Оқиға • 02 Қыркүйек, 2021

Алматыда қару-жарақ арсеналы тәркіленді

152 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Криминалдық полиция қызметкерлері Алматыда арнайы операция барысында қару-жарақ арсеналын тәркіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда қару-жарақ арсеналы тәркіленді

Полиция департаментінің мәліметінше, 46 жастағы Д.есімді азаматтың көлігі Жандосов пен Яссауи көшелерінің қиылысында ұсталды. Тергеу сотының рұқсатымен көлікті және күдіктіні тінту кезінде патрондары бар екі тапанша табылды және тәркіленді.

«Д.есімді азаматтың тұрғылықты жерінде Алматы облысы Талғар ауданында құпия орнынан тағы алты қару, оның ішінде 12 калибрлі Винчестер, граната және 60 патрон табылды. Қару тиесілігін, шығуын, сондай-ақ қандай да бір қылмысқа қатыстылығын анықтау үшін тәркіленді және сот-баллистикалық сараптамаға жіберілді», деді Алматы қалалық ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.

Оның айтуынша, күдіктінің үйінен ұнтақ зат салынған төрт бума табылды. Медициналық сараптама күдіктінің ұсталған кезде есірткіге мас болғанын анықтады. Д.есімді азамат Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Сотқа дейінгі тергеу ҚР ҚК 287-бабы 3-бөлігіне сәйкес жүргізілуде.