25 Қаңтар, 2014

Фариза ОҢҒАРСЫНОВА

104 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін

Fariza apai 10Қазақ әдебиеті ауыр қазаға душар болды. 75 жасқа қараған шағында қазақтың аса көрнекті ақыны, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынова дүниеден озды.

 

Fariza apai 10Қазақ әдебиеті ауыр қазаға душар болды. 75 жасқа қараған шағында қазақтың аса көрнекті ақыны, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынова дүниеден озды.

Фариза Оңғарсынова 1939 жылы 25 желтоқсанда қазіргі Атырау облысының Новобогат ауданындағы Манаш ауылында дүниеге келген.

1961 жылы Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтын бітіргеннен кейін әуелі мектепте мұғалім, кейін облыстық «Коммунистік еңбек» газетінің әдеби қызметкері болып еңбек етті.

1968-1970 жылдары республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің Ақтөбе, Гурьев, Орал облыстары бойынша меншікті тілшісі, ал 1970-1978 жылдары республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің бас редакторы, 1978-2000 жылдары «Пионер» (қазіргі «Ақ желкен») журналының бас редакторы қызметтерін атқарды. 2000-2004 жылдары Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты болды.

Тұңғыш өлеңдер жинағы – «Сандуғаш» 1966 жылы жарық көрді. «Маңғыстау маржандары» (1969), «Мазасыз шақ» (1972), «Асау толқын» (1973), «Мен сенің жүрегіңдемін» (1975), «Шілде» (1978), «Сенің махаббатың» (1979), «Сұхбат» (1983), «Дауа» (1985) т.б. өлең кітаптарымен қатар күрескер ақын Махамбет Өтемісұлы туралы «Алмас қылыш», қазақтың өнерлі қыздары Майра, Сара жайында «Тартады бозбаланы магнитім», «Сайраған Жетісудың бұлбұлымын», «Қарғыс», «Қасірет пен ерлік жыры», сондай-ақ, «Дала тағдыры», «Ақбөбек жырлары», «Жантолының монологы», «Мүшәйра», «Мен өмірді сен деуші ем», «Интервью», «Қырдағы айқас», т.б. поэмалары жарияланды. Фариза Оңғарсынова – әйел тақырыбын шығармаларына негіз еткен ақындардың бірі, оның «Дыбыстар әлемі» дастаны қазақтың композитор қызы Ғ.Жұбановаға, күйші Д.Нұрпейісоваға, «Бибігүл-ән» жыры әнші Б.Төлегеноваға, «Назқоңыр» Р.Бағлановаға, «Жыр анасы» М.Хакімжановаға, «Тыңдаңдар, тірі адамдар!» топтама өлеңдері қос батыр Әлия мен Мәншүкке арналған. Сондай-ақ, «Қыз махаббаты», «Қыз сөзі», «Шығыстағы ару қыз», «Парсының сұлулары», «Әйел тілегі», «Әйелдің монологы», «Қызыл тымақты қыз», «Қыз-ғұмыр» атты жырлары ақынды әйел адамының жиынтық бейнесін сомдаушы қаламгер ретінде танытады.

Фариза Оңғарсынова қазақтың сөз өнерін биік белеске шығарып, поэзияға жаңа леп әкелді. Махамбет жырларынан нәр алған ақын өр мінезімен, өршіл жырларымен дараланды. Ол ерекше дарыны мен үздіксіз ізденісінің арқасында бүкілхалықтық шығармашылық тұлғаға айналды.

Ақынның К.Дөнентаева жөніндегі «Біздің Кәмшат» атты деректі повесі (1966) мен «Шашы ағарған қыз» (1990) және «Сыр сұхбат» (2013) атты прозалық туындылары сөз өнерінің рухани қазынасына қосылды. Оның көптеген шығармалары шетел тілдеріне аударылды және ақынның өзі де әлем классиктерінің бірқатар туындыларын қазақ тіліне аударды.

