Руханият • 02 Қыркүйек, 2021

Әлем әртістерін таңғалдырған Арыстан

497 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «100 жаңа есім» жобасының биылғы, төртінші мау­сымы қорытындыланды. Ал жоба бас­тал­ғалы бері оған республиканың түкпір-түк­пірінен 5 мың­­нан астам үміткер қатысып, өз жетіс­тік­тері­нің та­рихын ортаға салған еді. Олардың ішін­де рес­пуб­­­ликаға танымал тұлғалармен қатар, нелер игі істерді үндемей тындырып жүрген жайсаң жандар бар. Нәтижесінде, төрт мау­сымда барлығы 193 азамат жеңімпаз атанып, әртүрлі саладағы өз жетіс­тік­терімен көзге түсті. Мұның өзі бойға біткен дарынымен, кемел ақыл-пара­саты­мен, қажырлы еңбегімен заманауи қазақстандық қоғамды қалыптас­тыруға үлес қосқан тұлғалар қатары қалыңдай түскендігін аңғартқандай. 

Әлем әртістерін таңғалдырған Арыстан

Бұл жоба жайында Елбасы: «Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек», деген болатын. Еліміздің әр өңіріндегі түрлі салада жетістікке жеткен талантты жастарды насихаттауды мақсат еткен тың жоба арқылы егеменді елдің іргесі берік қаланып жатқан тұста жастар елдің жаңа тарихын жасауы керек. Игі бастаманың негізгі мұраты да осы.

«Қазақстанның 100 жаңа есімінің» биылғы жеңімпаздарының арасында жас музыкант Арыстан Әбілдин де бар. 18 жастағы қарағандылық талант иесі жазған кавер әлемдік Shazam-ға іліккен болатын. Сонымен қатар ол – танымал рэпер Jah Khalib ұйым­дас­тырған музыкалық байқаудың жеңім­пазы. Айта кетейік, «Мәдениет және спорт» аталымында жеңіске жет­кен жас да­рын үшін 2 790 үміткер қатыс­қан кон­курста топ жару –  үлкен жетістік.

Өнерпаздар отбасында өскен ол музыкаға бала кезінен әуестенген. Әкесі музыка мектебінің директоры болса, анасы – хор жетекшісі. Бес жасынан бастап фортепиано мен барабанда ойнай бастапты. Ата-анасы  музыкант болған соң перзентінің өнерден алыс кетпеуі заңдылық шығар.

Жастайынан өмірлік жолын айқын­даған Арыстан өз шығарма­шылығы туралы: «Алғашқы авторлық әнімді сүйікті қызыма арнаған едім. Оны әлеу­меттік желі қолданушылары жоға­ры бағалап, музыкамен мақсатты түрде айналысуыма жігер берді. Бұл мені жаңа шығармаларға шабыттандырды»,  дейді.

Colorit лақап атымен өнер көрсе­тетін өнерпаз TikTok және Instagram әлеуметтік желілерінде танымалдыққа ие болды. Ол қазақстандық, ресейлік және шетелдік әртістердің әндеріне кавер жазады. Оның роликтері миллион қаралымға жетіп, жанкүйерлер саны күн санап артып келеді. Ол жазған шетелдік әуендер нұсқасына Егор Крид, Клава Кока және басқа да танымал әртістер бейнекөрініс түсіріп жүр.

Әлеуметтік желілердегі осындай нәтижеден соң Арыстан Әбілдиннің тарапына танымал ресейлік Black Star және Sony Music лейблдан ұсыныстар түскен. Қазір музыкант Zivert, Feduk, Иван Дорнды насихаттаумен айналысатын P.M.I. Music музыкалық ұйымымен келісімшартқа отырды. Көктемде шағын жеке альбомы жарыққа шықты.

«Жақында әріптестік келісімшарт жасастық. Осындай ерекше мүмкіндік алғаныма қуаныштымын. Біздің компания әріптестік орнатқан ресейлік бірлестік Иван Дорн, Зиверт, Филип Кир­коров сияқты танымал орындау­шы­лармен жұмыс істейді. Осы мүмкін­дікті пайдаланып көптеген жаңа хиттер шығарамыз деп үміттенемін», дейді музыкант.

Арыстанның әлеуметтік желілердің музыка алаңындағы көрсеткішіне тағы бір тоқталсақ, Slava Marlow & Morgenshtern айтатын «Быстро» трегі ресми түрде пайда болғаннан кейін VK мен Apple Music чарттарында ғана емес, сонымен қатар Shazam әлемдік топ-чартында жетекші орынға ие болған еді. Ол Dua Lipa мен Billie Eillish-тен де озып түсті. Осылайша, трек ресейлік және қазақстандық TikTok-тағы трендке айналып үлгерді. Ал кавер төрт миллионнан аса рет қаралып, оған 190 мың бейнекөрініс түсірілді. Музыканттың өкілдері бұның TikTok-тағы ең танымал қазақстандық трек екенін мәлімдеген еді. Каверге өлең авторы Slava Marlow да өз бағасын берді.

Оның арманы – әлемдік сахналарда ән салып, шығармашылық иесіне айналу. Арыстанның үлкен арманына жақындауына «100 жаңа есім» жобасының ықпалы тиері анық.

«Жоба жеңімпаздарының арасында болғаныма ерекше қуаныштымын. Бұл – мен үшін жаңа қадам. Әрине, бұл менің жеке азамат ретінде дамуыма жә­не жаңа шығармашылық шыңдарды бағын­дыруыма әсер ететіні анық», дейді ол.

Қазіргі таңда өнерпаз жаңа ән жазу үстінде. Ал туындының атауы әзір­ше белгісіз. Жуырда ғана Арыс­тан халық­­аралық музыкалық конкурста бірін­ші орынға ие болған. Қазақс­тан­дық өнерпаз АҚШ, Франция, Герма­ния, Англия сынды мемлекеттерден қатыс­қан музыканттарды шаң қапты­рып­ты. Оның бұл жолғы орындауы YouTube желісіндегі парақшасында тұр. Түсірілім жұмыстары Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік Академиялық опера және балет театрында өткен. Түсірілімге барабанда ойнаған Арыстанның әкесі де қатысқан. Айта кетейік, жас талант қазір Қарағандыдағы Тәттімбет атындағы өнер колледжінде «Барабан» мамандығы бойынша төртінші курста оқиды. Алдағы жоспары – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерватория­сында жоғары білім алу.

«100 жаңа есім» жобасының жеңім­паздары болашақта тәуелсіздік тарлан­дары болуы әбден мүмкін. Қазақ­стан­ның жаңа заманғы келбетін қалып­тастыруға ұмтылған тұлғалардан өнеге алған жастар да өмірлік жетістіктерге жетуге һәм ұлтына қызмет етуге ұмты­латын болады.