Туризм • 31 Тамыз, 2021

Жер шоқтығы – Көкшетау

6398 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Еліміздің бас басылымы – «Egemen Qazaqstan» ұйымдастырған «Ата­ме­кен» экспедициясы Нұр-Сұлтан қаласынан бас­тау алып, жер жан­на­ты Көкшетауда жалғасын тапты. Экспе­ди­цияға қатысушыларды облыс орталығының зия­­лы қауымы қарсы алып, шашу шашып, құр­мет көрсетті. Сапар­лар­ына оң болсын айтып, игі бастамаларына тілектестік білдірді.

Жер шоқтығы – Көкшетау

Облыстық әкімдікте өткі­зілген жүз­десу барысында облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова ақжарма тілегін білдірді. Аяулы атамекеннің қат­пар-қатпар тылсым тарихын індете іздеп, жалпақ жұртқа жарқырата көрсетіп, рухани нәр берумен бірге, Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған бағалы бастаманың жер жаннаты Көкше баурайынан бас­тау алуын жақсы ырым­ға санады. Өз сөзінде елімі­здің рухани жаңғыруына байла­нысты атқарылып жатқан қыруар шаруаға тоқталды. Биыл­ғы жылдың алғашқы жарты­жыл­дығында облыс өңі­рінде ұзын-ырғасы бес мыңға жуық әр­түрлі форматтағы іс-шара өткізіліп, 700 мыңнан астам адамды қамтыған. Соның ішінде ел назарын ерекше аударған арнаулы жобаның бірі – «Туған жер».

Алғашқы жарты жылдықта әр белесі, әр төбесі ел тарихын екшейтін, әр адамның көкірегінде туған жерге деген ыстық ықы­лас пен шынайы құрмет туғызатын жоба аясында 1238 іс-шара өткізіліп, 210 038 адам қамтылған. Көкірегінде туған жерге де­ген ғажайып құрметі бар 300-ден астам ме­ценат жалпы көлемі 820 млн теңгеге қайы­рымдылық өткізген. Осы іс-шаралардың барысында 14 нысан са­лы­нып, 19 нысанға күрделі жөндеу жасалды.

Кейінгі ұрпаққа өшпес өнеге, жақсы мысал боларлық ізгі қадам екендігі айдан анық. Осындай шарапаты мол маңызды шара «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасымен сабақталып, халықаралық конференция да өткізілді. Алғашқы шара қазақтың бұлшық еті атанған, жаһандағы күш атасы – Қажымұқанның туғанына 150 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Заманында қазақ атын төрткүл дүниеге тегіс әйгілеген алыптың телегей-теңіз күші ғана емес, жан-дүниесінің мөлдірлігі, елі мен жерін құлай сүйген ер көңілі, өнері паш етілді. Ілкідегі батыр мен бағлан, ел бірлігін жарастыруға қызмет еткен билер заманынан бастау алатын ізгілік нұры бүгінгі жас толқынның да көкірегінде күміс сәулесін себезгілеп тұр. Ұрпақ сабақтастығы қазақ тілінде жарық көрген жүзден астам оқулықта орын тапқан.

Облыс әкімінің орынбасары осындай қадау-қадау шаруаға тоқтала келе, «Атамекен» экспедициясының да көненің келісті мұрасын бүгінгінің кемелденуіне қызмет ететіндігіне тоқтала келіп, сапарға сәттілік тіледі.

«Егемен Қазақстан» РГ» АҚ Бас­қар­­ма төрағасының бірінші орынбасары Владимир Курятов республикалық га­зеттің бұл бастамасы ел өңіріндегі киелі орындарды зерттеу және туристік әлеуетін таныстыру екендігін атап өтті. Сонымен қатар бүгінде бір акционерлік қоғам болып ұйыса ұйымдасып отырған басы­лымдардың ұстанымы туралы жан-жақты тарқатып айтып берді. Ең бастысы, егемен еліміздің еңсесін көтеруге септігін тигізетін, жалпақ жұртты жақсылыққа бас­тар бір арнада тоғыстыратын сар­қылмас рухани нәр. Бүгінгі бастама сол ұлан-ғайыр шаруаның бір бөлігі.

