Қазақстан • 01 Қыркүйек, 2021

Швейцарияда Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы тойланды

334 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Швейцарияның Женева қаласында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында «Қазақстан – БҰҰ: бейбітшілік үшін серіктестік» халықаралық конференциясы өткізілді, деп хабарлайды Egemen.kz Елбасы кітапханасына сілтеме жасап.

Швейцарияда Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы тойланды

Іс-шара Семей ядролық полигонының жабылуының 30 жылдығы мен 29 тамыз - Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күрес күніне орай ұйымдастырылды.

Конференцияға қазақстандық және шетелдік саясаткерлер, ядролық қарусыздану саласындағы сарапшылар, дипломатиялық өкілдіктер мен миссиялардың өкілдері қатысты.

Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат өз баяндамасында мемлекетіміз «ядролық клуб» мүшелігінен абыроймен бас тартқанын атап өтті.

«Қазақстан ядролық қаруды таратпау мен қарусыздану мәселелеріндегі ашықтық үлгісін әлемге іс жүзінде көрсетті. Бұл ашықтықты ол сыртқы саясат іргетасының бір кірпішіне айналдырды. Нәтижесінде еліміз ядролық қаруды таратпау және атом энергиясын бейбіт мақсатта қолдану саласындағы барлық іргелі халықаралық шарттарға қатысушы атанды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қаруға қарсы бастамаларын ілгерілетіп, халықаралық қауіпсіздікті нығайту жөніндегі саясатты жалғастыруда. Мемлекет басшысы 2019 жылдың қыркүйегінде өткен БҰҰ Бас ассамблеясының 74-сессиясында әлемді ядролық қарудан азат ету Қазақстан үшін негізгі міндеттердің бірі екенін атап өткен болатын», деді ол өз сөзінде.

1949 жылдан 1989 жылға дейін Семей полигонында жүргізілген жарылыстың саны – 456. Бұл көрсеткіш әлем бойынша жүргізілген ядролық сынақтардың 25%-ын құрайды. Радиацияның әсерінен 1,5 миллионнан астам адам зардап шекті. Шаруашылық айналымынан 300 мың шаршы километрден астам жер шығарылды. 

БҰҰ-ның Женевадағы бас директоры Татьяна Валовая жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға Қазақстанның қосқан үлесін алға тартты.

«40 жыл бойы ядролық сынақтардан көз ашпаған Семей полигонын жабу туралы Тұңғыш Президенттеріңіз Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси шешімі – нағыз ерлік. Бұл батылдықтың ізімен Қазақстан ядролық қарусыздануға бағытталған көптеген дәйекті бастамаларды дайындады. Осы тұста жер жаһанды ядролық қарудан азат ету күресін жалғастыру біз үшін де маңызды», деді Татьяна Валовая.

Конференция барысында Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры Ерлан Батырбеков, Ядролық қаруға тыйым салу жөніндегі халықаралық кампанияның директоры Беатрис Фин, БҰҰ-ның қарусыздану мәселелерін зерттеу жөніндегі институт директоры Робин Гайсс баяндама оқыды.