Ол «Құрмет белгісі», І дәрежелі «Достық», «Парасат» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

Фариза Оңғарсынова халық қалаулысы, қоғам қайраткері ретінде мемлекеттігімізді нығайтып, тәуелсіздік мұраттарын орнықтыру ісіне үлкен үлес қосты.

Қазақтың өр мінезді, асқақ рухты ақын қызы Фариза Оңғарсынованың жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады.

Қазақстан Республикасының Үкіметі.

 

ХАЛҚЫНЫҢ ЖҮРЕГІНДЕ

Қайғыдан күреңітіп ғасыр жүзі,

Шаттықты қасіреттің жасырды ізі.

Дариға, Фариза да өтті өмірден,

Қазақтың қайта тумас асыл қызы.

Ұқсайтын Махамбетке өткірлігі,

Жасқанған, жабырқаған жоқ бір күні.

Туғанда таңдайына өлең тамған,

Қонған жан көкірегіне Хақтың нұры!

Айтқаны – елдің мұңы, елдің жыры,

Заты қыз демесеңіз – Ердің бірі!

Танылып тұратұғын тұрпатынан,

Қырғидай қағып түсер алғырлығы.

Бұйрыққа бой ұсынып Хақтан келген,

Ол кетті бабалары кеткен жолмен.

Мәңгілік мекендеуге орын алып,

Қаһарман ер Қабанбай

жатқан жерден.

Түбінде бір ажал бар тірі жанға,

Өлім жоқ алайдағы ұлыларға!

Сүрінбес шапқан аты жыры барда,

Сөнбейді жаққан оты ұлы барда!

Қазақтың аяулысы, перизаты,

Өшпейді ешқашан да Фариза аты!

Халқының жүрегінде жүрер мәңгі,

Өлеңмен жазып кеткен шариғаты!..

Несіпбек АЙТҰЛЫ,

Мемлекеттік

сыйлықтың лауреаты.

 

ФаризаОңғарсыноваменқоштасуАстанақаласында 2014 жыл­дың 27 қаңтарыкүнісағ.10.00-де «Көрме» орталығында (Достықкөшесі, 3) өтеді.

far 1

ДАҢҚЫНА БАС ИЕМІЗ

Ұлттық руханиятымыз орны толмас ауыр қазаға ұшырады. Ұзын-ырғасы екі жылдай уақытқа созылған дауасыз ажалмен мігірсіз айқас біржолата тынды. Періште әуезді перен ақын мәңгілікке көз жұмды. Қазақтың жұлдызы быжынаған жазғы аспанындай зеңгір көгіне жарық самала мәңгілікке орнады.

Өтіп бара жатқан дәурен-ай десеңізші. Фариза екеуміз бір жылдың, бір айдың төлі едік. Әдебиетке бірге келіп, жарыса жазып едік. Оның жазғандарына өз жазғанымнан бетер қуанушы едім. Алған асуларына, шыққан шыңдарына еріксіз сүйсініп, ерекше тамсанатынмын. Шынында да, ол тал бойында бір міні жоқ ұлы ақын еді. Сондықтан да оның туындылары жарық көрген бойда қалың оқырман қауымның жүрегіне жол табатын. Үлкен де, кіші де, әйел де, еркек те бірдей қадірлеп, төбелеріне көтеретін. Қазақ елінің қай түкпіріне барсаңыз да оны өз перзентіндей аялап, әлпештейтін. Ол ел арасында ақылман Абайдай, алдаспан Махамбеттей, айтқыр Қасымдай, ақиық Мұқағалидай айрықша қастерленетін. Нағыз бүкілхалықтық махаббатқа ие еді. Жұрт оны алмас­тай тіліп түсер өткірлігі үшін, қара қылды қақ жарған әділдігі үшін, бет қаратпас алапат батылдығы үшін өліп-өшіп жақсы көретін.

