Жақында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалық етуімен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға арналған актив жиналысы болып өтті.
Жақында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалық етуімен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға арналған актив жиналысы болып өтті.
– Ендігі кезекте, біз Елбасы өз Жолдауында айқындап берген міндеттерді жүзеге асыру бойынша нақты шаралар қабылдауымыз қажет, – деді аймақ басшысы жиында. – Ел экономикасында ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы өсімі 4 пайыздан кем болмауы міндеттелді. Ол биылғы жылы 6-7 пайызды құрайтын болса, бұл бағытта біздің облыс бұдан да жоғары көрсеткішке қол жеткізуі тиіс. Мақсатты міндеттерді жүзеге асыруды осы бастан қолға алуымыз керек. Елбасы 2050 жылға дейін еңбек өнімділігін 5 есеге арттыруды тапсырды. Өздеріңіз жақсы білетіндей, өңіріміз еңбек өнімділігі бойынша дамыған мемлекеттерден бірнеше есеге кейін қалып келеді. Бұл алшақтықты жоспарлы және мақсатты түрде теңгеруге міндеттіміз.
Әрине, бұл білім, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларға тікелей қатысты. Осыған байланысты облыс әкімі облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Мұрат Имандосовқа, Қызылорда қаласы мен аудандар әкімдеріне кәсіпорындармен жұмыс жасауда, оның қызмет саласына, меншік нысанына қарамастан, бірлесіп еңбек өнімділігін кезең-кезеңімен арттыру мәселелерін пысықтауды тапсырды.
Облыс басшысы жиында білім беру саласына да тоқталды. Қырымбек Көшербаевтың атап өтуінше, «Балапан» бағдарламасы бойынша өткен жылы 3-6 жас аралығындағы балалардың 80,9 пайызы мектепке дейінгі білім беру мекемелерімен қамтылған. Енді 2015 жылы осы көрсеткішті 100 пайызға жеткізу керек. Оған мүмкіндік бар.
– Білім сапасына байланысты нақты шешімдер қабылдануда. Орта білім беру саласында жалпы білім беру мекемелерін Назарбаев зияткерлік мектептерінің деңгейіне жеткізу міндеті тұр. Бізге тек жай оқытып қана қоймай, сонымен бірге, жеке тұлға тәрбиелейтін мектептер де қажет, – деді Қырымбек Елеуұлы осы жөнінде. – Біздің болашағымыз – еліміздің құндылықтарын, тарихы мен салт-дәстүрін, қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген азаматтар. Олар ой-өрісі кең, ішкі мәдениеті жоғары, шығармашыл және өз бетінше ойлай алатын жандар болуы тиіс.
Осы ретте аймақ басшысы облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназароваға, облыстық білім басқармасының басшысы Наурызбай Байқадамовқа бір ай мерзім ішінде мұғалімдердің біліктілігін арттыруды және оларды үздіксіз даярлаудың жүйесін енгізе отырып, мектептерге маман даярлаудың кешенді бағдарламасын әзірлеуді тапсырды.
Өткен жылы облыс аумағында үш ауысымды мектептер мәселесі толығымен шешілген еді. Осы жиында облыс әкімі Қ.Көшербаев: «Барлық апаттық жағдайдағы ғимараттарға байланысты бюджеттік қаржылар қарастыратын боламыз.
– Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі колледждер құрылымын қайта қарап жатырмыз. Енді нарық талабына қарай колледждердің бағдарларын жаңа стандарттар талабына сай келтіру қажет. Мектептің кәсіптік бейімделуін қайта дамыту, өңірдің қажеттілігін қамтамасыз ететін мамандар даярлау бойынша жұмыстар барынша күшейтіледі», деді.
Бүгінде облыстағы техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарында дуальды оқыту технологиясын енгізу бағытында алғышарттар жасалып жатыр. Осыған қатысты аймақ басшысы облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназароваға 1 наурызға дейін дуальды оқытуды енгізу бойынша тиісті шаралар қабылдауды ұйымдастыруды тапсырды.
Әлімжан ЖАРЫЛҚАҒАНОВ,
журналист.
Қызылорда.