Әлем • 06 Қыркүйек, 2021

Төңкерісшілер Гвинея Президентін қамауға алды

269 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Гвинеядағы қарулы төңкерістің жетекшісі подполковник Мамади Дубайя ел Президенті Альфа Конденің тұтқындалуы туралы мәліметтерді ресми түрде растады, деп хабарлайды Egemen.kz Deutsche Welle-ге сілтеме жасап.

Төңкерісшілер Гвинея Президентін қамауға алды

Сондай-ақ бүлікшілердің басшысы шекаралардың жабылғанын, Үкімет пен Парламенттің таратылғанын, Конституцияның қолданылуын тоқтата тұруды жариялады.

Басылымның мәліметінше, көтерілісшілер бүкіл ел бойынша коменданттық сағат «одан әрі ескертілгенге дейін», сондай-ақ губернаторларды әскери қызметке ауыстыру туралы жариялады.

«Біз Үкімет пен институттарды тараттық. Біз Конституцияны бірге қайта жазамыз. Біздің күштеріміз Гвинеяның құрлық және әуе шекараларын жауып тастады. Жақында өтпелі үкімет құрылады. Саяси өмірді жекелендіру аяқталды. Енді біз бір адамның саясатына сенбейміз», деді Дубайя.

Сарбаздар жергілікті уақыт бойынша сағат 11:00-де Конакриде әскери қызметкерлер Конденің министрлер кабинетін және басқа да жоғары лауазымды тұлғаларды жинайды деп мәлімдеді.

Гвинея астанасы Конакридегі президент сарайының жанында төңкеріс әрекеті туралы хабарланғаннан кейін оқ атылды. Кем дегенде екі адам жарақат алды. Оқ тек Президент сарайы ғана емес, сонымен қатар басқа да мемлекеттік органдар мен министрліктер орналасқан Калум түбегінің аймағында атылды.

Дереккөздердің хабарлауынша, Гвинея Президентін арнайы күштер ұстаған. Конденің атыс салдарынан зардап шекпегені анықталды, бірақ оның нақты орналасқан жері әлі белгісіз.

Елдегі мемлекеттік төңкерістен кейін жергілікті тұрғындар бұл оқиғаны көшеде тойлай бастағаны атап өтілді.

«Адамдар көп зардап шекті, су жоқ, жарық жоқ, тіпті көшелер де жоқ! Гвинеяда көше жоқ, бұл күлкілі! Біз бәріміз бұдан шаршадық», деді жергілікті тұрғындардың бірі.

Конде Гвинеяны 2010 жылдан бастап басқарып келеді. 2020 жылдың қазан айында саясаткер кезекті сайлауда жеңіске жетті. Дауыс беруден кейін елде тәртіпсіздіктер орын ала бастады.