Оның ауырып жатқанын естіп бүкіл оқырман қауым дүр көтеріліп, тебіреніп-теңселіп кеткен-ді. Шетелден тезірек айығып келуін тіледі. Жолын күтіп сарылды. Кезекті жыл кітабы деп ақынның «Дауа» атты жинағы аталды. Соған арналып жер-жерде ұлы думан тойлар, жыр кештері өткізілді. Ауруханада жатқанында оның шығармашылығына баспасөзде арнайы беттер берілді. Шынайы тілеулестік лебіздер айтылды. Мұндай әр сөзінен от шарпыған ыстық махаббатты өз тұсында Абай да, Махамбет те, Қасым да, Мұқағали да көре алмай кеткен-ді. Олар өмір сүрген өгей дәуір өте қытымыр еді. Ал Фариза көріп кетті. Бұлай болуы да әбден заңды еді. Өйткені, оның тұсында халық махаббатының жарқырай көрінуіне айдын жол ашылды. Оның үстіне Фаризаның өзі де соған лайық еді. «Сүйер ұлың болса сен сүй, сүйінерге жарар ол» деген осы еді.

Халық махаббатының айдынында жүзген ақын даңқы өзінің жеңімпаздық жолын жалғастыра бермекші. Ел сүйіспеншілігі еселене түспекші. Өйткені, Фариза соңына өлмес, өшпес мұра қалдырып кетті. Әрлі де нәрлі өлеңдерін қалдырды. Аяр ажал бәрібір дегеніне жете алмады. Ақ семсердей жарқылдаған жасын жыр әлі де өз дегенін істей бермекші. Аяулы ақынға деген ел махаббаты үстеген үстіне үстей бермекші. Мәңгілік ғұмырын бастаған ақын даңқына бәріміз бас иеміз.

Бақұл бол, Фариза.

Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ.      

 

ПЕЙІШТЕ НҰРЫ ШАЛҚЫҒАЙ

Қаңтардың қара суығынан да бетер мына қаралы хабар жанымызды жауратты, жанарды жасауратты. Алланың ісіне адам араша тұрмас...

Десе де, үзілмес үміттің жетегінде сауығып ортамызға оралар деп тілеуші едік... Амал не?

Бүгінде тек Атырау жұртшылығы емес, күллі қазақ даласы Фаризасынан айырылып, аза тұтуда. Өйткені, апамыз кішкентай Манашта туып, барша Алаштың ақберен ақынына айналған айтулы тұлға еді.

Кешегі дауылпаз Доспамбет, шамырқанған Шалкиіз, кәрі­ жорға Қазтуған, алдаспан Ақтамберді, жалаугер Ма­хам­беттерден қалған аруақты да арынды жырдың жалғасы еді.

Парламент депутаты болған жылдары егемен еліміздің байыпты дамуына, баянды болашаққа сүбелі үлес қосты. Әдебиет пен мәдениетке, ұлт тәрбиесіне, ана мен бала тағдырына айрықша қамқор болғанына куәміз.

Ірілік пен кеңдікті, парасат пен парызды, міндет пен мінәжатты тең ұстаған, қай кезде де қазақтың қаны, азаматтың ары үшін күреске дайын үлкен қоғам қайраткері еді апамыз.

Асау ғасыр! Іріні үгіп демің

бара жатса сөнердей үміттерім.

Мен тілеймін: күңкіл мен ұсақтықтан

Сақтағай деп даламның жігіттерін, – деп жырлаған ұлы да ұлт тілеуқорынан қапияда көз жазып қалдық.

Шүкірлік етеріміз сол, апамыздың соңында уақыттың тозаңы қонбас ғажайып мол мұрасы қалды. Ол – мәңгілік!

Ғасырдан ғасырға өткен сайын жаңа қырымен жарқырай түсер, егемен еліміздің жас ұрпағының жаттап өсер жасампаз жырына айналар.

Пейіште нұрың шалқығай, Фариза апа!

Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ,

Атырау облысының әкімі.

 

ДАРА ТҰЛҒА

Өмірден Фариза Оңғарсынова озды. Аяусыз тағдыр деген осы. Халқының ардақтысы болып, оқырманның жылы алақанының лебінен басқаны сезіне білмеген ақынын тағдыр алды да кетті. Елін еңіретіп, қайғысын қалыңдатып, ең қымбатын тартып әкетті. Оған бүгін қазақтар ғана емес, Фариза жырын оқыған, өзімен көрісіп жүрген туыс халықтар да ден қояды.

