Біздің қоғамда Елбасының жыл сайынғы Жолдауынан жақсы жаңалықтар күту, қоғамның дамуында оңтайлы өзгерістерге қадам жасалатындығына сеніммен қарау дәстүрі қалыптасқан. Биылғы Президент Жолдауы да болашаққа деген сенім ұялататын нақты жоспарлар мен кемел келешектің негізін анықтайтын басты құжат болып отыр.

Біздің қоғамда Елбасының жыл сайынғы Жолдауынан жақсы жаңалықтар күту, қоғамның дамуында оңтайлы өзгерістерге қадам жасалатындығына сеніммен қарау дәстүрі қалыптасқан. Биылғы Президент Жолдауы да болашаққа деген сенім ұялататын нақты жоспарлар мен кемел келешектің негізін анықтайтын басты құжат болып отыр.
«Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» деп аталатын биылғы Жолдауда қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты, стратегиясы «Қазақстан-2050» бағдарламасын жүзеге асырудағы негізгі міндеттер анықталып, Қазақ елін әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосудағы басты жоспарлар мен атқарылуы тиіс шаралар айқындалған. Мұны ел болашағының тұтқасын нық ұстауға жасалған сенімді қадам деу керек.
Жолдауда Елбасымыз «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудың ең негізгі екі кезеңіне тоқталды. Оның бірінші кезеңі – 2030 жылға дейінгі индустриялық даму; екіншісі – 2030-2050 жылдар аралығындағы ғылыми инновация мен «жасыл экономика» қағидаларына негізделген орнықты дамуды жүзеге асыру.
Елбасының Жолдауын халыққа мемлекеттің мақсаттары мен міндеттерін, жоспарларын түсіндіретін басты құжат деп қараған дұрыс. Жолдауда мәңгілікті мұрат еткен Қазақ елі үшін келешек жаңа дәуірдің кемел келбеті айқындалған. Бұл әзірге біздің мұратымыз ғана болғанымен, оны жүзеге асырудың барлық мүмкіндіктері елімізде бар екендігіне өзіміз түгілі, бәсекелес сырт мемлекеттердің де көз жеткізе бастаған жайы бар. «Қазақстан-2030» Стратегиялық бағдарламасының сәтті жүзеге асырылуы бұған айқын дәлел бола алады. Ендігі меже – әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына ену.
Аталған жоспарға сәйкес біздің еліміз экономикада ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы өсімін 4 пайыздан кем қылмауды, инвестиция көлемін 18 пайыздан ішкі жалпы өнімнің 30 пайызына дейін ұлғайтуды, Қазақстанның экспорттық әлеуетіндегі шикізаттық емес өнімнің үлесін 70 пайызға дейін арттыруды көздейді. Қазір шағын және орта бизнес Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің 20 пайызын өндіретін болса, 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 50 пайызға дейін көтерілмек. Бұл елімізді бірте-бірте сыртқы экономикалық тәуелділіктен құтқаруға жол ашпақ. Сонымен қатар, 2050 жылға дейін еліміздің ішкі жалпы өнім көлемін жан басына шаққанда 13 мың доллардан 60 мың долларға дейін арттыру жоспарланған. Яғни, қазіргіден 4-5 есе артық деген сөз. Мұнымен қоса, жоспарға алынған мақсаттарды оңтайлы жүзеге асыра алатын болсақ, қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 80 жасқа дейін ұлғайып, Қазақстан медициналық туризмнің жетекші еуразиялық орталықтарының біріне айналмақ.
Абай атамыздың істі қалай аяқталғанынан емес, қалай басталғанынан танимыз деген тамаша сөзі бар. Қазақ елінің бүгінгі бастамасына қарап, оның кемел болашағын тануға болады. Бұл жолғы Жолдау жарқын болашаққа апарар жақсы істердің зор бастамасы екені күмәнсіз. Жолдауда «Қазақстан-2050» – Мәңгілік Елге бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол екендігі айтылған.
Мәңгілік Ел болудың мұраттарын айшықтауда, Мәңгілік Елдің кемел келбетін қалыптастыруда шешілуі тиіс негізгі мәселелер мен жеті міндет Президент Жолдауының негізін құрайды. Ең басты бірінші міндет – инновациялық индустрияландыру. Еліміздегі өндіруші секторлар тиімділігін арттыру. Шикізат өндіру мен өңдеудің жаңа тәжірибелерін жетілдіру. Геологиялық барлау саласында әлемдік нарыққа шығу. Бұлар алғашқы бесжылдықта жүзеге асырылуы тиіс шаралар ретінде атап көрсетілген.
