Кезінде еңбектегі жеке рекордтық жеңістерімен атақ-даңқы дүйім әлемге жаңғырыққан бұл адамды қарағандылық ескі көз шахтерлердің біразы сырттай емес, тікелей жақсы біледі, қоян-қолтықтасып бірге көмір өндіргендіктерін мақтаныш тұтады. Әнебір жылдары Социалистік Еңбек Ері, марқұм Жәкен Рүстемов ақсақалмен әңгімелескенімізде “Алексей Стахановты Қарағандыға келген бетінде іздеп барып, лездеме өткізіп жатқан үстінен шықтым. Қысқа сөйлеп, тапсырмаларды нақты беретін кісі екен. Содан еліне қайта оралғанша байланысымыз үзілген жоқ. Оның, әсіресе, кен техникасын тиімді пайдалана білуді ұйымдастыру жағынан көп нәрсе үйрендім. Кейінде басқаруымдағы учаскенің отын шығару жөнінен бірнеше мәрте дүниежүзілік рекордтар жасауға қол жеткізуі әріптесім ықпалының арқасы” деген еді.
Иә, Стаханов ізі Қарағандыда да қалған. Соғыстың бастапқы уағында басып алынған Донбасс көмір бассейнінен соң майданды аса қажетті осынау өніммен қамтамасыз ету Қазақстандағы үшінші көмір ошағы мойнына түскен болатын. 1941 жылдың күзінде Донецк шахтерлерінің үлкен тобын бастаған Алексей Стаханов Қарағандыға табан тіреген-ді. Әйгілі рекордшыға №31 шахтаны басқару тапсырылады.
Білікті әрі тәжірибесі мол майталман кеншілердің қатар толықтыруы жергілікті көмір өндірісіне орасан зор өзгерістер ала келді. Стахановтық қозғалыс бастамашысы өзінің орталарынан табылуы бұрын-соңды болып көрмеген еңбек өрлеуін туғызады. Донбастың орнын жоқтатпауға күш салған ниеттестерімен жарысқа қосылған қарағандылықтар қайраты қайралып сала береді. Ғазиз Абдрахманов, Тілеубек Сыздықов, Қанаш Алтынбаев сияқты көмір қабатын шабушылар Стахановтың бір ауысымда қайламен 227 тоннасын қазған әйгілі көрсеткішіне жуық нәтиже көрсетеді. Түсіп Күзембаев жетекшілік еткен забойшылар бригадасы бұған дейін күніне 144 вагонетка көмірді кыр үстіне жөнелтіп келсе, енді 202-ге жеткізеді. Киров атындағы шахтада құрылған стахановшы ауысым одан да асырып түсіп, 455 вагонеткаға өсіреді.
Алдымыздағы деректер айғақтардай, сол шақта №31 шахта табысы көлдей болып тұрыпты. Әрине, оны Стахановтың өзі басқаруы, оған қоса Донбастан келген 3200 кеншінің дені сондағы жұмысқа жұмылдырылуы жетістікке жетелемей қоймағандағы хақ. Кәсіпорынның 1942 жылдың жоспарын мерзімінен 7 ай бұрын, яғни 1 мамырда орындап шығуы тәрізді ірі еңбек жеңістері жеткілікті.
Бірінші көмір ошағы қолға қайтарылған бетте-ақ Стаханов бастаған кеншілер елдеріне бірден оралады. 1943 жылы олар қиратылған шахталарды қайта қалпына келтіріп, көмір өндіруді жолға қояды. Бұл жолы қарағандылық шахтерлердің бір тобы бірге барып, істің оңғарылуын тездетеді. Жергілікті еңбеккерлер қиын сәтте қастарынан табылған жандарды жай жібермей, соғыс салдарын жеңілдетерлік жағдай жасап, шығарып салады. Мәселен, Теміртаудың маңындағы “Путь к социализму” ұжымдық шаруашылығы донбастықтар үшін 400 ірі қара, 1350 қой жинайды. Мұның сыртында 1200 пұт астық жөнелтеді.
Қарағанды көмір өндірісі тарихында бұл кезеңнің елеулі ізі бар. А.Стаханов, Г.Спицын, Д.Ляпин, С.Макаров сынды танымал мамандардың ұйытқы болуы арқасында “Қарағандышахтақұрылысы” тресі құрылып, 12 жаңа шахта іргетасы қаланады. Макаров демекші, ГМК -1 көмір комбайнын жасап шығарған, оның бассейнде ең жоғары еңбек өнімділігіне қол жеткізуіне із салған осы кісі.
Соғыстан кейін КСРО көмір өнеркәсібі министрлігінде қызмет еткен Алексей Стахановтың Мәскеуде қарағандылықтармен бір кездесуде әрқайсысын құшағына қысып, жанарына жас алған сәтін Жәкен Рүстемов қарт елжірей еске түсіргені есімізде. Достық, бауырмалдық қиындықта сыналады, білінеді. Сондай сында бір-бірін арқа тұтқан шынайы пейілге жүрегі толқығаны болар атақты рекордшының.
“Алексей Григорьевич қатардағы еңбек адамдарының ішіндегі қайталана бермейтін құбылыстың бірі еді ғой. Кейде “Осы маған бастықтықтан гөрі қайламды қолға алып, көмір шапқаным ұнайды” деп бізбен бірге қайла сілтесіп, жұмысқа айызы қанып қалатын, дейтін марқұм қарт шахтер Сәкен Шоманов.
Қарағанды Стаханов есімін ұмытқан жоқ. Атында көше, шахта бар.
Айқын НЕСІПБАЙ, ҚАРАҒАНДЫ.