Фариза жыры алғашқы көрінгеннен-ақ Әбділда ақын бастатқан қазақтың өлең сүйер қауымын бірден қуанышқа бөлеп еді. Өйткені, ол өз буынының, жас құрдастарының жан сырын жеткізе білумен шектелмей, аға ұрпақтың, жалпы адам баласының қуанышы мен сырын, қайғысы мен мұңын түгел қамтып айта алды. Өзі тұйықтау болғанмен, өлеңінде ой мен сезім мол еді. Шыншылдықты, әділеттілікті ту етіп ұстады. Оның өлеңдерін үлкендер де, жастар да, өз замандастары да жатқа айтты.

Өмір деген күрделі ғой. Кейде оқиғалар да, айтылар сөз де қайталанып жатады. Ал әдебиет табиғатына қайталау жат. Фариза, тіпті, ешкімге ұқсамайтын дара талантымен танылды. Ол жаны сүйгенді, сүйсінгенін, түйсінгенін, көңілі қалып жерінгенін жазды. Оның отаншылдығы, патриоттығы жалаң патетикадан емес, жер мен ел туралы ойынан, сезімінен туды. Ол қазақ тарихын жүрек көзімен саралады.

Ол биік рухтың ақыны болды. Оның рухтылығы да, туған топырағы мен Отанына деген шынайы сезімнен жаралған. Табиғат оның егізі еді. Сондықтан да ашық күнге қуанып, жаңбырға қарап қамығып, көктемде шалқып, дауылға қарап бұрқанып өмір сүрді. Ол табиғат пен адамның құпия сырларын жақсы түсінді. Олардың тазалығын, пәктігін ардақтады. Соны бойына, жырына дарыта білді.

Фариза адам есебінде де, дарын-талант есебінде де ірі, кесек мінезді, жігіттің сойы дерлік, ерке, батыр қыз еді. Ол өмірдің ұсақ-түйегіне алаңдамады. Ірілікті, мәрттікті сүйді. Оның астарында әйелдік сезімнің байлығы жатады. Ол махаббатты ұлы сезім санады. Оған бас иді. Оны сүйе білудің азабы деп ұқты. Сезім нәзіктігін паш етті. Онда жасандылық жоқ еді. Ойшыл болса, шындықты тани білуден, мұңды болса, ақындықтың болмысынан дерлік. Кейде өзін жалғыз сезінетін кездері де аз болмайтын. Бірақ ол ақынның ортасынан, айналасынан бөлінуі емес. Ойларының қолдау таппай қиналуынан туатын. Соның өзінде ол өмірді шексіз сүйді. Өле-өлгенше азабымен ұстамдылықпен, табандылықпен алысты. Фариза біздің заманның, адамзаттың биік үлгідегі ақыны болып қалды.

Қош, қарындасым, талантым. Сен жөнің бөлек дара тұлға едің. Алдың жарық болсын.

Серік ҚИРАБАЕВ.

 

СЕЗІМГЕ СУАРЫЛҒАН СҰРАПЫЛ ЖЫР

Толқындар жалқынданып жағаны ұрды,

Домбыра бебеулетті қаралы үнді.

Қаусырып жел-сыбызғы табиғатты,

Тау – сұлық, орман суық, дала – мұңды.

Әлем – бұл, ақын сүйген шын жүректен,

Бояуын кестелеген жыр жібекпен.

Үдере көшкен бұлттай қайран дәурен,

Ақынның басынан да жылжып өткен.

Арқаның ақ бораны уілдеген,

Дүние – бір күншілік – дүрілдеген.

Қаламның иесінің өзі кетіп,

Қалады адамзатқа түбінде өлең!

Биыл да қаңтар, қары салқын ерек,

Айырылды өр ақыннан халқы кенет.

Еркелеп ел-жұртына жүруші еді-ау,

Даланың дара қызы даңқы бөлек.

