Қазақстан • 01 Қыркүйек, 2021

Президент 2060 жылға қарай көміртегінен арылу міндетін жүктеді

435 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Жолдауында 2060 жылға қарай көміртегінен арылу міндетін жүктейтінін айтты, деп жазады Egemen.kz.  

Президент 2060 жылға қарай көміртегінен арылу міндетін жүктеді

«Мен тағы бір маңызды мәселеге арнайы тоқталғым келеді. Дүниежүзі өнеркәсіп пен экономиканы экологиялық тазартуға бет бұрды. Қазір бұл – әншейін сөз емес, салық, баж және техникалық реттеу шаралары сияқты нақты шешімдер. Біз одан тыс қала алмаймыз. Мұндай шешімдер экспорт, инвестиция және технология трансферті арқылы елімізге тікелей әсер етеді. Шын мәнінде, бұл – Қазақстанның орнықты дамуы мәселесі. Сондықтан мен 2060 жылға қарай көміртегінен арылу міндетін жүктеп отырмын», деді Президент.     

Мемлекет басшысының айтуынша, өсім сапалы болу үшін қуат көздері қажет. 

«Қазақстанда 2030 жылға қарай электр қуатының тапшылығы пайда болады. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, мұның ең оңтайлы шешімі – бейбіт атом.  Бұл – күрделі мәселе. Сондықтан қауесетке сеніп, эмоцияға берілмей, оны барынша тиімді шешуіміз керек. Үкімет пен «Самұрық-Қазына» бір жылдың ішінде Қазақстанда қауіпсіз әрі экологиялық таза атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін зерттеуге тиіс», деді Мемлекет басшысы.   

Сонымен қатар инженерлік саланы дамыту және атом саласындағы білікті инженер мамандардың жаңа буынын қалыптастыру  туралы да сөз болды. Президент «жасыл» сутегі өндірісі, жалпы сутегі энергетикасының болашағы зор екенін атап өтті. Үкіметке осы мәселе бойынша да ұсыныс әзірлеуді тапсырды.