәселелеріне үлкен көңіл бөледі. Осы орайда ынтымақтастығымыз практикалық деңгейге шығуы мүмкін.  Екіжақты ынтымақтастықтың ортақ мақсаттары мен бағыттарын таба алатынымызға сенімдімін», деді Қазақстан делегациясының басшысы.

«Женева саясат және қауіпсіздік орталығының ынтымақтастық орнатуға ниеті зор. Атап айтқанда, сыртқы саясат мекемелерінің дипломаттары, офицерлері мен азаматтық қызметкерлері үшін халықаралық қауіпсіздік саясаты саласындағы мамандандырылған дайындық пен біліктілікті арттыру бағдарламалары, сондай-ақ халықаралық қауіпсіздік саласындағы зерттеулер, тиісті тақырыптар бойынша конференциялар мен семинарлар ұйымдастыру ұсынылмақ», деді К.Орисич.

Естеріңізге салсақ, ағымдағы жылдың 30 тамызы мен 1 қыркүйегі аралығында Елбасы кітапханасы Женева қаласында халықаралық ұйымдардың өкілдерімен бірқатар іс-шара мен кездесу өткізбек. Олардың аясында жаһандық және аймақтық қауіпсіздіктің, архивтік және тарихи зерттеулердің, дипломатия мен халықаралық қатынастардың мәселелеріне қатысты ынтымақтастықты дамытуға бағытталған құжаттарға қол қойылады.

31 тамызда Семей ядролық полигоны жабылуының 30 жылдығы мен 29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күрес күніне орайластырылған «Қазақстан – БҰҰ: бейбітшілік үшін серіктестік» халықаралық конференциясы өтеді.  Конференция барысында ағылшын тіліндегі «Ядролық қарусыз әлемге бетбұрыс: Елбасы бастамалары» ғылыми жинағының тұсаукесері өтеді.