24 Қаңтар, 2014

Серпінділіктің жаңа бағыты

294 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мұнайлы Атыраудың қарқынды дамуын назарынан тыс қалдырған емес. Соған орай өңір жұртшылығының Тұңғыш Президентке деген ыстық ықыласы да ерекше. Бұл өңір орталығында Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауын талқылаған актив жиналысында тағы бір байқалды. Әуелі облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов биылғы Жолдаудың маңызын төмендегіше сипаттап берді.

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мұнайлы Атыраудың қарқынды дамуын назарынан тыс қалдырған емес. Соған орай өңір жұртшылығының Тұңғыш Президентке деген ыстық ықыласы да ерекше. Бұл өңір орталығында Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауын талқылаған актив жиналысында тағы бір байқалды. Әуелі облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов биылғы Жолдаудың маңызын төмендегіше сипаттап берді.

– Еліміз тәуелсіздік алғалы бері өзіндік даму моделін – Қазақстан жолын қалыптастырды. Табыстылық формуласының авторы – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ХХІ ғасырдың бірінші жартысына дейінгі бағыт-бағдарымызды айқындап, оны жүзеге асырудың нақты жолдарын көрсетіп берді. «Қазақстан-2050» Стратегиясымен ел дамуының жаңа кезеңі басталды. Сондай-ақ, қоғамды толғандырып жүрген мәселеге де нүкте қойылды. Бұл – Ұлттық идея мәселесі. Ұлтты ұйыстырып, мәңгі мақсаттарға жетелейтін идея – «Мәңгілік Ел» идеясы. Бұл идея жайдан-жай туа салған жоқ. Жерұйықты арман еткен көне заманғы бабалардан бүгінгі ширек ғасырлық Тәуелсіздік тарихымызда түзілген, Елбасы атаған жеті құндылық негізінде терең толғаныстан туған көшелі ой, – деді облыс әкімі.

Өңір басшысы Жолдауда айтылған міндеттерді іске асыруға байланысты жоспарлы шараларды жұртшылыққа кеңінен таныстырды. Әкімнің мәлім етуінше, қазір өңірде Индустрияландыру картасы шеңберінде құны 1,4 триллион теңгені құрайтын 35 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде өткен жылы 10,6 миллиард теңгелік 7 жоба іске қосылыпты. Ал биыл жалпы құны шамамен 17,7 миллиард теңгенің 5 жобасын іске қосу жоспарланып отыр. Сонымен бірге, өңір басшысы «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының жанынан ғылым және инновациялық орталық құруды ұсынып отыр. Бұл орталықтың жұмысына мұнай өндіруші кәсіпорындарды кеңінен тарту қажет, деп есептейді Б.Ізмұхамбетов.

Өңірде «Жасыл экономика» жобасы аясында күн мен жел қуатын кеңінен пайдаланудың басты назарда болатыны айтылып қалды. Қазір осы бағытта үш шетелдік инвестор зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Өңір экономикасына инвестиция құятын жобалар мұнымен шектелмейді. Олай дейтініміз, былтыр алғаш рет өткізілген «Atyrau-inbest» халықаралық форумында 50 миллиард теңгенің 11 жобасына қол қойылған еді. Мұның бәрі де инвестициялық жобалар болғандықтан, өңір экономикасының өркендеуіне тың серпін беретіндігі даусыз. Бұл жобалардың арасында фармацевтикалық дәрі-дәрмек шығаратын зауыттың құрылысы да бар.

Ал жақында білім беру саласындағы үш ауысымдық оқыту мәселесі түпкілікті шешімін тапты. Осы кезге дейін бұл мәселе, әсіресе, Жылыой ауданында күрделеніп тұр еді. Бұдан оншақты күн бұрын аталған ауданда жаңа мектептің тұсауы кесіліп, үш ауысымда білім беріп келген білім ұяларының жүктемесі азайды. Былтыр Атырауда 5 оқу орнына техникалық және кәсіптік білім саласында дуалдық оқыту жүйесінің ұлттық ядросын құру, жастардың техникалық білім алуына мемлекеттік кепілдік беру енгізілген екен. Енді биыл тағы да 4 оқу орнына дәл осындай жүйені енгізу жоспарланып отыр.

Осындай игілікті істер атқарылып жатқан өңір жұртшылығы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдаудың ерекше серпін бергенін тілге тиек етті. Мәселен, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры Бейбіт Мамраев, Индер аудандық мәслихатының депутаты Орынша Ділмұхашева, «Возраждение» болгар этномәдени бірлестігінің жетекшісі Юрий Кустадинчев, жазушы Рақымжан Отарбаев, облыстық мәслихаттың депутаты А.Думлер еліміз серпінді, екпінді қарқынмен өркендеудің жаңа бағытын таңдады деген ойларымен бөлісті.

Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,

«Егемен Қазақстан».

Атырау облысы.

Соңғы жаңалықтар

Алдағы күндері күн жылынады

Ауа райы • Бүгін, 17:55