Аймақтар • 05 Қыркүйек, 2021

Ірі құс фабрикасы – қажетті жоба

616 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

725 мыңға жуық халқы бар Маңғыстау облысы тауық етін осы күнге дейін өзге аймақтар мен алыс-жақын шетелдерден тасымалдап келді. Аймақ тұрғындары орташа есеппен жылына 11,5 мың тонна тауық етін тұтынатындықтан облысқа құс етін шығаратын кәсіпорын ашу қажеттігі байқалды. Осылайша, осы жылдың көктемінде Түпқараған ауданында алғаш рет бройлер тауығын өндіретін ірі құс фабрикасы өз жұмысын бастады.

Ірі құс фабрикасы – қажетті жоба

«Ақтау Агро» ЖШС – Маңғыстау облысында құс етін өндіретін ең ірі және бірегей өндіріс ошағы. Онда жылына 5 мың тонна тауық етін шығару жоспарланған. Аталған инвестициялық жоба өңірдің құс етіне деген қажеттілігін 50%-ға жабуға мүмкіндік береді. Бұл импортқа тәуелділікті екі есе азайтады деген сөз.

Жобаның жалпы құны – 5,1 млрд теңге. Бұл соманың 30%-ы отандық инвесторлардың қаражаты есебінен, қалған бө­лі­гін «Бәйтерек» ұлттық бас­қа­­рушы холдингінің «Аграр­лық несие корпорациясы» АҚ қаржыландырды. Аграрлық несие корпорациясы тарапынан қаржыландырылған сомма 3 млрд 573 млн теңгені құ­ра­ды.

– Бүгінгі таңда қарыз алу­шы­ға айналым қаражатын тол­тыру үшін «Агробизнес» бағ­дарламасы бойынша 700 млн теңге сомасына кредиттік желі ашылды. Қалған 1 млрд теңге мөлшеріндегі қаражат жобаның барлық нысандары іске қосылғанда берілетін болады. Аграрлық несие корпорациясы әрдайым осындай жобаларды қолдауға және қаржыландыруға дайын еке­нін айтқым келеді. Мұндай ауқым­ды жобалар ай­мақтың эко­но­микасын көтеруге ықпал етеді, – дейді «Аг­рар­лық несие корпо­рациясы» АҚ Маңғыстау филиалының бас маманы Шахрияр Джафарзаде.

Осы жылдың сәуір айында Маңғыстауға Ресейден 38,5 мыңға жуық инкубациялық жұмыртқа әкелініп, құс фабрикасы жанындағы инкубаторға жұмыртқалардың алғашқы партиясы салынды. Сол мөлшердегі екінші партия инкубаторға 16 күннен кейін тағы салынды. Осылайша, бройлер тұқы­мы­ның алғашқы балапандары сәуір айының соңында басылып шықты. Өсіп-жетілген құс­тар­дың алғашқы партиясы 28 мамырда сою цехына жіберілді. Дайын салқындатылған өнім мау­сым айының соңында «Каспий құсы» брендімен дүкен сөре­леріне шығарылды.

– Өнімнің орташа салмағы шамамен 1,5-2 килоны құрайды, ал бағасы бір кило үшін 1200 теңге. Салқындатылған еттің басты ерекшелігі – бойындағы пайдалы дәрумендері мен микро және макроэлементтерін жо­ғалтпайды. Біз тауық етін шы­ғарғаннан бас­тап, тұты­ну­шы­ға жеткенге дейін сапасын бақылаймыз. Ал білікті мамандарымыз сақтау мерзімін және температуралық режімін қатаң қадағалап отырады, – дейді кәсіпорын басшысы Д.Тұрғынов.

«Ақтау Агро» кешені инку­ба­тор, 30 мыңнан астам құс­қа арналған 16 қора және са­ғатына 2 мың құс сою­ға қау­қа­рлы цех сынды үш алаң­нан тұрады. Бүгінде кәсіп­орын бройлерді өсіруге қажетті барлық жабдықтармен қамтылған. Оның ішінде өнімді жіті бақылайтын ветеринарлық зертхана да бар.

Құс фабрикасындағы ең күрделі процестің бірі – цехтың өндірістік жұмысы. Балапандар инкубатордан басылып шық­қан­нан кейін құс өсіретін орта­лыққа орналастырылады. Құс­тар қажетті деңгейге жеткенде сою цехына жібереді.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ 2018 жылдың шілде айында «Агроэкспорт» бағ­дар­ламасы бойынша жобаны 8% мөлшерлемемен 1 390 млн теңгеге қаржыландыру туралы шешім қабылдады. 2020 жылы жоба қайта қаралып, қосымша құс қораларын, мал сою цехын және құрама жем зауытын салу туралы шешімге келді.

– Маңғыстау облысында құс фабрикасы сынды ірі ин­вес­тициялық жобалардың іске қосылуы өңірдің агро­өнер­кә­сіп­тік кешеннің жоғары дең­гей­ге көшкендігінің көрінісі. Бұл тек экономикалық өсу емес, әлеуметтік қамтылудың бір көрі­ні­сі. Өйткені тауық еті халық ара­сында үлкен сұранысқа ие. Тағы бір маңызды жайт – бұл отандық әрі жергілікті өнім, – деген «Ақтау Агро» ЖШС директоры Данияр Тұрғыновтың айтуынша, құс шаруашылығы кешенін іске қосу өңірге 90-нан астам тұрақты жұмыс орнын ашып отыр.

Кәсіпорын директорының айтуынша, Маңғыстау облысының атқарушы органдары жобаны жүзеге асыруда үлкен қолдау көрсеткен. Жергілікті бюджет қаржысынан құс фабрикасының инфрақұрылымы салынды. Бұл мақсатқа 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.

Бұдан бөлек «Ақтау Агро» ЖШС Мұнайлы ауданында қуаттылығы сағатына 10 мың тонна жем шығаратын құра­ма жем зауытының құры­лы­сын жүргізіп жатыр. Бұл өндіріс тек құс фермасының қажет­тіліктеріне ғана емес, мал шаруашылығына да жем шығару жоспарланған.

Маңғыстау облысы