Бар еді онда мұң да, өткірлік те,

Арланып қарайтұғын көп тірлікке.

Өтті ақын мәңгіліктің ауылына,

Қойылды бұл фәниге тек бір нүкте.

Жан еді ғасырларда туатын бір,

Мұратын, жалғастырып бір ақын жүр.

Сүреді қазағымен бірге ғұмыр

Сезімге суарылған сұрапыл жыр.

Тұрады жұлдызы оның мәңгі жанып,

Бәрі де ақындардың жалғыз, анық.

Жыр-дұға жаздым бүгін апама арнап

Болғай деп рухы аман, алды жарық!

Күләш АХМЕТОВА,

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік

сыйлығының лауреаты.

Fariza apai 12

ТҰНЫҚ ЖАН ЕДІ

Қазақтың Фаризасы дүниеден өтті ме – жалған дүние-ай – ауыр қаза.

Фариза мен үшін қимас бір құрбы-құрдасым еді. Кездескенде анадайдан «Әй, тентек!» дейтін өктем дауысы маған жетіп жататын еді, қымбат еді, бір-бірімізді үнсіз түсінетін едік...

Фаризамен сан сапарда бірге болдық. Соның бірін еске алайын. Ертеде Гурьев өңіріне шықтық. Оқушылармен кездесу болды. Зал толы адам. Көпшілік Фаризаны көруге, жырын тыңдауға келіпті. Бір кезде біреу орнынан көтеріліп, ақынға сұрақ қойды. Фариза сұрақ қойған кісіге тесіле, жақтырмай қарап тұрып:

– Сен әлі тірі ме едің, мен сенің сұрағыңа жауап бермеймін! – деді қатқыл дауыспен.

Жұрт аң-таң. Біз де не дерімізді білмей қалдық. Кесіп түсті. Әлгі кісі орнынан бірдеңе деп келе жатыр еді, ақын оны:

– Сен енді былжырама! – деп мүлдем тыйды.

Шынымды айтайын, кездесуді мен жүргізіп отыр едім, осыдан соң мәжіліс біткенше иманым үйіріліп, зәрем ұшып отырды. Өзі де өткір, сөзі де өткір, жыры асыл менің Фариза құрдасым осындай, бір қалыпқа сыймайтын өр ақын еді-ау...

Қайран, Фариза-ай... Сен ұмытылармысың. Барша ерке де есті қылығың есте...

Елшілдік мінезің ұмытылмас. Қазақ жұрты Сені ұмытпайды. Сен ұмыт болмайтын Ақынсың!

Қоғабай СӘРСЕКЕЕВ,

жазушы.

 

ӨЛЕҢІ ӨЛТІРМЕЙДІ!..

Поэзия падишасы – Фариза Оңғарсынова дүниеден өтіпті. Қандай жан еді! Өмірімде бір көргеннен бауыр тартып, «Уәлиханжан» деп айтар еді. Осы қоңыр күзде Алматыда кездестік. Іздеп бардым. Жүзі мұңды көрінді.

– Мен соңғы кітабымды рет­теуге келдім, айналайын... Уақытым санаулы...

– О не дегеніңіз, Фариза апай, әлі талай кітабыңыз шығады...

– ...Білмеймін, мына шіркін аурудың беті күшті...

– Жиған-тергенімді өзім реттеп қойғым келіп жүр. Қай қағаз, қай жазба қайда қаларын кім білсін! Соны түгендеп қойдым. Көзім жұмылып кетсе, оны реттеу оңай емес... Кітап етіп бастырып қойдым.

Апамның біраз кітабын сатып алдым. Соңын ойлайтын, алдын болжайтын апам-ай!

Әңгімеміз ауыр болды.

Бұл менің Фариза Оңғарсынова сынды заманның ұлы тұлғасын, ұлы ақынын соңғы рет көріп, қоштасқаным екен... Қош... Қош... Поэзия тұнығы, ел мен жер туралы ерте толғанып, шашы ерте ағарған қыз.

