Фото: Александр Куприенко
«Биыл 15 мектеп пайдалануға беріледі, бұл – 40 мыңнан астам жаңа оқушы орны. Салыстырар болсақ, 2020 жылдан екі есе, 2019 жылдан төрт есе көп. Құрылыс кезінде мектептердің материалдық-техникалық жабдықталуын, оның ішінде инклюзия кабинеттерін ескереміз. Себебі, мүмкіндігі шектеулі жандардың бейімделуі мен әлеуметтенуі үшін барлық жағдай жасау қажет», деді елорда әкімі Алтай Көлгінов Президент Жолдауын іске асыру бойынша қала активімен онлайн-кездесуде.
Әкімнің мәлімдеуінше, педагогтар мен оқушыларға қосымша қолдау шаралары көрсетіледі. 2024 жылға дейінгі жалақы жыл сайын 25%-ға өседі. Мұғалімдердің кәсіби дамуы үшін жағдай жасалады. Кадр тарту үшін жыл сайын білім гранттары бөлінеді және т.б.
Ал әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға көмек көрсету үшін жалпыға міндетті оқу аясында елорда әкімдігі биыл 800 млн теңге бөледі.
«Маңызды бағыттардың бірі балалар мен жасөспірімдер спортын қолдау болып саналады. Қазір қалада 8 мыңнан астам баланы қамтитын 11 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Қосымша қаржыландыру бағыты есебінен балаларды қамту үлесін 50%-дан астамға ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ аула клубтарының санын арттырып жатырмыз», деп атап өтті Алтай Көлгінов.