Ақ ұлпа қар Жамбыл өңірін әп-сәтте басты да қалды. Аққанат қар халықтың жарқын болашаққа, Мәңгілік Елге деген ақбастау арманындай қалықтап, толассыз жауып берді дейсің бір. «Достық» алаңына жиналған қауымның жүздері де жылы, көңілдері де сергек. Олар Елбасы Жолдауының маңызы мен мәнін түсіндіріп, насихаттау үшін автокеруенмен облыстың түкпір-түкпіріне аттанбақ.

Елмен әу бастан-ақ етене араласып жүретін облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев та әдеттегісінше көңілді. Алғашқы сөзді де өзі бастады.
– Ұлы Даланы емін-еркін мекендеген халқымыз тәуелсіз ел дәуірінің жаңа даму кезеңіне аяқ басып отыр. Елін – алға, ұлтын – мұратқа жетелеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауын жария етті. Алдымызға жаңа міндеттер, жаңа мұраттар, жаңа мүмкіндіктер қойды. Мемлекет басшысы «Мәңгілік Ел» болу ұлттық идеясын ұсынды. Ол – «Мәңгілік Қазақстан жобасы». Бұл – бабалар аңсаған жол. Бұл – мақсатқа жетудің батыл бағытын нұсқаған тарихи құжат. Бұл тарихи құжаттың әрбір сөзі еліміз үшін де, әрбір қазақстандық отбасы үшін де жаңа даму жолдарын ашып берді, – деді өңір басшысы.
Міне, партия мүшелері жұмылып, жаңа бастама көтеруде. «Елбасы Жолдауы – болашаққа бастар жол!» атты автокеруен насихат сапарымен ауылдарға аттанғалы отыр. Оның құрамында Әулиеата өңірінің асыл азаматтары – ел ағалары, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері, өнер тарландары мен даңқты спортшылар бар. Олар саяси құжаттың мәні мен маңызын елге жеткізетін, әрбір отбасына апаратын алғашқы қарлығаштар болып табылады. «Бұл сіздерге жүктелген зор сенім, асқар міндет!», деді облыс әкімі.
К.Көкірекбаев «Нұр Отан» партиясының аясында сапарға шыққалы отырған автокеруенге ақ жол тіледі.
Ақпараттық-насихаттық топ мүшелері көп ұзамай Жуалы, Меркі, Шу және басқа да бағыттарға жолға шықты.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.
–––––––––––––––––
Суреттерде: облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев; ақпараттық-насихаттық топ мүшелері.