Одан кейінгі бесжылдық пен кезеңдерде мобильді, мультимедиялық, нано және ғарыштық технологиялар, робот техникасы, гендік инженерия салаларын дамыту, болашақтың энергиясын іздеу мен ашудың негізін салу міндеттері тұр. Сонымен қатар, мемлекет жұмысының негізгі бөлігі Қазақстан бизнесін, яғни шағын және орта бизнесті дамытуға барынша қолайлы жағдай жасау, ғылымды экономикалық дамудың негізіне айналдыру мәселелерін шешу жоспарланған.
Екінші міндет – Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіру. Яғни, ауыл шаруашылығын заманауи технологияларды енгізу арқылы дамытуды қолға алу. Елімізде ауылшаруашылық өнімдерін өндіруге зор мүмкіндіктің бар екенін ескерсек, өнім өндіруде үлкен жетістіктерге қол жеткізуге болатындығына сенеміз. Ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды, әлемдік стандарттарды енгізіп, өнімділікті үздіксіз арттыру – басты міндеттердің бірі. Жолдауда мұны жүзеге асыру үшін жерді тиімді пайдалануға бөгет жасайтын барлық кедергілерді жою, фермерлердің қаржы нарығына делдалсыз тікелей шыға алуына мүмкіндік тудыру, несиелендірілуді қолға алу керектігі айтылған.
Үшінші міндет – Қазақстан ғылымының әлеуетін арттыру. Яғни, ғылымды инновация мен экономиканың, өнім алу мен табиғат ресурстарын пайдаланудың негізгі көзіне айналдыру. Себебі, ғылымсыз технологияда өнім өндірудің, энергия көздерін пайдаланудың жаңа әдістері де жүзеге аспайды. Сондықтан ғылымның әлеуетін арттыру қарқынды дамуымыздың кепілі болмақ. Бұл – әлемдік тәжірибеде дәлелденіп келе жатқан үдеріс.
Төртінші міндет – инфрақұрылымдық үштаған: агломерацияның, көліктің, энергетиканың дамуын қамтамасыз ету. Агломерация – елді мекендерді біріктіру, жинақтау. Халық пен инвестицияның шоғырланған ірі орталықтарын қалыптастыру. Ғылым мен техниканың соңғы жетістіктерін пайдалану арқылы қол жеткізілетін экономиканың ұстыны болып табылады.
Көлік инфрақұрылымы – индустриялық экономика мен қоғамдық өмірдің тамырына қан жүгіртетін жүйе. Бұл елімізде қарқынды жүзеге асырылуда. Еліміз «Астана – Қарағанды – Алматы», «Астана – Павлодар – Өскемен», «Алматы – Қапшағай – Өскемен» автожолдарын салуды бастады. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінің құрылысы да аяқталуға таяу, Парсы шығанағына шығу үшін Түркіменстан мен Иранға теміржол тартылды. Қазір ұзындығы 1200 шақырым болатын «Жезқазған – Шалқар – Бейнеу» жаңа теміржолы салынып жатыр, оны 2015 жылы аяқтау көзделген. Осының барлығы – көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында мемлекет тарапынан қолға алынып, жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар.
Энергетика – ХХІ ғасыр үшін әлемдік деңгейдегі аса ірі мәселелердің бірі. Дүниежүзінде энергетикалық тапшылық жаһандық проблемаға айналып отыр. Еліміз үшін мұны шешудің басты жоспары Жолдауда нақты айтылған. Ол жаңа мұнай өңдеу зауытын салу және еліміздегі бай уран өнімін тиімді пайдалану, ел экононмикасына қызмет еткізу үшін атом электр стансасын салу. Бұл энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізуде тиімді болмақ. Аталған жоспар – еліміздің жарқын болашағы үшін, энергетикалық мұқтаждыққа тәуелді болып қалмас үшін қолға алынғалы отырған шаруа. Ол Қазақстанның кемел келешегіне, экономикалық, энергетикалық дамуына қызмет етпек.
Бесінші міндет – шағын және орта бизнесті дамыту. Бұл Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының қуатты экономикалық негізі болмақ. Шағын және орта бизнесті дамыту ішкі жалпы өнімді өндіруді 20 пайыздан 50 пайызға дейін көтеруде аса маңызды. Мұның елімізді сыртқы экономикалық тәуелділіктен құтқарудағы рөлі зор. Мемлекеттің экономикалық қуатын арттырады. Жалпы, шағын және орта бизнесті дамытуға қолдау көрсетуді Елбасымыз барлық бағдарламалар мен стратегиялық жоспарларында үнемі айтып келеді. Мұндай істі қарқынды жалғастыру – кемел келешек кепілдіктерінің бірі. Елбасы Жолдауында «Стратегия – күннен-күнге, жылдан-жылға елімізді, қазақстандықтардың өмірін жарқын ете түсетін нақты практикалық істер бағдарламасы. Бірақ нарықтық жағдайда аспаннан нәпақа күтпей, тиімді еңбектену керектігін әркім-ақ түсінуі тиіс. Мемлекеттің міндеті – осыған барлық жағдайды жасау», деп нақты айтып өткен. Шағын және орта бизнесті дамытудың негізгі кілттерінің бірі – еңбек ету, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қадам жасау. Мемлекет оған бар мүмкіндіктерді тудырмақ.
