Жолдау талаптарына сай өркен жаймақ
Орал қаласында Елбасы Жолдауын талқылауға байланысты өткізілген активте Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев биылғы Жолдаудың басты ерекшеліктерін шегелеп айтып берді.
Жолдау талаптарына сай өркен жаймақ
Орал қаласында Елбасы Жолдауын талқылауға байланысты өткізілген активте Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев биылғы Жолдаудың басты ерекшеліктерін шегелеп айтып берді.
Бұл – еңсесі биік ел бола білудің адастырмайтын компасы. Тәуелсіздігімізді одан әрі тұғырландыра түсудің таптырмайтын тактикасы. Мұнда өңірлерді одан әрі өркендету мен дамыту жолдары да тайға таңба басқандай айқын көрсетілген. Жолдау – іске басшылық жасаудың өміршең өнегесі, деп тұжырым жасады облыс басшысы.
Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев биылғы жылдың басты құжатында алдағы уақытта атқарылатын бірқатар басым бағыттарды атап көрсетті. Дәл осы бағыттар өңірлерді өркендетіп, аймақтарды ажарландыруға да қуатты серпін бермек. Осы ерекшелікті өз баяндамасының негізгі тіні мен қазығы етіп алған өңір жетекшісі аталған бағыттарды облыстың қазіргі әлеуметтік-экономикалық тыныс-тіршілігімен байланыстыра баяндап берді.
Елбасы атаған бірінші бағыт – инновациялық индустрияландыру тренді. Бір сөзбен айтқанда, ілкімді де икемді инновациялық саясат. Бұл тұрғыда жаңа жұмыс орындарын ашудың маңызы жоғары. Орал өңірінде соңғы кезде тренді табиғатына тән мыңнан астам жұмыс орнының ашылуы үлкен істердің тек басы ғана деуге болады. Ең бастысы, мұнда істі жан-жақты жүргізуге барлық жағдайлар мен мүмкіндіктер бар.
Сондай-ақ, агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіру міндеті де Жолдауда нақты қойылған. Аграрлық сектордағы істің нәтижесі көп жағдайларда ауа райына тәуелді болатыны жасырын емес. Облыс әкімі Н.Ноғаев мұндай көріністер Ақжайық аймағында да кездесіп қалатынын жасырған жоқ. Осы мәселеге қатысты Президент қойған жаңа міндеттер мен талаптар сала тиімділігін көтеруді міндеттейді, деді ол.
Елбасы өз Жолдауында Қазақстан ет және сүт өнімдерін экспорттайтын өңірлік ірі елге айналуы керектігін мәлімдеді. Бұған ең біріншіден ел өңірлері сүбелі үлес қосуға тиіс. Мұндай міндеттен Ақжайық аймағы да тыс қала алмайды. Активте осыған орай облыста ет экспорты әлеуетін көтеру, марқа қозы етін өндіретін кешен жобасын жеделдету жөнінде нақты ұсыныстар мен ой-пікірлер айтылды.
Жолдауда қойылған басым бағыттардың бірі инфрақұрылымдық үштаған – агломерацияның, көліктің және энергетиканың қарқынды дамуын қамтамасыз ету болып отыр. Оны жүзеге асыру ісіне батыс қақпаның қосатын үлесі қомақты. Жалпы, мұнда кеңестік кезеңді айтпағанда, тәуелсіздік жылдарының өзінде өзге өңірлермен салыстырғанда жол-көлік инфрақұрылымы әжептәуір кейін қалып қойды. Бұған Елбасының жаңа Жолдауы соны серпіліс беретінін мәлімдеген Н.Ноғаев өңірде Самара – Орал – Ақтөбе тас жолы салынатынын, облыс орталығын шалғайдағы оңтүстік аудандармен жалғастыратын инфрақұрылымдық жүйе одан әрі кеңейетінін айтып берді.
Сондай-ақ, Жолдауда Елбасы тарапынан үш ауысыммен оқитын мектептер мен апатты жағдайдағы білім ғимараттарын жою талабы қойылғаны мәлім. Бұған байланысты баяндамашы: облыста үш ауысымдағы мектеп жоқ. Бірақ бұл жағымды фактордың өзі біздің босбелбеулікке салынуымызға себеп емес. Өйткені, ішкі көші-қон мен урбанизация үрдісі, ауыл тұрғындарының қалаға көбірек қоныстана бастауына алып келуде. Бала туу көрсеткішінің өсуі бейқамдыққа жол бергізбейді. Екі ауысымдағы мектептердің тарлық ете бастауы, әсіресе, Орал қаласы маңындағы Зашаған, Деркүл кенттері аумағында байқалып қалып жүр, деп атап өтті Н.Ноғаев.
Облыс басшысы өз сөзін қорытындылай келе, «Мәңгілік Ел» болудың басты кілті – тәуелсіздікті сақтап қалу екенін айтып, осы ұлы іске батысқазақстандықтарды да белсене қатысуға шақырды. Бұдан соң актив жиналысына қатысушылар Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауына қатысты өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
Батыс Қазақстан облысы.