Іс-шара БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің бас директоры Татьяна Валовая мен еліміздің аталған бөлімшедегі тұрақты өкілі Жанар Айтжанованың қатысуымен өтті. Тараптар Елбасы кітапханасы мен БҰҰ бөлімінің Женевадағы кітапханасы арасындағы ынтымақтастық жоспарын талқылап, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы мен БҰҰ бөлімінің Женевадағы кітапхана және архиві арасындағы ниет туралы хаттамасына қол қойды. Құжат архив, тарих салаларындағы көпжақты, халықаралық қарым-қатынастар мен құндылықтарды зерттеудің ынтымақтастығын, Біріккен Ұлттар Ұйымының қызметі мен Қазақстанның тарихи мұрасын зерттеудегі серіктестікті көздейді.
Жиында Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат: «Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың тарихи шешімінің арқасында Семей ядролық полигонын жапқан Қазақстан қарусыздану саласы көшбасшыларының бірі болып мойындалды. 2009 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы бірауыздан қарар қабылдап, 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялады. Бейбітшілік пен жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған көптеген басқа бастамалар сияқты мұны да Елбасы ұсынды. Оның «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесті Бас Ассамблея мен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің ресми құжаты мәртебесін алды. Қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында Қазақстанның бітімгер және ядролық қаруға тыйым салу идеясының авторы ретінде рөлі зор. Бұл бағытты 2011-2013 жылдар аралығында БҰҰ Бас хатшысының орынбасары және Женевадағы БҰҰ Еуропа бөлімінің басшысы болып жұмыс істеген Мемлекет басшымыз Қ.Тоқаев жалғастырып келеді», деді.
БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің бас директоры Татьяна Валовая да Қазақстанның ядролық қарусыздануға қосқан үлесіне тоқталып, өзара байланысты одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасымен қарым-қатынас орнату біз үшін үлкен мәртебе. Н.Ә.Назарбаев – ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басындағы әлемдік деңгейдегі ірі саясаткерлердің бірі. Оның есімімен аталған мекеменің архиві мен кітапханасын көпшілікке қолжетімді ету – ақылмен табылған ой. Бүгінде кітапхана – әрі ғылыми орталық, әрі маңызды халықаралық іс-шаралардың ұйытқысы. БҰҰ Қазақстан Республикасының екіжақты ынтымақтастықтағы тұрақты ұстанымын және негізгі бастамаларын, атап айтқанда, қарусыздану, ұлтаралық және конфессияаралық диалог құру сияқты идеяларын жоғары бағалайды. Зерттеушілердің біздің кітапханаға да, Елбасы кітапханасына да қызығушылығы зор», деді Т.Валовая. Оның айтуынша, 1946 жылы Ұлттар Лигасының барлық архиві мен басылымын қолға алған БҰҰ кітапханасы мен архиві қазіргі уақытта өз қорын цифрландыру бойынша ауқымды жобаны жүзеге асырып жатыр. Енді бірегей материалдар әлемнің кез келген жеріндегі зерттеушілерге қолжетімді болады. Бүгінде БҰҰ кітапханасы мен архиві қорында 17 миллионнан астам кітап бар. Кездесуде кітапханалар арасында электронды кітап алмасу ұсынылды.
Өз кезегінде Женевадағы БҰҰ кеңсесі кітапханасы мен архивінің директоры Франческо Пизано былай деді: «Қарусыздану және ядролық қаруды таратпау – БҰҰ кеңсесі кітапханасы мен архиві қызметінің маңызды бағыттарының бірі. Көптеген материал, құжаттар мен кітаптар аталған мәселелерді қамтиды. Сондықтан да Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының да бұл мәселелермен айналысатынына қуанып отырмыз. Бұл өзара ынтымақтастығымызды нығайта түседі».
Естеріңізге салсақ, осы жылдың 30 тамызы мен 1 қыркүйегі аралығында Елбасы кітапханасы Женева қаласында халықаралық ұйымдардың өкілдерімен бірқатар іс-шара мен кездесу өтті. Олардың аясында жаһандық және аймақтық қауіпсіздіктің, архивтік және тарихи зерттеулердің, дипломатия мен халықаралық қатынастардың мәселелеріне қатысты ынтымақтастықты дамытуға бағытталған құжаттарға қол қойылды. Сондай-ақ Елбасы кітапханасы Женева саясат және қауіпсіздік орталығы ынтымақтастық меморандумы бекітілді.
Семей ядролық полигоны жабылуының 30 жылдығына және 29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күрес күніне орай Женевада «Қазақстан – БҰҰ: Бейбітшілік үшін серіктестік» халықаралық конференциясы өтті. Конференция барысында ағылшын тіліндегі «Ядролық қарусыз әлемге бетбұрыс: Елбасы бастамалары» ғылыми жинағының тұсаукесері болды.