
Президенттің мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін нығайту қажеттігі туралы айтқан сөздері де өте маңызды. Қауіп-қатерлерге ден қоюдың жеделдігін арттыру мемлекеттік маңызы бар басымдық болып қалуы қажет.
Ауғанстандағы қазіргі жағдайды бүкіл әлем көріп, біліп отыр. Ауғанстан – географиялық тұрғыдан бізге жақын ел. Сондықтан да біздегі басты міндет – қырағылықты жоғалтпау және қауіпсіздігімізді нығайту болып саналады. Маңызды құжатта осы мәселеге арнайы назар аударған Мемлекет басшысы еліміздің сыртқы қауіп-қатерлер мен оқиғаларға, жағдайдың ушығуына тас-түйін дайын болу керектігіне ерекше мән беріп отыр.
Бұл елде болып жатқан оқиғалар Қазақстанға тікелей қауіп төндірмейді. Бірақ белгілі бір қатер туғызары сөзсіз. Біз Ауғанстандағы жағдайға қатысты халықтың алаңдаушылығын көріп отырмыз. Қоғамда мазасыздық өсе түспесе, әлі де сейіле қойған жоқ. Ал егер халықаралық жағдай ушығып кетсе, біздің күштік құрылымдарымыз кез келген жағдайға барынша дайын болуы керек. Әлемді алаңдатқан бұл жайт күштік құрылымдарымыздың барлық бөлімшелеріне белгілі бір міндеттер жүктейді.
Жаһандық шиеленістің ушығып бара жатқанын ескере отырып, Мемлекет басшысы қорғаныс өнеркәсібі кешені мен әскери доктринаны қайта жүктеу міндетін қойып отыр. Сондай-ақ әскери қызметшілердің азаматтық мамандықтарды игеруі де назардан тыс қалмайды.
Қорғаныс министрлігінің алдына бірқатар міндеттер қойған Президент Қарулы Күштерді дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының барлық басымдықтарын толық көлемде іске асыруды тапсырды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы әскери қауіпсіздік қатерлеріне жедел ден қою үшін басқару органдарын даярлау жөніндегі іс-шараларды жалғастыру мәселесіне де баса назар аударды.
Жоғарғы Бас Қолбасшы барлық оқ-дәрілер қоймаларында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қатаң шаралар қабылдауды және елді мекендерден алыс жерде заманауи сақтау нысандарының құрылысын тездетуді талап етті. Тиісті қаражат «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы шеңберінде қарастырылуға тиіс.
Сенаторлар Жолдауда айтылған басымдықтар мен нақты міндеттерді іске асыру үшін белсенді жұмыс істейтін болады.
Нұржан НҰРСИПАТОВ,
Парламент Сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы