Аймақтар • 01 Қыркүйек, 2021

Қоныс аударушыларға көзқарас түзелгендей...

322 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Биылғы 24 мамырда «Казахстанская правда» газетінде  «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының аясында жұмыс күші артық өңірлерден Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударып келген ағайындарға жергілікті атқарушы билік басшылары сапасыз баспаналар ұсынып, қиын жағдайда қалдырғаны туралы «Немқұрайлық тұтқындары» («Заложники равнодушия») мақаласы жарияланған еді.  

Қоныс аударушыларға көзқарас түзелгендей...

Оған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударып, газетте көр­сетілген келеңсіз фактілерді тексеріп, тиісті шара қолдану жөнінде тапсырма бергені мәлім. Нәтижесінде, Айыртау және Есіл аудандарының әкімдері қызметтерінен босатылып, облыстық және аудандық деңгейдегі бірқатар шенеунік тәртіптік жауапкершілікке тартылған болатын.

Есіл ауданының жаңа әкімі Медет Оспановтың айтуын­ша, бүгінге дейін қоныс аудару­шыларға арнап 68 үй салынған, соның 43 үйіне оң­түстіктен көшіп келген аға­йындар кіріпті. Тағы 17 үй жаңа қоныстанушыларын кү­тіп тұр екен. Ал бұрын са­лынған сапасы төмен 8 үйді қайта жөндеп, кем-кетігін толықтыру жұмысы жүргізілу үстінде. Оларға Қызылорда, Түркістан облыстарынан қо­ныс аударушылар кіретін болып отыр.

Сонымен қатар жыл ая­ғына дейін тағы 29 үйдің құ­рылысы жүргізілетін көрі­неді. Олардың құрылыс сапасына қазір аудан мамандары мен ауыл әкімдері үнемі мониторинг жасап тұрады. Соның 18-і Николаевка ауылында, 11-і аудан орталығы – Явленка ауылында салынуда. Осы үйлерге көшіп келуші­лер түгел қоныстанады деген үміт бар.

Жуырда Ираннан ата­жұрт­қа оралған қандастар келіп, дайын үйлерге түсуге ниет білдіріпті. Олардың өкі­лі өздерінің 12 отбасы екен­­діктерін айтқан. Бәрі ара­­сы жақын елді мекендер­ге, мүм­кіндігінше шо­ғыр­лана орналасқысы келеті­нін айт­қан. Аудан басшы­лығы олардың тілегін қанағаттан­дырамыз деп отыр. Олардың 4 отбасысы Петровкаға, қал­ған 8-і Николаевкаға қоныс­тан­дырылмақ. Бұл ауыл­дардың бәрі үлкен жолдың үстінде орналасқан, оның бойында басқа да коммуника­ция­­сы жоғары мекендер.

Тұрғын үйлерді салушылар – жекеменшік бригадалар, олардан бұрын тек адамдардың баспанасын салу ғана талап етілген, соған сәй­кес 7 млн теңгеден сатып алу көзделген. Енді қосымша ағаштан 4х6 көлемінде шағын отын, мал қоралар салып беру де қарастырылып, сатып алу бағасы 8 млн теңгеге дейін өсірілген. Оған биылғы бюджеттен қосымша қаражат қарастырылыпты.

Бұрын берілген үйлердің қыста суық болғанына шағым айтушылар көп болғаны белгілі. Жаңа әкім бұл мәселеге қазір қатты мән беріліп, үйлердің едендері қопарылып алынып, астын топырақпен тығыздау жұмысы жүргізіліп жатқа­нын айтты. Сонымен қатар жылу шықпас үшін үйдің төбесіндегі ағаш ұнтағын ке­мінде 20 сантиметрге дейін қа­лыңдату, жылыту батарея­ларын бұрынғыдан сапалы түріне ауыстыру қолға алын­ған. Оның арасына тіпті құры­лыс мақтасы салына­тын бо­лыпты. Үйлердің сыртын да пе­но­пластпен қосым­ша қап­тау жұмыстары талап етілген.

Әрине, бұлар қосымша қаражат талап етеді. Бюд­жет­те ондай ақша қарас­ты­рыл­маған. Бұл мәселе қалай шешіліп жатыр деген сұраққа бұрынғы үй салушылардың осында әлі де жаңа үйлер са­лып, жұмыс­тарын жалғас­тырып жат­қан­дығын пайдаланып, ке­лісімшарт бойынша олар үйдің сапасына 2 жыл бойы жауап бере­тін­дігін ескертіп, үйлерді бү­тін­деуін міндеттедік деді. Құрылысшылар бұған келіс­кен.  