«Егемен Қазақстан» газетінің жауапты хатшысы Самат Мұса бас басылым­ның жүз жылдығы қарсаңында жа­­рық көрген жи­нақтарды облыс әкімінің орын­­баса­рына сыйлады. Көз майын тауысып жа­салған жылдар жылнамасы іс­петті бес томдықтың ішінде Алаштың ақиық перзент­тері Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқа­нов, Ғабит Мүсірепов, Әбіш Кекіл­баев тәрізді авторлардың ең үздік мақала­лары жинақталған. Облыс әкімінің орынбасары экспедицияға қатысушылар­ға өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы қамтылған көркем суретті фотоальбом ұсынды.

Қасиетті Көкшенің топырағында тұ­нып тұрған тарихпен танысу сапары облыс орталығындағы Қопа көліне жиектей орналасқан көне бейіттен басталды. Бұл жерде Көкше өңіріне асыл дініміздің шуағын шашқан тарихи тұлғаның бірі – Наурызбай Таласұлы мәңгілік тыным тапқан. Сөз арасында Науан хазіреттің рухы биік ағартушы, заманында жалпақ жұртының қамын жеп қызмет еткен адам екендігін ерекше екпін түсіріп айтуға болады. Алаш қозғалысының көсемі Әли­хан Бөкейхановтың 1910 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Киргизы» деп аталатын еңбегі бар. Әлекең бұл ең­бегінде Ресей патшалығы тарапынан отар­лаудың озбыр саясаты жүргізіліп отырғандығын ашық айта келіп, қазақ даласында тіпті Алаш баласын шоқынды­ру әрекеттері жүргізіліп жатқандығын әшкере етеді. Міне, осындай сұмдық­қа батыл тойтарыс берген, өзі жан-тәні­мен сүйетін жұртының рухани әлемінің былғанбауын көксеген Наурызбай Та­лас­ұлы болатын. Қолда бар деректер­ге қарағанда, облыс орталығының ірге­сіндегі Баратай ауылының маңын­дағы Жылкелді деп аталатын нулы, сулы өңір­де Талас Болатұлының шаңырағын­да дү­ниеге келген. Шыққан тегі Қарауыл руы­ның Шұңғырша тармағы. Алдымен ауыл молласынан хат таныған, кейін әкесі Қызылжар медресесінде оқытқан. Медреседе айрықша қабілет-қарымымен танылған соң сол замандағы діни жоғары оқу орны болып есептелетін Бұқар мед­ресесіне жолдама алған. Баратайға таяу Бесқарағай деген жерде мешіт салу ісін ұйымдастырып, бірер жыл имам бол­ған. Әйтсе де, асыл арман алға жетелеп, Бұқарға бет түзеген керуенге ілесіп са­парға шыққан. Он бес жыл оқып, Бұ­қар медресесін үздік бітірген Нау­рыз­­бай­дың ерекше дарын иесі екен­дігін таны­ған медресе ғалымдары исі мұ­сылман діні­нің орталығы болған Бағ­дат ша­һа­ры­на жөнелтеді. Әйтсе де көкше­тау­лық мұсылман қауым Бұқарға арнайы адам жіберіп, Наурызбайды еліне қай­та­­ру­ды өтінеді. 1886 жылы жамағаттың сұ­ра­уы­мен Науан хазіретті Көкшетау ме­­ші­тіне имам қылып тағайындаған. Мед­­­ре­седе діни дәріспен қатар зайырлы білім беру ісі де ұйымдастырылған екен. Ұлы Абайдың өлеңдерін жаттап, Біржан сал мен Ақан серінің әндері шырқалған. Шы­ғыс әдебиетін оқуға ден қойылған. Сө­зі­­мізді тірілту үшін бір дерек келтіре ке­те­­лік. Сол замандағы уез бастығының бұй­­­рығымен мектеп-интернатқа тінту жүр­­­гізілген кезде Шығыс ғұламалары Фир­­­дауси, Науаи, Низами кітаптары табылған.

