Қоғам • 03 Қыркүйек, 2021

Слянова синдромы

912 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Көзбен көргенді көпшілікке айтып, қуаныш пен қайғыңды әлеуметтік желідегі достарыңмен бөлісу бүгінде ешкімге таңсық емес. Ұйқыдан ояна салып мессенджерді тексеру, инстаграмда түстену, фейсбукте жұмыс істеу, тик-ток қарап жатып ұйқыға кету елдің үйреншікті әдетіне айналды. Әлеуметтік желінің өмір салтымызға сіңіп кеткені соншалық,  шынайы өмір мен желінің аражігін ажырату қиын болып тұр.

Ғаламтор – қуанышта құттықтау алаңы, қайғыда қазалы шаңырақ, досы жоққа – сырлас, жалғызға – мұңдас, ұшы-қиыры жоқ айтыс жәрмеңкесі секілді. Ондағы базардан оңайлықпен шыға алмайсыз. Сондықтан болар кейінгі кездері виртуалды өмір мен шынайы әлемнің арасында меңіреу күй кешкендер көбейді. Тіпті содан қатты соққы алып есеңгірегендер де, виртуалды сағымға алданып сүрінгендер де бар. Күйбең тіршілікті әлеуметтік желімен бағамдап, өмірін интернетпен өлшеп, өзіне қол салғандарды да көз көрді. Мұндай азапты оқиғалардың кейінгі кезде жиілеп кеткені көңілге қаяу түсіреді. Әлеуметтік желіде, әсіресе фейсбук күнтізбесінде күн сайын бір өзекті тақырыпқа байланады. Қоғамдағы дүрбелең елдің талқысына түсіп, әңгімеге өзек болады.  Осыдан бірнеше жыл бұрын сондай бір оқиғаға куә болған едік. 

Фейсбук желісінде тағы бір «достық» ұсынған хат келіп түсті.  Аты есімде қалмаса да, тегінің Слянова екені санамда қатталып қалыпты. Тірлігіне түзу, жеке кәсіп ашып, жолы болғандардың қатарында екен. Әйтеуір бар жұмысына үлгеріп, үнемі белсенді болып жүретін. Тіпті біз енді оянып жатқанда, ол қыз отбасына арнап дайындаған таңғы астың фотосымен бөлісіп жатады. Ол ол ма, біз аптыға жұмысқа бара жатқанда ол йога жаттығуынан келе жатқанын айтып, жазба қалдырады. Түн ауғанда түрлі тәттілер да­йындап жатады, содан табыс тауып отырғанын да аңдаймыз. Жақсы көлік, қымбат мейрамханалар, түрлі ойын-сауыққа барып, өзі көрінбейтін видеоларды да жиі жүктейтін. Желідегі достығымыз екі жылға созылды, сол уақыт аралығында оның бір күн де бос отырғанын байқамаппын.

Еңбектеніп жүріп анасына үлкен үй салып жатқанын да сүйіншілеген. Кейінірек сол үйге көшіп жатқанын да жазған-ды... Жігітінің сөз салып, үйлену тойының да естеліктерімен бөліскен. Әйтсе де сол фотосуреттерден өзінің де, өмірлік жарының да түрін көре алмадық. «Бақыт тыныштықты сүйедінің» кері ме деп, жақсылыққа жорығанбыз. Сол сәтте ол қызға қызыға қарамаған адам аз еді. Кейін жекеде сөйлесіп тұрдық. Кездесіп, жүзбе-жүз жолығайық дегенімізге түрлі сылтау айтқан соң, ол тақырыпқа қайта оралмағанбыз.

Бір күні желі ішінде үлкен дау туды. Әйтеуір, кімге жақпай қалғанын қайдам, Слянова сондай бір тартысқа тап болды да, басы даудан арылмай қойды. Кез келген «жауын» жаншып тастауға әзір желідегі жұрт оның артына түсті дерсің. Айыбын да  тапты. Оның бірнеше жыл желіге жариялап, достарын хабардар еткен керемет өмірі өтірік болып шыққан. Көлігі, үйі, істейтін жұмысы, бизнесі, пісіретін тәтті тоқашына дейін фейк екені жұртқа жария болды. Сөйтіп Слянова желіден жоғалды. Жерден жеті қоян тапқандай жарыса жазған жұрт жеңіске жеткеніне желпініп, көп ұзамай тағы бір қойыртпақтың соңынан ілесті. Желінің құдіреті сол, қандай жағдай болсын тез танылып, тез ұмытыласың. Слямованың ендігі өмірі бізге беймәлім. Тек таңғалдыратыны иллюзия өмірге бас сұғып, өз қиялына шырмалғаны. Ал ең өкініштісі дәл қазір мұндай жандардың қоғамда қаптап жүргені...

Бұл көзбен көрген жалқы жағдай емес. Десе де көбімізге сабақ болмай келеді. Жалған образда өмір сүру күнделікті тіршілігімізге ескертпей-ақ еніп кетті. Қоғамда «Слянова синдромына» шалдыққандардың қатары сирер емес. Көз көріп жүргеннен кейін көңілге батады. Әрине, әркім не істесе де өз иелігінде. Десе де мамандардан мұның зиянын жиі естиміз. Мәселен, балалар арасында  жүйке әлсіздігі, есте сақтау қабілетінің нашарлығы, мінез-құлық өзгерістеріндегі кедергілердің орташадан жоғары болуын мамандар осы виртуалды өмірмен байланыстырып отыр. Сондай-ақ кейінгі жылдары ересектер арасында ұйқысыздық, жүйке аурулары, ұзақ уақыттық күйзеліс пен виртуалды тәуелділік жиі байқалған. Оған әлеуметтік желіде көптің қошеметіне бөленіп, үлкен ортаның «жарық жұлдызына» айналған адамдардың шын өмірде жалғыздықтан құса болуы, өзіне қастандық жасауға дейін жетуін қосып қойыңыз. Ғаламтордың санаға үлкен соққы екенін осыдан-ақ топшылай берерсіз...