Бұл игі іс-шараны жүзеге асыру барысында Egemen Qazaqstan және «Казахстанская правда» газеттері қызметкерлерінен құралған делегация Қарағанды облысындағы Ұлытау-Жезқазған өңірі мен Жаңаарқа ауданының тарихи жерлерін аралап, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, екі мың шақырым шамасындағы жолды еңсерді.
Ақселеу биігінен басталды
Кеншілер астанасынан екі көлікпен шыққан экспедиция мүшелері түске таман Жаңаарқа ауданына ат-көлігі аман жетті. Құрамына Egemen Qazaqstan және «Казахстанская правда» газеттерінің қызметкерлері енген делегацияны «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Қамен бастап барды. Экспедиция құрамында Egemen Qazaqstan газеті бас редакторының орынбасары Талғат Батырхан, басылымның бөлім меңгерушісі Мирас Асан, Жанболат Кенжеғұл, «Казахстанская правда» газеті сайтының редакторы Евгений Федоров, «Казахстанская правда» газетінің тілшісі Зарина Москау, қарағандылық ардагер журналист, этнограф-жазушы Төрехан Майбас, Saryarqa аqparat ЖШС директоры Қамбар Ахмет, Қарағанды облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Нұржан Ілияшев болды. Сонымен бірге, экспедицияға жергілікті Saryarqa телеарнасының тілшісі Мақсат Бейсенаев пен оператор Олжас Ғаббасов ақпараттық қолдау көрсетті.
Жаңаарқа ауданының орталығына жеткенде, «Атамекен» экспедициясын аудан әкімінің орынбасары Қанат Қожықаев, ішкі саясат бөлімінің басшысы Жалғасбек Сайлаубеков, аудандық «Жаңаарқа» газетінің редакторы Салтанат Ералина қарсы алды. Жаңаарқа кентінде, атап айтқанда, «С.Сейфуллин атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» мекемесінде экспедиция мүшесі, этнограф-жазушы Төрехан Майбастың «Құрмалдық» деп аталған кітабының тұсаукесері ұйымдастырылды.
Алаштың аяулы тұлғасы Ақселеу Сейдімбектің дүние танымы турасында сыр шертетін бұл туындының құндылығы жөнінде жылы пікірлер айтылды. Сонымен қатар тұсаукесер рәсімінде жергілікті өнерпаздар Ақселеу әндері шырқалған шағын концерт қойып, жолсоқты болып келген экспедиция мүшелерін өнердің рухымен сергітті. Кітап авторы музей қорына және экспедиция мүшелеріне өзінің құнды еңбегін сыйға тартып, көрсетілген сый-құрметке алғысын білдірді.
Кітапханадағы келелі іс-шарадан кейін «Атамекен» экспедициясы Ақселеу Сейдімбектің мәңгілік тыныс тапқан мекеніне келіп, оқылған Құранның, бағышталған дұғаның ішінде болып, тау тұлғаның рухына тағзым етті. Ұлт руханиятының дамуына өлшеусіз үлес қосқан қайраткер тұлға 2009 жылдың 16 қыркүйегінде дүниеден озған болатын. Өзінің аманаты бойынша оның сүйегі қазір жұрт «Ақселеу биігі» деп атап кеткен төбе басына қойылған. Марқұмның құлпытасына «Көктегі күнге, жердегі елге мейірім қанбады», деген мәнінің астары тым тереңде жатқан өз сөзі жазылған.
Айта кету керек, Ақселеу Сейдімбек 1976-1983 жылдар аралығында «Социалистік Қазақстан» (қазіргі Egemen Qazaqstan газеті) газетінде Әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болып қызмет еткен. Міне, «Егемен» ұйымдастырған экспедицияның Ақселеу биігінен бастау алғанында осындай символикалық мән жатқан еді.
