Елордада Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың төрағалық етуімен Ішкі әскерлердің әскери кеңесі болып өтті. Оған Парламент Мәжілісінің депутаттары, күш құрылымдарының басшылары, әскери құрамалар мен бөлімдердің командирлері қатысты.
Елордада Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың төрағалық етуімен Ішкі әскерлердің әскери кеңесі болып өтті. Оған Парламент Мәжілісінің депутаттары, күш құрылымдарының басшылары, әскери құрамалар мен бөлімдердің командирлері қатысты.
Кеңес отырысында офицерлер «Қазақстан-2050» Стратегиясына сәйкес әзірленген 2014-2016 жылдарға арналған Ішкі әскерді дамыту бағдарламасының негізгі ережелерін талқылады. Бұл жөнінде ІІМ Ішкі әскердің бас қолбасшысы Руслан Жақсылықов баяндап берді. Оның айтуынша, өткен жылы әскерлер үш деңгейлі жүйеге көшірілді, бұл басқарудың тиімділігін арттырады. Бүгінде әскердің алдында жаңа міндеттер тұр. Ең бастысы – Ішкі істер министрлігімен және басқа күш құрылымдарымен біртұтас автоматтандырылған «Мақсат» басқару жүйесін дамыту.
Алдағы уақытта ішкі әскерді техникамен жабдықтауды арттыру және тыл жүйелерін жетілдіруді қамтамасыз ету мәселелері де күн тәртібіне қойылып отыр. Әсіресе, жеке құрамды оқытуды жақсартуға, әскерилерді жедел іс-қимыл жасауға, сондай-ақ, оларды жұмылдыру дайындықтарынан өткізуге баса назар аударылып келеді.
Жақында барлық өңірлерден келген офицерлерге нұсқау беру сабақтары өткізілді, олардан әскери, командирлік және кәсіби лауазымдық қызметтеріне дайындықтары жөнінде сынақ алынды. Сонымен қатар, жиында 2013 жылы өткізілген әскери қызметтің және әскери байқау-жарыстардың қорытындысы шығарылды.
Ал Мемлекет басшысы Жолдауында Ішкі істер министріне, Ішкі әскердің қолбасшылығына кезекті кезеңге арналған жаңа міндеттер жүктеді. Айта кетейік, 2014 жыл ішкі әскер үшін «Патриотизм мен кәсібилік – үздік қызметтің негізі» деген ұранмен өтетін болады.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».