Облыста орфанды ауруларға шалдыққан алты бала тұрады. Балғындардың бірін қымбат дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету міндетін «Өмірге сен» қоры өз мойнына алатын болды.
Мәслихат отырысында облыстық бюджет денсаулық сақтау басқармасына 544,5 млн теңге аударатыны туралы айтылды. Ортақ шешім бойынша сирек кездесетін әрі тұқым қуалайтын ауыр дертпен ауыратын балаларға қажет «Этеплирсен» және «Нусинерсен» дәрілерін сатып алуға 451,3 млн теңге бөлінді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рүстем Айтбаевтың сөзінше, қомақты қаржыға сатылып алынатын бұл екі дәрі тегін медициналық көмектің кепілдендірілген санатына енбейді.
Біз бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігіне бірнеше рет хат жіберіп, Қазақстан Республикасы азаматтарына тегін берілетін дәрі-дәрмек тізбесін кеңейтуді сұраған едік. Алайда оған әлі жауап алған жоқпыз. Алдағы жылы бұл мәселе өз шешімін табар деген үміттеміз», деді Р.Айтбаев.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанна Шаймарданованың айтуынша, қалған 93,2 млн теңге коронавирус жұқтырған науқастарға арналған 30 аппарат сатып алуға жұмсалады. Құрылғылар сатып алынған соң, 12 емдеу мекемесіне үлестіріліп беріледі.
Қостанай облысы