Алтыншы міндет – қазақстандықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасау. Яғни, Жолдауда жоспарға алынған бұл мәселе қоғамдық ресурс – азаматтардың денсаулығын, білімін жетілдірумен байланысты. Мұнда білім беру деңгейін жетілдіру, мектепке дейінгі біліммен қамтуды 100 пайызға жеткізу, халыққа медициналық-санитарлық көмек көрсету жүйесін дамытуды қолға алу жоспарланған. Сонымен қатар, Жолдауда жалпықазақстандық мәдени саясаттың тұжырымдамасын әзірлеу қажеттілігі атап көрсетілген. Мәдени ментальділік, мемлекеттік тілді әрі қарай дамыту, оны ұлттың ұйытқысына айналдыра білу қажеттігі де басты назарға алынған.
Елбасы Жолдауында осы міндеттің ішіне әлеуметтік қызметкерлердің әлеуметтік пакеттерін қайта қарастыру, 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақысын – 28, білім беру саласы қызметкерлерінің жалақысын – 29, әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінікін 40 пайызға дейін, мүгедек жандар мен асыраушысынан айырылған адамдардың жәрдемақысын 25 пайыз, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап студенттердің шәкіртақысын 25 пайыз көтеру туралы мәселені Үкіметке қарауды тапсырды. Мұның барлығы дамыған 30 елдің қатарына енудің стратегиялық жоспарларымен сәйкеседі.
Жолдаудағы мемлекет алдына қойылған жетінші міндет – мемлекеттік институттар жұмысын жетілдіру. Әлемдегі 30 дамыған елдің қатарына қосылуда адал бәсекелестік, әділеттілік, заңның үстемдігі мен жоғары құқықтық мәдениет ахуалы, сот жүйесінің іс жүзінде ашық және қолжетімділігі, әкімшілік реформаның қажетсіз қағазбастылық пен құжат айналымының қолайсыз үдерісіне айналмауын қамтамасыз ету аса қажет.
Президент Үкіметке 2014 жылдың аясында нақты жүзеге асырылуы қажет келесідей міндеттер жүктеді. Олар – ел экономикасының өсімін 6-7 пайыз деңгейіне жеткізуді қамтамасыз ету; инфляцияны 3-4 пайызға дейін төмендету шараларын әзірлеу; 2030 жылға дейінгі Қаржы секторын дамытудың бағдарламасын әзірлеу; мемлекеттің қатысы бар барлық компанияларға талдау жүргізіп, жеке секторға берілетін кәсіпорындар тізімін анықтау; жылдың соңына дейін Астана және Алматы қалаларында агломерация қалыптастырудың 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған Стратегиясы жобасын әзірлеу; Үкіметтің халықаралық сауданы іске асыру кезіндегі кедергілерді алып тастау мәселелерін қарастыра отырып, Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын әзірлеу және төртінші мұнай өңдеу зауыты мен атом электр стансасының орны, инвестициялар көзі мен құрылыс мерзіміне қатысты мәселелерді шешу.
Президент Жолдауындағы жоғарыда көрсетілген жеті басты міндет жүзеге асырылған жағдайда Мәңгілік Қазақ Елі үшін жаңа дәуірдің кемел келбеті айқын көрінбек. Ендігі басты мұрат – Елбасының Жолдауда белгілеп берген міндеттерін ел болып, жұрт болып жүзеге асыруды қолға алу. Оған қазақстандық әрбір азаматтың қосар үлесі зор. «Қарашада қара үй тұр, қарайлай жүр артыңа» деген даналық сөзді көңілге түйіп, өз елінің патриотымын деген әр азамат қазақтың Мәңгілік Ел болуына тамшыдай болса да үлесін қосса, Қазақ елінің жарқын болашағы нақты жоспардан жүзеге асқан шындыққа айналмақ. Біздің де басты міндетіміз осы. Бұл бабаларымыздың тұрмысы бақуатты, түтіні түзу шыққан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты Ел болу арманын орындаудағы ортақ парызымыз болмақ.
Ерболат МҰҚАЕВ,
Парламент Сенатының
депутаты.