2021-2022 жылдарға арналған бюджет кірістерін ұлғайту үшін бірнеше шара жоспарланды. Атап айтқанда, мемлекет шекарасындағы көлеңкелі экономикаға және заңсыз сауда айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыру, тауарларды қадағалаудың ұлттық жүйесін жетілдіру, цифрлық шешімдерді енгізе отырып, кеден инфрақұрылымын жаңғырту, ірі бизнестің көлденең мониторингі бойынша пилотты кеңейту, шетелдік салық әкімшіліктерімен өзара іс-қимылды күшейту және трансферттік баға белгілеу туралы заңнаманы жетілдіру, микро және шағын бизнестің жосықсыз субъектілері бойынша тексерулер жүргізуге мораторийдің күшін жою мәселесін қарау.
Мемлекеттік және квазимемлекеттік борышты басқару жөніндегі тұжырымдаманы әзірлеу туралы тапсырма шеңберінде іс-шаралар мемлекеттік органдар жүргізіп жатқан жұмысты ескере отырып үйлестірілетін болады.
Тұжырымдаманың негізгі тәсілдері ретінде мемлекеттік борыштың өсуін шектеу және оны қауіпсіз деңгейде ұстап тұру үшін бюджет тапшылығын кезең-кезеңімен төмендету, борыш тұрақтылығының негізгі көрсеткіштерін белгілеу, барынша экономикалық тиімділікке қол жеткізу үшін жобаларды егжей-тегжейлі іріктеу атап өтілді.
Министрлік Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының уақытылы орындалуына бақылауды күшейтті. Ол үшін объектілерді өткізу тәсілдері әзірленді. Оған сәйкес объектілердің 50%-ы биыл, 30%-ы 2022 жылы және 10%-ы 2023 және 2024 жылдары сатуға қойылуы тиіс.
Бұдан басқа, Кешенді жоспардың әрбір объектісі бойынша өткізу жол карталары әзірленді және мемлекеттік мүлік тізіліміне енгізілді. Өз кезегінде, жекешелендіру жоспарының іске асырылуына жауапкершілікті күшейту мақсатында, әкімдіктердің, ұлттық басқарушы холдингтер мен компаниялардың қызметін бағалау кезінде оның орындалуын ескеру ұсынылады. Жалпы, ұсынылып отырған шаралар 2025 жылдың соңына қарай мемлекеттің экономикаға қатысу үлесін жалпы ішкі өнімнің 14%-на дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
«Сонымен қатар квазимемлекеттік сектор компанияларының бірінші басшыларының жауапкершілігін нормативтік тұрғыдан қарастыру ұсынылады. Жауапкершілік даму жоспарларында стратегиялық көрсеткіштерге қол жеткізбегені үшін, оның ішінде квазимемлекеттік компаниялардың шығынға ұшырауына жол бергені үшін қарастырылатын болады», деді қаржы министрі.
Мемлекеттік жоспарлаудың ақпараттық жүйесін дамыту жұмысы жалғасады. Жоба шеңберінде «Мемлекеттік инвестициялық жобалар» модулі іске асырылады, ол мемлекеттік инвестициялық жобалардың құжаттамасын қалыптастыруға және мемлекеттік органдармен келісуге арналған.
Мемлекеттік сатып алу жоспарларын автоматты түрде қалыптастыру үшін мемлекеттік жоспарлаудың ақпараттық жүйесін мемлекеттік сатып алу порталымен интеграциялау іске асырылатын болады.
Бұдан басқа, мемлекеттік сатып алудың деректері бойынша төмен бағаларды анықтау және шығындар нормативтерінің анықтамалығын өткізу жоспарлануда. Осы деректердің негізінде жүйеде форматтық-логикалық бақылауды орнату жоспарлануда.
Бюджет бағдарламаларының әкімшілері бюджет қаражатын тиімді жоспарлауы мен пайдалануы үшін «Мемлекеттік қолдау шаралары тиімділігінің мониторингі» жүйесінің нәтижелерін пайдалануы қажет.
Қаржы министрлігінде мемлекеттік шығыстардың көлемі мен тиімділігін бақылаудың неғұрлым пәрменді тетіктерінің бірі жедел бюджеттік мониторингті қамтамасыз ету деп тұжырымдайды. Ол стратегиялық және бағдарламалық құжаттарда көзделген тікелей және түпкілікті нәтижеге қол жеткізуге бағытталған. Бұл бұзушылықтарға жол бермеумен қоса басқарушылық шешімдерді уақытылы қабылдауға мүмкіндік береді.
«Халықтың мемлекеттік қаржыны басқару мен бақылауға қатысуын кеңейту үшін нормативтік құқықтық актілерге тиісті түзетулер енгізілетін болады. Бұл абаттандыру және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бюджетіндегі «халықтың қатысу» үлесін 10 есеге арттыруға мүмкіндік береді», деді Е. Жамаубаев.
«Өз кезегінде, халықты бюджеттік шешімдер қабылдау процесіне тарту процестің ашықтығын қамтамасыз етеді, азаматтардың жергілікті билікке сенімін нығайтады, халықтың қаржылық сауаттылығын арттырады, инфрақұрылым объектілерінің сапасы мен ұқыпты пайдаланылуы үшін ортақ жауапкершілікті қамтамасыз етеді», деп жазады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Президент Жолдауының іс-шараларын іске асыруға арналған қажетті қаражаттар бюджеттік бағдарламалар әкімшілерімен бірлесіп пысықталатын болады.