Фариза апамның да мынау заманда дәм-тұзы таусылған екен. Бұл қаза Фариза Оңғарсынова отбасының қазасы ғана емес, бұл қазаққа ортақ қаза. Сондықтан да екі заманның жырын жазған, әнін салған, сөзін сөйлеген Фариза Оңғарсынова қазасына бүкіл қазақ қайғырады. Бар қазақ бір-біріне көңіл айтады. Мен де әдебиеттегі інісі ретінде «Егемен» арқылы поэ­зия азасын айтып, өзі де, өлеңі де бөлек Фариза апама иман тілеймін!

Өлең өлтірмейді Сізді, Фариза қыз, Фариза ақын!..

Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,

М.Әуезов атындағы Әдебиет

және өнер институтының директоры.

 

ҚАЙТАЛАНБАЙТЫН АДАМ

Жалған-ай! Өмірдің күрмеуге келмейтін қысқа жіптей шолақ екенін, бұл дүниенің жалғандығын осындайда мойындау қандай ауыр десеңші... Суыт хабар жүрегімді қаңтардың аязынан бетер қарып өтті. Қара жердің бетінде қалатын ешкім көрінбейді, ақын да, дара да кетіп жатыр. Қазақтың біртуар, аспандағы айдай қайталанбайтын құбылыс секілді қызы Фариза апамды қара жердің қойнына қалай қиярсың?..

Сонау 70-ші жылдардың ортасында Фариза апай мен еңбек еткен Меңдіғара ауданындағы «Харьков» шаруашылығына бір емес екі рет келген еді. Осы екі сапарында біздің үйде 5-6 күн қонақ болған, егістікті аралап көрген. Құдіретті ақын тектілігін өзінің қарапайымдылығымен де білдіріп, мойындатып кеткен еді. Сол жолғы сапарларынан туған «Біздің Кәмшат» деген деректі повесі жұртшылыққа белгілі. Фариза апам одан кейінгі жылдары да Қостанайға ат ізін салып жүрді. Кездескенде туған апалы-сіңлі жандардай шұрқырасып табысар едік. Шыңыраудай терең ақынның адамгершілігі де таудай еді ғой. Әр кездескенде осыдан 30-35 жыл бұрын көрген балалардың аттарын атап, барлығымыздың амандығымызды қалдырмай сұрар еді.

Фариза апамды мен тұлғасы даналықтың кейпіндей, өмірдің қандай жүгіне де белі қайыспаған, Нарын құмында маң-маң басып баратын ақ нарға теңейтін едім. Мейірімсіз ажалдың құрығы қазақ қыздарының галереясын байытқан Фариза апама да түсті, құтқармады. Алайда, арамыздан ажал алып кетсе де, «артына өлмейтұғын сөз қалдырған» ақын өлген жоқ. Көңіл жұбатар бір ілгек те осы. Оның жырлары кейінгі ұрпақтың несібесіне айналады. Апамның алдынан жарылқасын, иман байлығын берсін.

Кәмшат ДӨНЕНБАЕВА,

Социалистік Еңбек Ері,

КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

ҚОСТАНАЙ.

 

ПОЭЗИЯ ПАТШАЙЫМЫ

Факем, Фариза Оңғарсынова дүниеден озды деген хабар келгенде жүрегім қан жоса болғандай күй кештім. Денсаулығы сыр берген соңғы жылдары бүкіл республика жұртшылығы тілекші болып жүр еді ғой?! Апырай, бұл қалай болды? Өлім болжаусыз деген осы екен ғой. Қазақ поэзиясындағы ұлы құбылыс Фариза ақынның мен үшін орны бөлек еді. Менің жанашыр, ақылшы апайым, батагөй әпкем еді. Жалғыз мен емес, талай қыздар, әсіресе, поэзия әлеміне аяқ басқан ақын сіңлілері арқа сүйер қорғаны құлағандай күй кешіп қалды-ау. Енді «Қыздары-ай қазағымның дара туған» деп кім жырлайды. Факең осы бүгін үзілген ұлы ғұмырында өлеңнен қаншама қыздардың портрет галереясын тұрғызып кетті. Бұл бұған дейін болмаған шығармашылық ерлік емес пе? Қыз тағдыры арқылы ел тағдыры, жер тағдыры, ұлт мүддесі, ұлттық тәрбие мәселесі туралы толғады-ау. Қызғұмырды жырлаған жырғұмыры өзіне жарасымды еді ғой. Былтыр ғана жарық көрген «Сыр-сұхбат» атты жинағындағы бір мақаласында: «Менің түсінігімде адам баласының әр күні мереке. Өйткені, әрбір күн өзінің қуанышымен, қателігімен, қайталанбас сәттерімен, қимас-оралмас сезімімен қымбат және ол адам өмірінде енді қайтып оралмайды» деген сөздерін оқығанда жүрегім бір нәрсе сезгендей сыздап кетіп еді. Бірақ Факемнің көңілін сұрай барғаным соңғы кездесуім екенін сезбедім... Әлде сезгім келмеді ме?!

