Олардың ішінде көктемгі науқанда жанармай мен тұқымды қарызға алған диқандар, лизинг бойынша техникасын жаңартқан шаруа қожалықтары, сондай-ақ мемлекеттік бағдарлама бойынша несиеге мал алған фермерлер бар.
Бұл мәселе Қостанай облыстық кәсіпкерлер палатасында шілде айында өткен жиында да сөз болған. Палата өкілдері ол жолы шаруашылық басшыларын «қолдаусыз қалмайсыздар, мемлекет күзге қарай бұл тығырықтан шығудың қандай да бір жолын ұсынуы тиіс» деген уәдемен қайтарған. Айтқандай-ақ, кәсіпкерлер палатасы таяуда ғана берешегі бар фермерлердің несие төлемінің мерзімі шегерілетінін мәлімдеді.
– Біз өз ұсыныстарымызды «Атамекен» ҰКП орталық аппаратына жіберген едік. Қазірдің өзінде солардың ішінен екеуі оң шешім тапты деген жауап алып отырмыз. Атап айтқанда, биыл «НҰХ «Бәйтеректің» қаржылық институттарынан алған несиелер мен «Азық-түлік корпорациясы» АҚ-ға форвардтық сатып алу шарттары бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу бойынша міндеттемелердің орындалу мерзімі ұзарады. Қазір жергілікті атқарушы органдар аталған мемлекеттік қолдау шараларын пайдаланғысы келетін ауылшаруашылық тауарын өндірушілердің тізімін жасап жатыр, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасы АӨК бөлімінің бастығы Қайыр Айсин.
Қостанай облысы