Қоқиқаз өзінің кербез қимыл-қозғалысы мен маңғаз тұрысымен ғана испан халқының әлемге әйгілі «Фламинго» биіне негіз болғаны баршаға аян. Бұл құстар өте сақ әрі үркек келеді, көбіне адам аяғы баса бермейтін сулы жерлерді мекендейді. Бір үріккен көліне 4-5 жылға дейін қайтып қонбай қояды екен. Қоқиқаз – бойшаң, ұзын сирақты құс әрі көзі қиядағыны шалатын қырағы келеді.
«Алты Сай» экосаябағына қонған қызғылт қоқиқаздар жаздай осы маңды мекендейді. Қауырсындарын түлетіп, балапан басып шығарады. Бір қоқиқаз екі жұмыртқаға дейін басып шығаруы мүмкін. Қорек табу үшін ұшып кеткен ана қоқиқаз қаптаған құстың ішінде жүрген өз балапанын даусынан таниды екен. Қоқиқаз балапандарының қанаты қатайып, әбден әл жинап алған соң, күзге салым Әзербайжан, Түрікменстан және Иран елдеріндегі қыстауларына ұшып кетеді.
Қостанай облысы