Жезқазған жеріндегі жылы жүздесулер
Ақселеу биігінен аттанған «Атамекен» экспедициясы 325 шақырымды артқа тастап, Жезқазған қаласының шетіне іңір түскен мезгілде ат тұмсығын іліктірді. Бұл жерде делегация мүшелерін қалалық ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Мереке Мырзабекова мен Сәтбаев қалалық ішкі саясат бөлімінің қызметкері Дархан Мұқан бастаған топ қарсы алды.
Ертесіне «Атамекен» экспедициясын Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Әбсаттаров қабылдап, баспасөз өкілдерін өңірдің қазіргі тыныс-тіршілігімен таныстырды.
Жалпы алғанда қаланың экономикалық көрсеткіштері қалыпты деңгейде екен. Соңғы үш жылда оның қарқыны 1,7 есе артқан. Қаладағы негізгі өндіріс көзі – «Қазақмыс» корпорациясының кәсіпорындары. Олардың өнімдері қала экономикасының 96%-ын құрайды. Әкімнің айтуынша, қазіргі басты мақсаттың бірі – шағын және орта бизнесті дамытып, сол арқылы моно қала қатарынан шығу.
Жезқазғанның рухани өрісі кең, өзіндік келбеті бар шаһар екені рас. Қалада музыкалық-драма театр, университет, 2 музей, филармония, 20 мектеп, 8 колледж жұмыс істейді. Жұмыссыздық деңгейі республикалық көрсеткіштен аспайды, орташа жалақы көлемі бойынша республика бойынша 3-4 орынды иеленеді.
Жезқазғанның әкімі әңгіме барысында Тәуелсіздіктің 30 жылдық тойы құрметіне «Жезқазғанның 70 жылдығына 70 игі іс» жобасын жүзеге асыруды бастап кеткендерін мәлім етті.
«Жобаға кірген 70 игі іс қалада жайлы жағдай жасауға және оның сәулеттік келбетін жақсартуға, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, Жезқазғанды инвестициялық және басқа да жобаларды іске асыру тұрғысынан тартымды, ең жайлы қала ретінде танымал етуге, адами капиталды тиімді пайдалануға бағытталған», дейді Қайрат Әбсаттаров.
Кездесу барысында қаладағы ауыз су және экологиялық ахуалдың күрделі мәселелері, оны шешудің жолдары да сөз болды.
Бұдан кейін экспедиция мүшелері Жезқазған тарихи-археологиялық музейінде болып, ежелгі заман сырын шерткен экспонаттармен танысты. Аталған мұражай қорында 50 мыңға тарта жәдігер сақталған.
Мекеменің соңғы жылдар ішінде қол жеткізген табыс та аз емес. Мысалы, Кедендік одақ пен ТМД мүшелері – Ресей, Украина, Қазақстан, Беларусь және Әзербайжан республикаларын қамтыған жалпымемлекеттік ұлттық рейтинг-бағдарламасы бойынша алтын медальмен және «Сала көшбасшысы-2014» ұлттық сертификатымен марапатталған. 2015 жылы Жезқазған тарихи-археологиялық музейіне Қазақстан ИКОМ ЮНЕСКО-ға қарасты Халықаралық музейлер кеңесінің шешімімен «Жыл музейі» дипломы табысталған.
«Атамекен» экспедициясының мүшелеріне Жезқазған жерінің жылылығын сездірген жанның бірі – «Егеменнің» елдегі жанашыры, белгілі меценат Бекзат Алтынбеков болды. Алыс жолдан келген делегацияның тынығып алуына барлық жағдайды жасаған азаматқа деген алғыс мол, әрине.
«Жошы ханға» жол керек
Жезқазған қаласынан Жошы хан кесенесі орын тепкен жерге дейінгі қашықтық 50 шақырымдай болады. «Атамекен» экспедициясының мүшелері қара жолдың шаңын шығарып межелі жерге жеткенде, құладүзде бой көтерген сәулетті ғимаратты көріп таңғалғаны рас еді. Қысқа уақытта қабырғасы қаланған бұл кешеннің құрылысын қазірдің өзінде аяқталған деп сеніммен айта беруге болады. Оның ашылуы биылғы қазан айына жоспарланған көрінеді.
