Іс-шараның мақсаты – тіл мәдениеті мен жалпыадамзаттық рухани құндылықтар қағидаттарына негізделген қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті, қазақстандық бірегейлікті, толеранттылық пен өзара түсіністікті нығайту және дамыту.
ҚХА Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов өзінің сөзінде Президенттің жаңа Жолдауының маңыздылығы туралы айтып, Мемлекет басшысының тіл саясатына басымдық бергенін назарға алды. Сондай-ақ ол тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап республикада бүкіл Қазақстан халқының мүдделерін ескеретін, елдің барлық этностарының тілдік құқықтарының сақталуын қамтамасыз ететін үйлесімді тіл саясаты жүргізіліп келе жатқанын атап өтті.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар қазіргі таңда әртүрлі этностың көптеген жасы қазақ тілінде сөйлейді деген пікірлерін білдірді. Онлайн-конференция барысында республикалық этномәдени бірлестіктер мен ҚХА өңірлік құрылымдарының өкілдері мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру тәжірибесімен бөлісіп, Қазақстандағы тілдерді дамытудың өзекті мәселелерін талқылады.
ҚХА қоғамдық құрылымдарының қызметі жағдайында тіл саясатын одан әрі дамытудың негізгі бағыттары бойынша қызықты пікір алмасу болды.
Осы күні Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен және Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Нұр-Сұлтан қаласының Достық үйінде, сондай-ақ барлық облыстық, қалалық және аудандық кітапханаларда, жоғары оқу орындарында, колледждер мен мектептерде бір мезгілде (синхронды) қазақ тілінде ҚХА-ның Жалпықазақстандық ашық диктанты өткізілді.
ҚХА-ның Жалпықазақстандық ашық диктантының мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру, қазақ тілін үйрену арқылы қоғамдық келісім мен халық бірлігін нығайту.
Мемлекет басшысы өзінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында өз болашағын елімізбен байланыстыратын әрбір азамат мемлекеттік тілді үйренуге бар күш-жігерін салуы тиіс екенін атап өтті.
Қазақстан халқы Ассамблеясының Жалпықазақстандық ашық диктантының қорытындысы осы жылдың қараша айында «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» республикалық форумында жарияланады.