24 Қаңтар, 2014

Еңбек еріне тағзым

340 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

01-Мендалиев1938 жылдың 27 желтоқсаны күні КСРО Жоғарғы Кеңесі төрал­қасының шешіміне сәйкес Кеңес­тер Одағында Социалистік Еңбек Ері атағы бекітілген. Дәл осы ке­зең­нен тоқсаныншы жылдарға дейінгі елу жылдан астам уақыт аралығында Кеңестер Одағындағы бұл жоғары мемлекеттік марапатпен небәрі 1650 қазақстандық марапатталған. Оны Қазақстаннан ең соңғы алған адам – қазақтың бұлбұл әншісі – Бибігүл Төле­генова. Иә, жоғарыдағы де­ректер Социалистік Еңбек Ері атағы кез келгеннің қанжы­ға­сында кететін, кез келген адам оп-оңай қалпақпен соғып ала қоятын атақ емес екенін көрсетеді.

 

01-Мендалиев

1938 жылдың 27 желтоқсаны күні КСРО Жоғарғы Кеңесі төрал­қасының шешіміне сәйкес Кеңес­тер Одағында Социалистік Еңбек Ері атағы бекітілген. Дәл осы ке­зең­нен тоқсаныншы жылдарға дейінгі елу жылдан астам уақыт аралығында Кеңестер Одағындағы бұл жоғары мемлекеттік марапатпен небәрі 1650 қазақстандық марапатталған. Оны Қазақстаннан ең соңғы алған адам – қазақтың бұлбұл әншісі – Бибігүл Төле­генова. Иә, жоғарыдағы де­ректер Социалистік Еңбек Ері атағы кез келгеннің қанжы­ға­сында кететін, кез келген адам оп-оңай қалпақпен соғып ала қоятын атақ емес екенін көрсетеді.

Осындай бірегей атақ иесі Орал облысында отыз жылдан астам уақыт бойы Орал, Чапаев және Фурманов (Жалпақтал) аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы қызметін атқара жүріп, Ақжайық өңірінде аты аңызға айналып кеткен азамат басшы – Кенжебек Меңдәлиев.

Өткен аптада Қазталов ауданына қарасты Жалпақтал өңірінде Социалистік Еңбек Ері Кенжебек Меңдәлиевтің туғанына 100 жыл толуына орай оған ескерткіш мү­сін салтанатты жағдайда ашыл­­ды. Кенжебек ағамыздың тау қоз­ғалса қозғалмайтын нар тұл­ғасы, қайталанбас азаматтық және басшылық бітім-болмысы жө­нін­де кезінде қазақтың дауылпаз ақы­ны Тайыр Жароков та шексіз риза­шылық сезіммен қалам тербеген екен. Ал, Жалпақтал өңірінің тұрғындары ол кісінің адамдарға өте жақын болғанын, олардың мұң-мұқтаждарын бөлісуге әзір тұрғанын әлі күнге дейін сүйсіне айтудан танар емес.

Дінмұхамед Қонаевтың да өзінің «Өтті дәурен осындай» атты кітабында Кенжебек Меңдәлиевтің есімін республикадағы ең озық он жеті аупарткомның бірінші хатшылары арасында ілтипатпен атауы тектен-тек болмаса керек. Кеңестік кезеңде белгілі бір өңірде партия басшылығында болғандар қызметінен кеткеннен кейін көп жағдайларда өзі басшылық жасаған өңірден өзге жаққа, облыс, республика орталықтарына қоныс аударып отырған. Ал К.Меңдәлиев зейнетке шыққаннан кейін де ел-жұрттың ортасында, өзі бас­қарған Фурманов ауданының орталығында тұрақтап тұрып қала берген. Бір атап өтерлігі – ол барлық құрметті ел-жұрттан зейнет демалысына шыққаннан кейін көбірек көрген.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан».

Батыс Қазақстан облысы,

Қазталов ауданы,

Жалпақтал кенті.

–––––––––––

Суретте: Жалпақтал кен­­тін­де Социалистік Еңбек Ері Кенжебек Меңдәлиевке орна­тылған ескерткіш мүсін.

Соңғы жаңалықтар