24 Қаңтар, 2014

Абыройлы жол

327 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Көкшетауда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға арналған облыстық мәжіліс болып өтті.

 

Көкшетауда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға арналған облыстық мәжіліс болып өтті.

Оның жұмысына облыстық мәслихаттың депутаттары, қалалар мен аудандардың әкімдері, мәслихат хатшылары, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалдары төрағаларының орынбасарлары, облыстық мекемелердің, жоғары оқу орындарының басшылары, бизнес өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, журналистер қатысты.

– Қазақстан Республикасының Президен­ті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауы – тарихи маңызы зор және жарқын болашаққа арналған басты мемлекеттік бағдарлама, –деп атап көрсетті Ақмола облысының әкімі Қосман Айтмұхаметов. – Елбасы қалыптасқан мемлекетіміздің алдына 2050 жылға дейін әлемдегі айрықша дамыған отыз мемлекетпен терезесі тең тіршілік кешуімізді міндеттеді. «Мәңгілік Елдің» басты мұраты да осы. Бұл барша қазақстандықтар сияқты, біздің жерлестерімізге жігер-қуаты мол жауапкершілік жүктейді әрі келешегіміздің кемелдігіне шүбә келтірмейді. Өйткені, оның ұзақмерзімді және алдағы жеті бесжылдыққа кестеленген басымдықтары отандастарымызды айқын міндет, абыройлы жолға бастайды.

Облыс экономикасындағы жаңа бағыттар мен серпінді даму ортақ мақсаттағы үлесіміздің салмақтылығын айқындайды. Алдын ала есептер бойынша, 2013 жылы 938 миллиард теңгенің жалпы өнімі өндіріліп, белгіленген меже 105,9 пайызға орындалды. Мұны ауыл шаруашылығындағы (135,7 пайыз), сауда (118,7) және көлік тасымалындағы (107) жоғары табыстармен байланыстырамыз. Әйткенмен, Елбасы тапсырмаларын орындау үшін қарқынды еселей түсудің қосымша шаралары қарастырылып, резервтер мен қаржының тиімді жұмсалуы қатаң бақылауда ұсталады.

Биыл ел экономикасын индустрияланды­ру­дың бірінші бесжылдығы аяқталып, ин­дустриялық-инновациялық дамудың екінші кезеңіне қуатты негіз қаланады. Бағдарлама қолға алынғаннан бастап өңірде 102 миллиард теңгенің 39 нысаны іске қосылып, 4,5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары құрылды. Ал 2014 жылы 115,8 миллиард теңгеге бағаланған 11 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Мұнда экспорттық бағыттағы кәсіпорындар құрылысына ерекше назар аударылады. Бұл орайда, 2013 жылы шикізатқа жатпайтын экспорттық тауарлар ауқымы 50 пайызға жетіп, республикалық орташа көрсеткіштен 2 есе асып түскені атап өтілді. Бірақ, әлемдік рыноктағы уран мен алтынға қатысты жағдайдың өзгеруі жаңа экспорттық позицияларға басымдық беруді талап етуде. Баяндамашы бұл ретте азықтық, сусын және химия өнімдерінің көлемін арттыру қажеттігін айтты.

Атқарылар міндеттердің ауқымдылығын еске салған облыс әкімі барлық деңгейдегі әкімдерге, кәсіпорындар мен шаруашылық басшыларына, қоғамдық бірлестіктерге жеті бағыттан тұратын негізгі міндеттерді саралап көрсетті. Баяндама «Біздің парызымыз – «Мәнгілік Ел» идеясын ұстанып, білім мен ғылымды, мәдениет пен өнерді, денсаулық сақтау мен саламатты өмір салтын дамыта отырып, бәсекеге қабілетті ұлтқа айналу», деген жігерлі екпінмен аяқталды.

Баяндама бойынша қызу талқылау жүріп, оған Парламент Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев, «Родина» Агрофирмасы» ЖШС бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Иван Сауэр, «Дастархан» ЖШС директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Елена Мащинская, «Новопэк» ЖШС-нің директоры Борис Писарев және басқалар қатысты.

Бақберген АМАЛБЕК,

«Егемен Қазақстан».

Ақмола облысы.

Соңғы жаңалықтар