Президент • 02 Қыркүйек, 2021

Байыпты бастамалар

122 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында білім саласына қатысты маңызды мәселелер қамтылды.

Байыпты бастамалар

Құжатта нақты көрсетілген 5 негізгі бастаманың ішінде біздің көңілімізден шыққаны – Президенттің мәдениет қыз­мет­керлері, мұрағатшылар, кітап­ханашылар, техникалық қызмет­керлер, қорықшылар, көлік жүр­гізушілері секілді қарапайым ең­бек адамдарының жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 па­йыз­ға өсіру туралы тапсырмасы. Мем­лекет басшысы бұл бастаманың игілігін тұтастай алғанда 600 мың қазақстандық көретінін атап өтті.

Соның ішінде білім саласын­дағы мәдени, медициналық, техникалық қызметкерлердің, кітапханашылардың айлық жалақысын көтеруге қатысты өте қажетті, оңтайлы ұсыныстар айтылды. Біз бұл мәселені депу­таттық сауал арқылы көтер­генбіз. Өйткені өңірлерді арала­ған кезімізде дәл осы санаттағы еңбек адамдары мардымсыз ең­бек­ақылары жөнінде мәселе көтеріп, жағдайларын айт­қан еді. Жолдауда осы қызмет­кер­лердің жалақысы кезең-кезең­мен көтеріледі деп нақты айтылды. Бұл – өте құптарлық жайт.

Ең бастысы – білім саласы алдағы уақытта бәсекелестікке қабілеттілік тұрғысынан бір қадам алда жүруі керек екеніне ерекше мән берілді. Бұл тұрғыда цифрлы технологияларды терең дамыту қажеттігі айтылды. Бұл – бірінші мәселе.

Екінші мәселе – қазіргі таңда білім беру ұйымдарындағы орын тапшылығы 200 мыңнан жоғары. Алдағы 5 жылда бұл сан миллионға жетуі мүм­кін. Осыған орай Nur Otan партия­сының Жол картасында алдағы уақытта 800 мектеп салу есебінен үш ауысымды және апаттық жағдайдағы мектептер проблемасын шешу қарастырылған болатын. Енді жаңадан салынатын мектептер санын мыңға жеткізу ұйғарылып отыр. Бұл – өте дұрыс шешім екендігі сөзсіз. 

Қосымша білімді дамыту да үлкен мәселе. Айталық, бала өз мектебінен басқа жерге бармай, жолға уақытын кетірмей, білім алып отырған ошағында өзіне қажетті дағдыларын, ғылымға, шығармашылыққа жол ашар қасиеттерін дамытатын болса, осының өзі тәрбие саласындағы көптеген мәселелерді шешуге негіз болар еді. Сондықтан да өз басым мың мектеп салу бастамасын қуана қабылдадым.

 

Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА,

Мәжіліс депутаты