Экспедиция мүшелері Алаш үшін басын қатерге тігіп, екі мәрте жер ауда­рылған, әйтсе де елінің жоғын жоқтаудан еш танбаған хазірет зиратының басында мінәжат етіп, құран бағыштады. Сапар Бурабай баурайындағы Ботай-Бурабай қонысында жалғасты. Ашық аспан астындағы этнографиялық мұражай 2018 жылы «Бурабай» ұлттық табиғи паркінің аумағында ашылған болатын. Мұражайда ежелгі Ботай мәдениеті туралы баяндалады. Алты мың жылдық тарихы бар археологиялық жәдігерлер де осында. Асылында Ботай қонысы 1980 жылдардың басында белгілі болған. Қо­ныстағы алғашқы қазба жұмыстары отандық ғылымға қырық мыңнан астам артефакт берді. Кейіннен Краснояр, Ва­сильковка, Рощинское, Баландино, Сергеевка елді мекендерінің маңынан да осы тектес тарихи жәдігерлер табылды. 1980 жылдың жазында бүкілодақ­тық далалық археологиялық семинар өткі­зіліп, Ұлы даланың ұлағатқа тұнып тұрған тылсым сыры паш етілді. 1994 жылы профессор В.Зайберт бірқатар бри­тандық университеттерде Ботай туралы дәрістер өткізді. Сол жылы Кем­бридж археологиялық мұ­ражайында Ботай мәдениеті туралы көрме және әлем­­нің 16 елінен 80 ғалым қатысқан «Еура­зияның ерте жылқы өсі­рушілері» Халық­аралық симпозиумы ұйым­дас­ты­рыл­ды. 1996 жылы Ботай материалдарын қазақ­стандық-германиялық зерттеу басталды.

2009 жылы Халықаралық Science журналында мақала жарияланды. Он­да Ботай энеолиттік қонысында жыл­қыны қол­ға үйретудің алғашқы жағдай­лары және ботай­лықтардың қымыз дайын­да­ған­дығы көрсетілген. 2007-2011 жылдар ара­­лығында археологиялық қазба жұмыс­тары тоқтатылды. Бұл уақыт кезеңі Ботай мәдениетінің тұжырымдамалық аспек­тілерін ұғыну үшін пайдаланылды. 2011 жылы В.Зайберттің «Ботай. Дала өрке­ние­тінің қайнар көздері» еңбегі жарық көрді.

2017 жылы Ботай археологиялық ес­керт­кіші Қазақстанның киелі жерлері­нің мемлекеттік тізіміне енгізілді. Ботай «Ру­хани жаңғыру» жаңа мемлекеттік бағ­дарламасы аясында археологиялық зерт­теу нысаны ретінде енгізілді. 2018 жылғы 21 қарашада Қазақстан Рес­пуб­ликасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.На­зар­баевтың «Ұлы Даланың 7 қы­ры» атты мақаласында Ботай салт-дәс­түр­лер мәдениетін қалыптастырудың маңыз­ды контекстерінің бірі ретінде қа­рас­тырылады.

Бірнеше бөлме. Бір-бірімен жалғасып жатыр. Ғалымдардың айтуына қараған­да, сол кездің өзінде үш жүзге жуық үй бір жерде шоғырланған. Ғаламат емес пе?! Экспедицияға қатысушыларды ес­те жоқ ескі кезеңде күн кешкен ата-бабала­ры­мыздың тұрмыс-тіршілігі қайран қал­­дырды. Пайдаланған құрал-сайман, әр­түрлі керек-жарақ, әшекей бұйым­дар көз тұндырады. Шошала іспеттес үйлердің салынуы, архитектуралық құрылысы бір-біріне соншалықты ұқсас. Және бір ғажабы, әр үйдің жанында терең ұра іспетті қазып жасалған азық-түлік қоймасы бар. Бір сөзбен түйін­дей айтқанда, Ботай өнер­кәсібі да­мыған, гүлденген қала болған сы­ңай­лы. Ақиқатында Ботай мәдениеті қа­зақ жерінің әлемге әйгілі Андрон, Бе­ғазы-Дәндібай мәдениеті қатарынан ойып тұрып орын алатындығы шындық. ЮНЕСКО-ның ескерткіштерді қорғау кіта­бына енгізілген.

Экспедицияға қатысушылар Бурабай баурайындағы ашық аспан астындағы мұражайды тамашалады. Көне тарихтың көмбесі ақтарылып, Алаш жұрты­ның арыдағы тыныс-тіршілігі мөп-мөлдір қалпында көз алдымызға келгендей. Сәті­мен сабақталған сапар тау етегіндегі табиғаты көзтартар көркем Абылай хан алаңында жалғасын тапты. Меймандар Абылай алаңынан шығатын жалғыз аяқ жолмен ну орманның ішіне сүңгіп кетті. Хас шебер әдейі құйып, иә болмаса қашап жасағандай биік арқалы тақ тура алдымыздан шыға келді. Кәдімгі алтын тақ. Қатал қыс өтіп, жадырап көктем туғанда Абылай хан Қызылағаштағы қыстауынан көшіп, осы алаңқайда көктеуде отырады екен. Таңғы жұпар ауамен тыныстап, ымырт үйіріле ордасынан шығып, осы таққа келіп дем алып, тылсым табиғаттың тынысын тамашалаған. Табиғаттың өз қолымен жасалған тақ кейін Хан тағы аталған.

Анау көз ұшындағы Тассырғанақ. Алаң­нан табан аудармастан биікке көз сал­саңыз ғаламат үлкен Тассырғанақ жана­рыңызға ілігеді. Табиғаттың адамзат қолынан келмес кереметі іспетті. Көк­тастың ені шамамен 15-20 қадамдай, табаны 150 қадам төңірегінде. Екі жағы тіп-тік, теп-тегіс. Жалпақ табанында бармақтай кедір-бұдыр жоқ. Аузы дуалы әулие бабаларымыз табиғаттың бұл ғажайыбын Тассырғанақ деп атаған. Шыңға шөккен пілді көргіңіз келсе, Бура­байдың баура­йына келіңіз. Абылай ала­ңынан жүзіңізді Оқжетпеске қарай бұр­саңыз, әлемнің еш жерінде жоқ ғажайып менмұндалайды. Шыңның ұшар басында төрт аяғын ба­уырына баса шөгіп жатқан піл! Кәдімгідей ұп-ұзын тұмсығы, көзі, құлағы, құйрығы, он екі мүшесі түгел піл. Бағзы замандағы Оқ­жетпес батыр мініп жауға шапқан піл осы. Бір ғажабы арқасындағы тоқымы да алынбаған. Сол қалпында. Үйдей пілдің жотасына өрмелеп бара жатқан тасбақа ше?! Оқжетпестің тап түбінен күміс көл жаққа көз салсаңыз, пілдің оң құлағы алып тасбақа айналып шыға келеді. Өрме­леп барып пілдің қара құсына отырмақ сыңайлы.

Асылында Абылай хан билеген заманды қазақ хандығының алтын ғасы­ры деп атау тегін емес. Үш жүздің басын қосып, біртұтас мемлекет қылуды ар­ман­даған Абылай ханның сүйікті орын­­дарының бірі осы жер. Қырдың қыр­мызы гүліндей құлпырған биші қыздар Бура­байдың биші қайыңдары іспетті мың бұ­рала би билеп, әуелете ән шырқап қарсы алды. Дәмі тіл үйіретін қымыз ұсынылып, бауырсақтан ауыз тиді. Міне, тылсым тарих осы жерде. Көгілдір таулар мен күміс кесеге құйылған кәусар көлдер өлкесін саналуан аң мен құс мекендейді. Аңыз айтады. Жаратылысы ерекше ақ бура болыпты. Тұлғасы зор әрі айрықша сұлу екен. Шудасы бұйралана бұрқы­рап, аппақ қардай түсі көз қарықтырып, жалғыз өзі жүреді екен. Ежелгі мекені Көкшетаудың қапталындағы ит тұмсығы өтпейтін қа­лың орман. Ақбура бір-ақ көлден су ішеді. Ол түстік іргесінде шалқыған күміс көл. Бураның ерекше қасиеті ел шетіне жасанған жау келерін, иә болмаса, ақсүйек жұт боларын күні бұрын сезеді екен. Күн­дей күркіреп шабынып, төңірегіндегі елге маза бермеген. Маңайдағы елді аралап, жүйтки жортып шығады. Ақ бураның хабарын естіген ел етек-жеңін ерте жиып, сақ­тық шарасын жасаған. Сондықтан да туған жердің киесі, елдің қыдыры деп есептеген, қадір тұтқан. Ақ бура мекендеген аймақты Бурабай деп, шөліркегенде шөлін басқан күміс көлді Бурабай көлі деп атау сол кезеңнен қалған. Күндердің бір күнінде қандыбалақ қарақшы пайда болады. Аң мен құсты қынадай қырады. Ал Ақ бура болса барлығын сақтандырып, боздап жүреді. Жолын кескен жалғыз Бураны қарақшы өлтірмекке бекінеді. Бірде Ақ бура ит тұмсығы өтпейтін қа­лың орманды қақ жарып қарсы алдынан шығады. Қарақшы сауыт бұзар сұр жебемен атты дейді. Ажал аңсап зулаған сұр жебе Ақ бураның кеуде тұсын көктей өтіп, өркешінен шыға тоқтайды. Сол сәт­те Ақ бура қандықол қарақшыға ұмты­лады. Кегін қайтарған соң өзі бауыр басқан ну орманға сіңіп кетеді. Киелі жануар сол кезде биіктігі 700 метрге жуық тасқа айналып, мәңгілікке қатып қалады. Қазір қараған жұрт өркешіне жетіп, бір қарыстай шығып тұрған жебені көрер еді.

