Саясат • 06 Қыркүйек, 2021

Жолдаудың іске асырылуына қоғамдық бақылауды қамтамасыз етеді

149 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Nur Otan партиясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауы мен осы ұйымның «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасының іске асырылуына жүйелі қоғамдық бақылауды қамтамасыз етеді. Бұл туралы партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Facebook-тегі парақшасында жазды.

Жолдаудың іске асырылуына  қоғамдық бақылауды қамтамасыз етеді

Бауыржан Байбек өз постында 3 негізгі мәселеге назар аударды. Оның айтуынша, біріншіден, Мемлекет бас­шысының ел Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығы тұсында жасаған бұл Жолдауы басымдықтарды айқындап, мемлекет пен қоғамның әрі қарай даму бағытын белгілеп қана қоймай, сонымен бірге осы жылдар аралығында жүріп өткен жолымызды да қорытындылайды.

«Қасым-Жомарт Кемелұлы Жол­дауының басында айтқандай, «Қазақстан Тұңғыш Президентіміз – Елбасының дара саясатының арқасында табысты ел ретінде бүкіл әлемге танымал болды. Ең басты жетістігіміз – біртұтас ел болып, жаңа мемлекет құрдық. Ірге­мізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Халық­аралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналдық. Тұрақты қоғам қалыптастырып, орнықты даму жолына түстік», деп жазды Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.

Бауыржан Байбек атап көрсеткендей, Қазақстан – бүгінде іргесі берік, тұғыры мығым мемлекет. Мұны ішкі саяси тұрақтылығы, бейбіт сыртқы саясаты және жалпы орнықты экономикасы қамтамасыз етіп отыр. Кезінде оппозицияның «қаражатты таратып беру керек» дегеніне қарамастан, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құрған Ұлттық қор бүгінде біздің экономикалық сілкіністерді еңсеріп қана қоймай, елдің әрі қарай дамуы бойынша жаңа бастамалар ұсынуымызға да мүмкіндік беруде.

«Екіншіден, Жолдау бүкіл әлем­ді жайлап, елімізді әбігерге салған коро­на­дағдарыс уақытында, азаматтардың әлеуметтік-экономикалық ахуалы нашар­лаған және наразылық көңіл күй артқан күрделі жағдайда жасалып отыр. Осын­дай кезеңде біз, өкінішке қарай, гео­саяси турбуленттіліктің, әлемдік дер­жавалардың санкциялық текетірес­терінің күшейе түскенін байқап отыр­мыз. Ауғанстаннан мыңдаған бос­қындар өз үйлерін тастап кетіп жатқанын көріп отырмыз, бұл, әрине, Орталық Азия өңіріндегі және жалпы біздің еліміздегі ахуалға да әсер етпей қоймайды», деді ол.

Оның пікірінше, мұндай күрделі жағ­дайда Мемлекет басшысының Жол­дауы басымдықтарды айқын белгілеп, қазіргі сын-қатерлерге нақты жауап беріп отыр.

«Ел Президенті Қазақстан үшін ұлт­тық бірлікті одан әрі нығайту, азамат­тық қоғамды дамыту мен экономи­каның сапалы өсуі үшін жаңа ынталан­дыру тетіктерін құрудың басты басым­дық­тары болып табылатынын атап көрсетті. Бұл қазіргі қиындықтарды табысты еңсеруге мүмкіндік беріп қана қоймай, пандемиядан кейінгі кезеңде ел дамуын қамтамасыз етуге де жағдай тудырды», деді Б.Байбек.

Үшіншіден, Б.Байбек Мемлекет бас­­­шы­сының саяси жаңғыртуға, аза­мат­­­тық қоғамды дамытуға, жаңа әлеу­­­меттік стандарттарды ендіруге, отан­­­дық бизнесті қолдауға, сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимылға, сон­дай-ақ мемлекеттік аппараттың тиім­ділігін арттыруға бағытталған бағ­дарының жүйелі әрі табанды іске асырылып жатқанын атап көрсетті. 