Салынып жатқан үйлерді өз көзімізбен көру үшін Петровка ауылына жол тарттық. Мұнда бізге ауыл әкімі Оралбек Қоңқабаев қоныс аударушылардың үйлерін аралатты. Қазір Қы­зыл­жар өңірінде жаздың соңғы күндері біршама ыстық болып тұр. Бұл құрылыс жұ­мыстарын жүргізуге кедергі келтірмейді. Қоныс аудару­шыларға берілетін үйлер­дің көлемі 84 шаршы метр­ден екен, жылу, жарық, су ен­гі­зіліп жатыр. Үйлердің жаны­нан шағын отын қора мен шарбақ салынып жатыр. Мұндағы үйлердің жалпы саны – 14. Соның бәріне көшіп келушілер табылып отырған көрінеді. Дайын үй­лер­дің 2-уі –Алматы, 2-уі – Тал­дықорған, 2-уі – Түркі­стан облыстарынан және 2-уі Нұр-Сұл­тан қаласынан қоныс аударып кел­етін отбасыларға бері­ле­тін болыпты.  Қалған үйлердің құрылысы әлі жүріп жатыр.

«Қоныс аударушылар мен қандастардың балалары осын­дағы аралас мектепке орналасады, өздеріне де мектеп, балабақша, кеңсе маңы­нан және мамандығы барлар­ға осын­дағы серіктестік­тен жұ­мыс табылады», дейді Оралбек.

Біз астанадан көшіп келген Қанағат Заупанның отбасында болдық. Олардың қоныстанып жатқанына 2 апта ғана болған екен. Үй иелерінің жүздері жарқын, қуанышты екендіктері көрі­ніп тұр. Олар 2008 жылы Қытайдан көшіп келген қан­дастарымыз болып шықты. Бірнеше жыл Нұр-Сұлтанда болып, енді қоныс аудару бағдарламасын пайдаланып, Қызылжар өңіріне табан тіреуді жөн көрген екен. Қанағаттың бұрын массаж кабинеті болған екен. Әйелі Қадиша – музыка маманы. Отбасының мектеп жасына дейінгі екі баласы бар.

«Біз қоныс аударушы ағайындардың екеуіне де жұмыс тауып беруге тырысамыз. Әсіресе Қадишаның мамандығы бізге керек. Ал Қанағаттың өзі қаласа, осы жерден немесе 15 шақырым жердегі аудан орталығынан массаж кабинетін ашып алуына болады», дейді әкім.

Біз барған күні Қанағаттың астанада тұратын ағасы Та­лап­бек те отбасымен бірге келе қалды. Ол – Қытайда ме­ди­­­ци­­налық мамандық алған нев­ро­­патолог екен. «Інім жақ­сы сі­­ңіп, келген жері ұна­са, мен де көшіп келемін», дей­ді ол. Қа­нағат үйдің жақсы еке­нін а­йтып, ризашылығын білдірді.

Аудан орталығына көшіп келгендер де ризашылық­тарын білдірді. Солардың бірі – Таңсұлу Құдабаева аудан­дық ауруханаға медбике болып орналасыпты. Төрт баласы осындағы мектепте оқиды. Жұбайы да жұмыс істейді. «Аудан орталығында бәрі бар. Міне, биыл балаларға ар­налған зәулім спорт кешені де тұрғызылып жатыр. Мек­теп те жақсы», дейді ол.

Явленка ауылында 327 млн теңгеге салынып жат­қан спорттық-сауық­тыру кеше­ні шынында да зәулім ғима­рат екен. Онда спорттың ко­ман­далық ойындар, күрес, бокс сияқты он шақты түрімен айналысуға болады. Құрылыс жұмыстары қазан айын­да аяқталатын көрінеді. Әрине, қоныс аударушылардың кө­ңіл күйі­ көтеріңкі болуы­на мұндай ғима­рат­тардың болғаны да игі.

Иә, «Сын түзелмей, мін түзелмейді» демекші, бүгінде теріскей өңірде қоныс аударушыларды қабылдауда жол берілген кемшіліктер жойылып, оларға деген көзқарас түзелген тәрізді.

 

Солтүстік Қазақстан облысы,

Есіл ауданы

 

СУРЕТТЕ: Қоныс аударушы Қ.Заупан үйінің қасында