Есте жоқ ескі кезеңде Көкшетау то­пы­рағын мекендеген айтулы батыр бо­лыпты. Батырдың тағдыры туралы есті естелікті көз ұшындағы Жекебатыр тауы самал желмен бар қазақтың даласына таратып тұр. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, жарықтықтың тұлғасы таудай болған екен. Жанына серік ертпепті. Сондықтан ел оны Жекебатыр атап кеткен. Жекебатырдың көзі тірісінде ешбір басқыншы жаудың бұл жерге табаны тимеген. Орасан үлкен садақ жасап алған. Адырнасын қырық батыр жабылып әрең тартады-мыс. Жебесінің өзі қайыңның діңіндей. Бірде қапысыз қамданған жау қара құрттай қаптамай ма. Жекебатыр ежелгі әдеті бойынша қасқайып қарсы шы­ғады. Жалғыз өзі. Қырғын соғыс. Өне бойын жара басады, қалжырайды. Жау елдің ішіне өтіп кетсе, қорғансыз қалған ел-жұртты қынадай қырмақ. Ақтық кү­шін жинайды. Күндей күркіреп айғай салады: «Өткізбеймін еліме! Тау боп жатамын жолыңа!». Екі таудың аңғарына көлденең жатып, сұлап түседі. Сөйтіп, қара құрттай қаптаған жауды өткізбейді. Тауға айналған. Мәңгілікке. Әне анау дулығасы. Етекте тұрып қараған адамға түк­сиген қалың қасы, қыр мұрыны, еріні, қаба сақал жапқан алапат төсі ала­қандағыдай айқын көрінеді. Ұшар биігі 836 метрге тең Жекебатыр аңызы ел қор­ғаудың ерен үлгісі.

Сол заман ба екен, әлде одан бұрын ба, Бурабай баурайын мекендейтін ел­де таңғажайып ер бала дүниеге келген. Он жасқа толғанда жалпақ жұртқа танылыпты. Ел оны Оқжетпес деп атап, аңыз етеді. Ат көтере алмаған соң пілге мініп жүріпті. Қазақтың басынан қашан қасірет арылған? Жаулар да көп болса керек. Оқжетпес күнде ел қорғаған қырғын ұрысқа қатысып, туған жерінің төсін қорғайды. Күміс көлдің суына шомылып, Көкшенің етегіндегі ну қарағайдың ортасында дамылдап жатады. Манағы қауіп-қатер естен шыққан. Дәл осы уақытта зұлым жау айласын асырған. Әбден ұйқыға кетті-ау деген кезде бас салады. Байлап алып қорламақшы. Қапыда қалған батыр қос қапталындағы қарағай мен қайыңды түбірімен қопара жұлып, ұрыс салады. Сөйтіп, орман ішінде кәдімгі бір ауылдың қотанындай жер оталады. Аумағы атшаптырым алаңға айналады. Кейін хан осы алаңды жақсы көріп, мекендеген соң Абылай алаңы атаныпты. Ал Оқжетпес болса мәңгілік бейне шың кейпіне енген. Ол пілін де зұлым жаудың жолында қалдырмау үшін тасқа айналдырған. Оқжетпес шыңының пайда болуы туралы осындай бір аңыз бар.