«Жыл сайынғы Жолдаулар мен ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Nur Otan партиясының ХХ съезінде жария еткен «Өзгерістер жолы: Әр аза­матқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасының іске асырылу барысы денсаулық сақтау жүйесінің сапасы, білімнің қолжетімділігі, цифрлан­дыру, өңірлерді дамыту секілді маңызды мәсе­лелердің қашанда басты назарда екенін көрсетеді», деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, партияның қо­ғам­дық қабылдау бөлмелеріне азаматтардан келіп түскен 100 мыңнан астам өтінішке жасалған талдау, сондай-ақ Nur Otan депутаттарының халықпен көптеген кездесудің қорытындысы бүгінде ең өзекті 3 мәселеге бағалардың өсуі, коммуналдық тарифтердің көте­рілуі және баспанамен қамтамасыз ету жататынын көрсетіп отыр. Осыған байланыс­ты Мемлекет басшысының пандемия жағдайында халық табы-
сын арттыруға және тұтынушылық сұранысты ынталандыруға бағытталған 5 бастамасы дер уақытта ұсынылып отыр, деп санайды Бауыржан Байбек.

Ең төменгі жалақы мөлшерін 60 мың теңгеге дейін ұлғайту, бизнесті қыз­мет­керлерінің жалақыларын көтеруге ынталандыру шараларын іске асыру, шағын және орта бизнес үшін салықтық ауыртпалықты 34-тен 25%-ға дейін төмендете отырып, еңбекақы қорынан бірыңғай төлем ендіру, азаматтық қызметкерлер санатындағылардың басым бөлігінің жалақыларын жыл са­йын 20%-ға көтеру, сондай-ақ тұрғын үй несиелерін алу шарттарын әрі қарай оңтайландыру еліміздің бүкіл дерлік азаматтарын қамтитын шаралар болмақ. Сарапшылардың бағалауы бойынша, ең төменгі жалақы мөлшерінің ұлғаюының өзі ғана экономиканың 1,5%-ға өсуіне әкеледі.

Nur Otan Жолдау мен «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламаның іске асырылуына жүйелі қоғамдық бақылауды қамтамасыз ететін болады. Жыл басынан бері республикалық деңгейде сайлауалды уәделердің 11%-ы және өңірлік деңгейде 12%-ы орындалды. Нақ­ты цифрлармен көрсетсек, бұл – 7,7 млн шаршы метр тұрғын үй, 12,2 мың орынға арналған 34 мектеп пен 4,5 орын­ға арналған 68 балабақша, 160 мың­нан астам жұмыс орны бар 77 жаңа кәсіп­орын. Жыл соңына дейін тағы да 200 әр­түр­лі әлеуметтік нысан, оның ішін­де жа­ңа мектептер, ауруханалар және т.б. пайдалануға беріледі», деді Б.Байбек.

Постта айтылғандай, көлік және инженерлік инфрақұрылымды ауқымды түрде дамыту жеке блок бойынша іске асырылуда.

«Достар! Мемлекет басшысы атап өт­кен­дей, «Біз тұғыры мығым ел болу жо­лында кедергілерді еңсеріп, қиын­дық­тарды жеңіп келеміз. Мұның бә­рі­не берекелі бірлік пен еселі еңбек ар­қы­лы жеттік. Еліміз тәуелсіздік жыл­на­ма­сының төртінші онжылдығына қа­дам басқалы тұр. Бұл кезеңнің оңай бол­­майтыны қазірдің өзінде айқын бай­қалуда. Сондықтан кез келген сын-қа­тер­ге дайын болуға тиіспіз. Тынымсыз ізде­ніп, ұдайы алға ұмтылуымыз қа­жет». Nur Otan адамдар игілігі жолын­да жұмыс істеп жатқан мақсаты айқын, нақты істер партиясы ретінде ел басшылығы қойған міндеттер мен қазақстандықтар алдындағы өз сайлауалды уәделерінің барлығының іске асырылуын қамтамасыз етеді. Біз біргеміз! Қиындықты еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз!» деп түйіндеді ол.