24 Қаңтар, 2014

Серікбайдың азаматтығы

375 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

19 қаңтар күні кешкілік сағат бестер шамасында Жосалы ауылдық округіндегі «Жанғожа» шаруа қожалығының жетекшісі Серікбай Закаринге ауылдан 10 шақырымдай жерде шанаға жегілген аты әбден болдырған, аязды боранға ұшыраған Шыңғырлау ауданының Қараағаш ауылынан шыққан 3 адамның ауыр халдері жөніндегі суыт хабар түсті.

 

19 қаңтар күні кешкілік сағат бестер шамасында Жосалы ауылдық округіндегі «Жанғожа» шаруа қожалығының жетекшісі Серікбай Закаринге ауылдан 10 шақырымдай жерде шанаға жегілген аты әбден болдырған, аязды боранға ұшыраған Шыңғырлау ауданының Қараағаш ауылынан шыққан 3 адамның ауыр халдері жөніндегі суыт хабар түсті.

Хабарды ести сала Серікбай Закарин жедел түрде киініп алып, қорада тұрған әлді де тың атына міне сала, ауылдан 10 шақырымдай жерде орналасқан «Әзтөбе» нүктесіне аттанды.

Күн болса қар жауып, төңірек ақ түтек боранға ұласқан. Төңіректі барлап, қараудың өзі қиынға айналды. Дегенмен, кешкі сағат 6 жарымның шамасында өздері әбден жаураған, беттері домбыққан, қалжыраған қараағаштық үш адамды (біреуі 5-сыныптың оқушысы) Серікбай «Әзтөбе» нүктесінен тапты. Келген бойда Серікбай шаршап, қалжыраған, үстері суланған адамдарға алғашқы көмектерін көрсетіп, олардың айтулары бойынша Қараағаш ауылындағы азаматтарға ұялы байланыс арқылы хабарлап, көмек шақырды.

Көп кешікпей Қараағаш ауы­лынан да адамдар көмекке келді. Сөйтіп, боранды күні адасып, қарға омбылаған ат әбден шаршаған соң жағдайлары мүшкіл халге айналған қараағаштық адамдар Жосалы ауылының азаматтарының араласуларымен аман қалды.

Дүйсенбі күнге қараған шақта, яғни 20 қаңтар күні таңғы сағат 4-ке таяу кезде Серікбай өзінің атын шанаға жегіп, болдырған атты жетекке ала далада адасқан адамдарды отбасыларына аман-есен жеткізді.

Сонымен Орал қаласында оқитын 5-сынып оқушысын көршілес Жосалы ауылына жеткізіп, қалаға жөнелтуді мақсат еткен қараағаштықтар қайырымды азамат Серікбай Закариннің арқасында көлденең келген кесапаттан аман қалды.

Серікбайдың қиын шақтағы жедел де батыл ісіне Сырым және Шыңғырлау ауданының басшылары да дән риза болуда. Ал, боранды күнде адасқан адамдарымен қауышқан отбасылардың Серікбайға айтар алғыстары ерекше еді.

Мүсірбек АЙТАШЕВ.

Батыс Қазақстан облысы,

Сырым ауданы.

Соңғы жаңалықтар