Кешеннің аумағы өте ауқымды: ол 2,5 мың шаршы метрді құрайды. Оның ішінде, 1,8 мың шаршы метр аумақта көрме залы, асхана, 20 орындық қонақ үй мен намазхана сияқты бөлімдер орналасқан. Үлкен дәліздің кіреберісіне монитор қойылған, оның көмегімен кесенеге келушілер кешеннің ішкі мазмұнымен және Жошы хан кесенесінің тарихымен қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде таныса алады.
Мәдени-тарихи кешеннің ауласында Жошы хан ескерткіші орын тепкен. Биіктігі бес метр болатын бұл мүсінді Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Ғазиз Ешкенов сомдапты. Ескерткіш жанына хан шатыры орын теуіпті. Оның іші кілемдермен және әшекейлермен көмкерілген, сонымен қатар суретке түсушілерге арналып символикалық тақ орнатылған екен. Бұдан бөлек, кешен аумағында «Ақсақ құлан» мен пар ат жегілген күйме сынды сәулет нысандары тұр, тулар, тутұғырлар қойылған.
Кешен ғимаратының техникалық жақтарына толыққанды көңіл бөлінген. Атап айтсақ, экспозициялар мен демонстрацияларға арналған залдар, намазхана, тамақ ішетін орын буфет-шайхана, қызметкерлердің тұруына арналған бөлмелер, демалуға арналған галереялар, кешенге келуші саяхатшы қауым мен қонақтарға арналған демалыс бөлмелері бар.
«Жошы хан» мәдени-тарихи кешенінің бөлім жетекшісі Бақытжан Көпбаевтың айтуынша, жаңа нысан Жезқазғандағы Халықтар достығы мен мәдениет үйі мекемесінің қарауына берілген екен.
Еске сала кетер болсақ, «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінің құрылысы Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған міндеттерді жүзеге асыру бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылдың 31 желтоқсанындағы №1059 Қаулысымен бекітілген «Ұлық Ұлыс» – Алтын Орданың 750 жылдығын дайындау және мерекелеу жөніндегі іс-шаралар» жоспарына енген болатын.
Жезқазған қаласының әкімі жаңа кешеннің негізгі мақсаты халқымыздың қалыптасу тарихының маңызды кезеңдерінің біріне елдің қызығушылығын оятып, туристерді тарту екендігін айтады.
«Жоба жүзеге асқанда жұрт Жезқазған қаласының ғана емес, Ұлытау ауданының да тарихи нысандарын аралауға мүмкіндік алады. Сонымен қатар бұл нысан Жезқазған өңірі мен еліміздің баға жетпес мәдени мұрасын насихаттауға да игі ықпалын тигізеді деген сенімдеміз», дейді Қ.Әбсаттаров.
Айта кететін бір жайт, экспедиция мүшелерінің Жошы хан кесенесіне аялдаған кезде мұндағы көненің ескерткішін тамашалап жүрген бірқыдыру көзімді шалды. Бұл көрініс жаңа кешен пайдалануға берілгенде, кесенеге келетін саяхатшы қауым санының тіпті де арта түсетініне көңілді сендіреді. Тек, бір ғана әттеген-ай бар: ол – жол мәселесі. Осы жағы ойдағыдай шешім тапса, Жошы хан мен Алаша хан кесенелеріне туристердің толассыз ағылатын түрі бар екен.
Ұлытау ұлықталсын десек...
Экспедиция мүшелері Жошы хан кесенесінен кейін 25 шақырым жердегі Алаша хан мазарына соққан соң, Ұлытау ауданының орталығына жол тартты. Ұлт ұясы қақпасының алдынан күтіп алған аудан әкімі Советбек Медебаев журналистер тобын Ұлытау ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайына бастады.
Қабырғасы 1990 жылы қаланған Ұлытау ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының жалпы ауданы 147,246 мың гектар. Ал музейдің өзінде екі көрме залынан басқа уақытша көрмелер, сақтау қоймалары, кітапхана, интернет-кафе және ақпараттық-туристік дүңгіршек үшін үй-жай қарастырылған. Мұражай қорында мыңдаған жылдар бойы Еуразия даласында өмір сүрген мәдени қауымдастықтардың дамуын көрсететін ерекше жәдігерлер бар. Олардың жалпы саны 4 902 екен.