Экспедицияға қатысушылар Абылай алаңының іргесіндегі ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ашылған мультиме­диялық-интерактивті паркке ат басын бұрды. Бұл арада парктің жеті бөлімі бар екендігін, ал жеті санының өзі Алаш жұрты үшін киелі сан екендігін айта кетелік. Заманауи технологияның ала­пат қуатын осы жерден аңғарасыз. Аттра­к-­
­ционға мініп, экранда бейнелен­ген қа­зақ елінің айрықша көркем жерлерін Самұрық құстың қанатына ілесіп, виртуалды саяхат жасауға болады. Қос мұ­ражай жаңа ақпараттық жабдықтармен қапысыз қам­тамасыз етілген.

Жер жәннаты Бурабай баурайында жа­ғымды жаңалық та аз емес. Үлкен Ша­бақты мен Теке көлдерінің жағасында Aqbura Resort деп аталатын жаңа туристік қала­­шық бой көтеруде. Кешеннің аумағы 233 гектар. Толық қуатына көшкен кезде үш мың жұмыс орны ашылмақ. Әзірге 4 млрд-қа жуық инвестиция құйылған. Жоба төрт кезеңнен тұрады. 2019 жылы жұмысын бастаған құрылыстың алғашқы кезеңі сәтті аяқталған.

Қолдың саласындай қарағайлы орманды қақ жарып, бір көлік қана сыятын жол өтеді. Бұл жол Бурабай баурайындағы қасиетті мекен – Кенесары үңгіріне апа­­рады. Күміс көлдің батыс иығында кәдім­гі қазақтың қара қосындай төбесі сәл шо­шайған Кенесары үңгірі тап қасына кел­генше көзіңе ілікпейді. Кірер аузының ал­ды әдейі жасалғандай жалпақ кенере. Тас үңгірдің ауқымы сегіз қанат ордадан кем түсе қоймас. Тас төбеде түтін шы­ғатын тоқымдай ғана шаңырақ. Дәл астында тұрып қарасаң, әрідегі аспан күмбезі биіктеп кеткендей болып әсер етеді екен.

Үңгірге жеткенімізде күн ұясына қо­нып бара жатты. Дәл осы кездегі суретті сипаттауға тіл жетпейтін еді.

– Көз алдыңа киіздің үстіне қалың кілем төсеп, шынтақтап жатқан Кене­сары бабам елестейді екен, – деді бас басы­лымның жауапты хатшысы Самат Мұса, – киелі жердің өзге пұшпағы былай тұр­сын, ауасының өзі көкірегіңді толты­рып, өне бойың әлдебір ғажайып сезімге бөлейді.

Көнекөз қариялардың айтуына қара­ғанда, Екінші дүниежүзілік соғыс бас­та­лардың алдында үңгірдің алдында «Қазақ хал­­қының ұлттық батыры Кене­сары хан­ның үңгірі» деген сөз қашалып жазылса ке­рек. Соғыстан кейін әлгі жәдігер жазу ұш­ты-күйлі жоғалыпты. Алаштан асып ту­ған Кенекемнің аруа­ғына қарсы жария­­лан­ған жойқын күрес­тің салдары-ау. Бірақ тас­тағы жазуды өші­руге құдіре­ті жет­­­кенімен, ел жүре­гінде жазылған де­рек­ті еш­қашан өшіре алмас еді. Жалғыз бұл жер ғана емес, Бурабай баурайындағы бар бедерлі жазу, ел тарихын тылсым та­би­ғаттың кере­метімен ұқтыратын ең­селі елдің мәңгілік мұратқа жетелер темір­қа­зығы іспетті рухани қазына өшпек емес.

«Атамекен» экспедициясы алдағы уақытта Алаш даласының қазыналы, құй­­­қалы өңірін тегіс араламақ. Атамекен деген бір ауыз сөздің өзінен көкірегіңде кү­міс сәуле жарқылдап, тұла бойың рахат бір сезімге бөленіп, ішің уылжып ке­те­рі бар. Өйткені бұл біздің қасиетті ата-баба­­мыздың ұрпағына қалдырған ұлы мұрасы!

 

Ақмола облысы