Қазір ішім қан жылап тұр. Амал нешік?! Ажалға кім ара тұра алады? Көңілге медет болары: рухани кеңістігімізде Фариза Оңғарсынова деген халық ерекше сүйіспеншілікпен поэзия патшайымы деп атап кеткен ұлы ақынның болғаны, еліне аманат етіп қалдырған баға жетпес мұрасы, жақсылық пен зұлымдық, адалдық пен жалғандық, қатыгездік пен қайырымдылық таразыға түсетін өршіл өлеңдері, ойлы сөздері. Ал жүрегімізде – бір мысқал да жасандылығы жоқ ерекше болмысы, қарапайым адамдарға, әсіресе, жастарға деген мейірімді жүрегі, тап-таза көңілі.

Қош бол, қайран менің Факем, аяулы әпкем. Алла алдыңнан жарылқасын.

Шәмша БЕРКІМБАЕВА.

 

БҮГІНМЕН БІРГЕ, ЕРТЕҢМЕН ЕТЕНЕ...

Ойпырым-ай, Фариза апамыз­дың да бақилық болғаны ма?!

Қазақ поэзиясы көгінде айшықты жасаған, жазарын дәуірмен жағаласа дауылдатып, жандырып жазып, айтарын билікпен таласа, тайталаса жүріп тайсақтамай айтқан, адам жанына кіріп алып, жеке адами сезімді адамзатқа тән асқақ биікке көтеріп, толайым толғап-толғап, ел-селін шығарып жауынды жырлаған, өз қасіретін ішіне жұтып қойып, ұлт қасіретін құрбан бола жырлаған жұлдыз ағып түсті-ау. Өзі өмір сүрген ХХ ғасырдың бар қасіретін ғасырлар бойы қазақ бастан кешкен қасіретке жалғай жырлаған жампозымыз кетті-ау арамыздан! Қазақ қасіретін ғасырлап толғаған, тәуелсіздікті аңсап аңсар толғақпен тоқтамай жырлаған жыраулардың жаңа дәуірдегі жаңаша көзі, бағзыдан жетіп, тарихтан баян тапқан толғаудың түрленген жаңаша сөзі еді-ау, Фариза апам!

Ұлы жыраулардан қалған асыл көздейін Фариза апамызды енді өткен шақпен атау деген не сұмдық? Жоқ, Фариза атын бүгінмен бірге атаймыз, қашанда барға балаймыз, болашаққа сене сөйлегенде санаткер саптан көрерміз! Билікке айтқан өктем сөзі өлермен биліктің шеміршек санасына жетіп жібітсе, кәнеки?! Ал поэзиясы? Қазақ халқы барда Фариза поэзиясы бар. Поэзиясы барда Фариза бар!

Қош, Бүгінмен бірге, Ертеңмен етене аяулы ақын!

Құлбек ЕРГӨБЕК.

ТҮРКІСТАН.

_________________________________________

Қазақтың Фаризасының қазасына қабырға қайыстырған қоштасу сөздерінің, аза тұту жырларының бірқатары газет сайтына (egemen.kz) орналастырылғанын оқырмандар есіне саламыз.