Жалпы, Ұлытау ауданының аумағында көнеден қалған, ресми тіркелген 337 ескерткіш бар. Оның 282-сі Ұлытау қорық-музейі қорының тарихи-мәдени картасына енгізілген. Қорық-мұражайдың аумағында Алаша хан, Жошы хан, Теректі әулие сияқты әйгілі ескерткіштер, Байқоңыр, Басқамыр тастарындағы суреттер және басқа да түрлі тарихи жәдігерлер бар. Ұлытау қорығы өзінің ерекше флорасы мен фаунасымен танымал екендігін айта кету керек. Мұнда анықталған өсімдіктің 617 түрі бар екен, оның 90-ы емдік шөптер көрінеді.
Музей экспонаттарымен танысқан экспедиция мүшелері кенттегі жаңадан бой көтерген «Сапар орталығы» ғимаратында да болды. Құрылысы 2018 жылы басталған бұл нысан биыл келушілерге айқара есік ашпақшы. Мұнда туристерге қажетті барлық жағдай қарастырылған: дәмхана, кәдесый дүкендері, мәжіліс залы жұмыс істейтін болады. Ұлытау ауданының әкімі «Сапар орталығы» заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, саяхатшыларға жоғары деңгейде қызмет көрсетуге, мәдени-ағарту, ғылыми зерттеу жұмыстарын жандандыруға сүбелі үлес қосады дегенді айтады.
Ұлы қорғандар, қорымдар, Беғазы-Дәндібай мәдениетінің кесенелері, тастағы таңбалар, петроглифтер, шахталар, металл қорыту пештері және басқа да көне ескерткіштерімен әйгілі Ұлытау – жер аумағы бойынша еліміздегі ең ірі аудан. Алты облыспен шекара түйістірген оның территориясы 122,9 мың шаршы шақырымды құрайды.
Әттең, уақыттың тығыздығына байланысты, Алтын Орданың ханы Тоқтамыс, ұлы қолбасшы, ел қамын жеген Едіге жерленген тарихи орындарды, Алтыншоқы тауындағы Ақсақ Темір жазба қалдырған тас тақтаны көрудің сәті түспеді. Уақыт болған күннің өзінде, Ұлт ұясы – Ұлытауда бел суытар қонақ үйдің, жүрек жалғар асхананың жоқтығы қонақты қондырмас та еді. Қалай болғанда да, күні ертең туристер қаптап келіп жатса, Ұлытау ұятқа қалмасын десек, мейманхана мен дәмхана және сапалы жол міндетті түрде салынуы керек-ақ.
Күн ұясына құлаған мезгілде «Атамекен» экспедициясы биылғы жаз дала өртінен көз ашпаған Ұлытау ауданына тілеулестік білдіріп, екі қолын бұлғап қимай қоштасқан жаңа әкімінің қызметіне сәттілік тілеп, атқа қонды.
«Егемен Қазақстан» акционерлік қоғамы ұйымдастырған бұл жоба өзінің мақсатына жетті деп сеніммен айтуға болады: жоспарланған іс-шаралар түгелдей жүзеге асып, ел тарихын тануға, атамекенді ардақтауға, туризмді насихаттауға бағытталған миссия өз межесін бағындырған еді.
Сөз соңында астын сыза айтпағымыз, осы сапардың барысы тарихқа тұнған өлкемізге туристер лек-легімен келуі үшін тақтайдай тегіс жол керек екеніне көзді тағы бір мәрте жеткізді. Сонымен бірге, саяхатшыларға сапалы қызмет көрсететін қонақ үйлер саны да арта түссе деген тілек бар. Осы екі мәселе шешімін тапса – Жезқазған-Ұлытау өңірі туризм индустриясының шарапатын молынан көреді деп сеніммен айтуға болушы еді.
Қарағанды облысы