Тарихқа көз жүгіртер болсақ, екі елдің құрамалары бұған дейін жасыл алаңда үш рет кездескен екен. Оның екеуінде Финляндия құрамасы жеңіске жеткен болса, біреуінде жерлестеріміз басым түскен. Қазақстан мен Финляндия құрамаларының ең алғашқы таныстығы 2006 жылы басталған болатын. Сол жылдың ақпан айында өткен жолдастық кездесуде Қазақстан футболшылары қарсыластарымен негізгі уақытта тең түсіп, матч соңындағы пенальти сериясында жеңіске жеткен еді. Кейінгі екі кездесу 2008 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі аясында өтіп, топтық бәсекедегі екі ойында да финляндиялықтар басым түсті. 2006 жылдың қазанында Алматыда өткен бірінші ойында қонақтар 2:0 есебімен жеңіске жеткен болса, 2007 жылдың тамызында Тампереде ұйымдастырылған қарымта кездесуде де алаң иелері 2:1 нәтижесімен жерлестерімізден айласын асырып кетті. Енді, міне, араға 15 жыл салып әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында екі елдің футболшылары жасыл алаңда қайта жолықты. Өкінішке қарай, Хельсинкидегі Олимпиадалық стадионда өткен бұл ойында да скандинавиялықтар 1:0 есебімен жеңіске жетті.
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов Украинамен болған матчтан (1:1) кейінгі баспасөз мәслихатында Финляндиямен өтетін ойында құрама футболшылары 80 пайызға жаңарады деп мәлімдеген еді. Алайда матчтан бір сағат бұрын бірінші минуттан бастап алаңға шығатын негізгі құрам футболшыларының тізімі 100 пайызға жуық жаңарғанын байқадық. Украинаға қарсы шыққан ойыншылардан тек Александр Марочкин ғана өз орнын сақтап қалыпты. Елордада өткен ойынның қаһарманына айналған Руслан Валиуллин алаңға шығуы мүмкін ойыншылардың тізіміне де ілінбей қалса, қақпашы Стас Покатилов сары қағазының көптігіне байланысты, ал шабуылда ойнаған Азат Нұрғалиев пен Бақтиер Зайнутдинов виза мәселесі бойынша Финляндияға бара алмады.
Осылайша, бас бапкер Хельсинкиде алаңға екінші құрам футболшыларын шығаруға мәжбүр болды. Сондай-ақ осы матчта үш бірдей ойыншымыз ұлттық құрама сапындағы дебют ойынын өткізді. Атап айтар болсақ, «Каспий» клубының жартылай қорғаушысы Мақсат Тәйкенов, «Шахтер» клубының шабуылшысы Айдос Тәттібаев және «Тобылдың» жартылай қорғаушысы Самат Жарымбетов ұлттық құрама жейдесін киді.
Финляндия – Қазақстан матчына тоқталар болсақ, бірінші таймда екі елдің ойыншыларында гол соғатын мүмкіндіктер болғанымен, есеп ашылмады. Алғашқы 45 минутта біздің құрамадан Абат Айымбетовтің гол салатын тамаша мүмкіндігі болған-ды. Бірақ оны шабуылшымыз өз пайдасына жарата алмады.
Ал екінші тайм бастала салысымен Ян Вороговский айып алаңының сыртынан керемет соққы жасап еді. Бірақ қақпашы Лукаш Градецки өз орнынан табылып, қауіпті соққының бетін қайтарды. 60-минутта Иере Уроненнің қапталдан асырған пасын Йоэль Похьянпало баспен қақпаға дәл бағыттады. Өкінішке қарай, И.Шацкий бұл допты қайтаруға тырысқанымен, допқа жете алмады. Матч соңына дейін екі құрама ойыншылары атап айтарлықтай қауіпті шабуыл ұйымдастырған жоқ. Қорытынды есеп – 1:0.
Алаң иелері бұл жеңісінен кейін 5 ұпаймен Д тобында екінші орынға көтерілді. Ал Талғат Байсуфинов шәкірттері 2 ұпаймен соңғы орында тұр.
Сонымен қатар кеше біздің топтың көшбасшысы саналатын Франция құрамасы Украинаға қонаққа барып, қатарынан екінші ойын тең түсті. Өткен турда Босния және Герцеговина футболшыларымен (1:1) ойнаған «Үш жолақты» елдің ойыншылары Украинадан дәл осындай есеппен еліне оралды. Кезекті бір ұпайына қол жеткізген Франция 5-турдан кейін 9 ұпаймен бірінші орында тұрса, топтық кезеңдегі бес матчтың бесеуінде де тең ойнаған украиналықтар 5 ұпаймен үшінші сатыда тұр. Ал үш ойын өткізген босниялықтар 2 ұпаймен төртінші орында келеді.
Енді жерлестеріміз келесі ойынын ертең дәл осы Босния және Герцеговина құрамасымен өткізеді. Бұл – екі құраманың өз тарихындағы бірінші кездесуі болмақ. Матч елорда уақытымен 00:45-те басталады.