Аймақтар • 03 Қыркүйек, 2021

Бизнес нысандары тәртіпке бағынбайды

1458 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Атырау қаласы мен жеті аудан әкімінің өкімімен құрылған 64 мобильді топ күн сайын рейдтік іс-шара өткізеді. Мәселен, 1 қаңтардан 23 тамызға дейінгі аралықта 11 866 рейдтік тексеру өткізіп, 48 764 нысанды қамтыған. 

Бизнес нысандары тәртіпке бағынбайды

Мониторингтік топтар осы кезеңде карантиндік шектеу шараларын бұзуға қатысты 812 хаттама түзіп, департаментке жолдаған. Соған байланысты шағын және орта бизнес нысандары мен жеке тұлғаларға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 425-бабының 1-бөлігімен 540 айыппұл салынып отыр. Тамыз айы басталғалы бері жүргізілген 830 рейд кезінде 3 770 нысан тексерілді. Карантин талабын бұзушыларға қатысты 186 материал жинақталды.

Атырау қалалық әкімдігі бас­па­сөз қызметі таратқан ақпа­рат­­қа сүйенсек, мониторинг­тік топ­тар 13-19 тамыз аралығында адам көп жиналатын 200-ге тарта мейрамхана мен өзге де нысандарда карантиндік шектеу талабы бұзылғанын анықтады. Тексеру нәтижесінде «Ай-Жан», «Айсберг», «Айнаш», Bellagio Ballroom мейрамханалары, «Орта», «Гаджи 2», Sulo кафе­лері, End ne stimz лоундж бар, SKY BAR түнгі клубы, «Мекен» демалыс орны, «Лото клуб», «Балажан» балалар ойын сауық орталығы, Авангард-2 ша­ғын аудандағы алкомаркет пен С.Бей­барыс көшесіндегі 99-үйде ескертулерді елемей, отбасылық, өзге іс-шараларды өткізілгені бел­гілі болды. Бұл нысандардың кей­бірі карантин шектеулерін жү­йелі түрде бұзып келеді. Сон­дай-ақ мейрамхананың артқы есі­гі­н­ен кіріп, қыз ұзату, аулаға той жасау, құдалық өткізу, ас беру, туған күн тойлау сияқты іс-ша­ралар азаяр емес.

– Мұнайлы шаһар әкімдігі тарапынан құрылған 12 мониторинг тобы адамдар көп жиналатын мейрамхана мен дәм­хана­ларды күн сайын тексе­реді. Мо­ниторинг топтары соңғы үш күнде 100-ден астам орынды тексерді. Нәтижесінде, Royal Hall, «Император» мейрамханалары, Café inn, Foodline, Ginza, «Аққайың» дәмханалары, Sky бары, Wine Time, «Дөнерстан», Neft street food тамақтану орындары мен «БР-2» серуендеу кемесінде карантин шектеуі бұзылған. Ал Алмалы ауылдық округінде 50-ден астам адам жи­налған отбасылық іс-шара тоқ­татылды, – деп хабарлады әкім­діктің баспасөз қызметі.

Мұндай деректің бар екенін облыстық полиция департаменті­нің баспасөз қызметі де растап отыр. Дерекке жүгінер болсақ, Исатай ауданында жеті мобильді топ мүшелері әртүрлі іс-шара, той түріндегі басқосу өткізген 15 деректі тіркеді. Нақтысын айтқанда, «Лото клуб» кеңсесі мен 14 тұрғын үйінде той-думан өткізілген. Қызылқоға ауданында 6 іс-шара мен 4 той өткен. Атырау қаласына таяу орналасқан Дамбы ауылдық округінде «Адина» мейрамханасында өтіп жатқан үйлену тойы тоқтатылды.

Өзінің де, өзгенің де өміріне қауіп төндіретін коронавирус инфекциясы өршіп тұрған сәтте үйлену тойын демалыс базасында өткізетіндер де бар. Мониторинг топ мүшелері Жайық өзенінің жағалауында орналасқан Береке ауылындағы демалыс базасының біріндегі тойды дрон арқылы анықтады. Әуеден түсірілген видеода демалыс базасының ауласында көп көліктің тұрғаны байқалды. Топ мүшелері демалыс базасына барғанда 90-ға жуық қо­нақтың қатысуымен үйлену то­йы өтіп жатқанын тіркеді. Де­­малыс базасының әкімшісі кара­н­тин шектеуіне қарамастан сал­та­­нат­ты іс-шара өтетін нысанды жалға бергенін жоққа шығармады.

Карантиндік шектеу талабы­ның өрескел бұзылуының кесірі балаларға тиіп отыр. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Айсұлу Досқалиеваның айтуынша, былтырғы 28 наурыз бен биылғы 17 тамызға дейінгі аралықта 14 жасқа дейінгі балалар арасында коронавирус инфекциясын жұқтырудың 3 839, жасөспірімдер арасында 1 242 жағдайы тіркеліпті. Қазір қауіп­ті вирустың таралуына байланысты ең жоғары көрсеткіш Аты­рау қаласы мен Жылыой ауданында, сондай-ақ Теңіз кен ор­нында байқалды. Өзге аудандар­да коронавирус инфекциясын жұқ­тырушылар әлі азайған жоқ.

Мәселен, 25 тамызда өңірде 316 науқас анықталды. Оның ішінде Атырау қаласында – 180, Теңіз кен орнында 42 науқас тір­келді. Ал Жылыой ауданында – 22, Исатайда – 20, Индерде – 16, Құр­манғазыда –12, Қызылқоғада – 10, Махамбетте – 10, Мақат ауданында 4 адамнан қауіпті вирус­тың белгісі табылды.

– Қазір 8 469 адам үй жағ­дайын­да емделіп жатыр. Аудан­дарда ашылған инфекциялық стационарларда – 316, Теңіз кен орнын­дағы стационарда – 316, мо­дульдік ауруханада – 188, №2 облыстық ауруханада – 177, облыстық ауруханада – 111, кардиологиялық орталықта – 100, темір жол ауруханасында 90 науқас оқшауланды. Сондай-ақ фти­зио­пульманология­лық орта­лық­та 59, стационарға ла­йық­тал­ған жатақханада 81 па­циент ем қабылдауда, – деп мәлім етті об­лыстық денсаулық сақтау басқар­масының баспасөз қызметінен.

Инфекциялық стационар­лар­дың жансақтау бөлімінде коро­­навирус инфекциясын жұқ­ты­рып, жағдайы нашарлаған 101 нау­қас жатыр. Оның ішінде бір жұ­тым ауаға зар болған 11 пациент өкпені жасанды желдету ап­па­ратына қосылған. Бұл бөлімдегі жүктеме 82,1 пайызды құрап отыр.

Соңғы жаңалықтар