Бір сөзбен айтқанда, Муракамидің ерекшелігі – барлық шығармасын бірінші жақпен жазып, өмірдегі кей істерді қаз-қалпында суреттеуі. Роман сияқты үлкен жанрға небәрі 29 жасында қадам тастаған ол әр туындысын аса байыппен, оймен оқырманға ұсына білді. Сол үшін де Мураками шығармалары қазіргі Жапон әдебиетін шетел оқырмандарына жақындата алған көп оқылымды туындылар санатында.
Оның «Ұйқы» атты әңгімесі түн бойы көз шырымын алмайтын әйел туралы. Әңгімені оқи келе алдымен оның ішкі ойларымен танысамыз, содан кейін оның қазіргі күйге қалай түскенін сезінеміз. Бұл шығармада әйел кейіпкердің мүлде ұйықтай алмауы басты оқиға ретінде суреттеледі. Мейлі фантастикалық оқиға ретінде болсын, оқырман сенуге мәжбүр. Тіпті болмаса оны басқа нәрсенің символы ретінде түсіндіруге де болады. Ал басты кейіпкердің ұйықтау мүмкіндігін жоғалтуына себеп болған оқиғаға қатысты алуан түрлі болжам жасай аламыз. Көз шырымын алайын десе, төсегінің жанында құмырамен оның аяғына су құйып жатқан белгісіз қарт көз алдына келеді. Бұл оқиғадан кейін әйелдің мінез-құлқы кенеттен өзгереді. Осы шығармасында Харуки Мураками басты кейіпкердің әрекеті арқылы қазіргі адамдар мен біз өмір сүріп жатқан қоғамның арасын байланыстырады. Күтпеген мүмкіндіктердің арқасында үй шаруасындағы әйел өзінің түнгі өмірін бейтаныс кеңістік аясында өткізеді. Бір қызығы, күндізгіден мүлдем өзгеше әлемде ол отбасы, өзі туралы ойларға батады, қала берді өлімнің мәні туралы да ой теңізіне шомады.
Кейіпкер бірде: «Бұл менің ұйқысыз 17-ші түнім», дейді. Ұйқысыз күйде қараңғы сәтті өткізу үшін әйел жасөспірім кезінде жақсы көретін романын қайта парақтайды, анықтап айтқанда, атақты «Анна Каренинаны» оқып, өзін және ұйқысыз түнін алдайды. Толстойдың тартымды романы мен тәтті шоколад оның ермегіне айналады. Мураками бір сұхбатында: «Мінсіз жазу деген болмайды. Мінсіз үмітсіздік деген бар», дейді. Анықтап оқысаңыз, ол әр шығармасын мінсіз жазуға ұмтылған сыңайлы. Бізге ой салып отырған Харуки Муракамидің бұл әңгімесі қоғамның шегінен шығу туралы сюрреалистік шығарма. Әңгімедегі он жеті түн ұйықтамау көрінісі біз білетін әдеттегі ұйқысыздыққа ұқсамайды, өйткені оның (кейіпкердің) ойы үнемі ояу. Ол күйеуімен және ұлымен бірге тұрады. Күнделікті жұмысын дұрыс істейді. Тіпті ұйқысыздығы үшін дәрігерге де тексерілуден бас тартады. Осы арқылы автордың кейіпкер әйелді ұйқысыздыққа душар етуі арқылы қоғамның ояу болуын айтқысы келгенін анық түсінеміз.
«Ұйқыда» оқиғалар бір түнде қайталанды. Кейіпкер қорқынышты түс көреді, қайта оянады, бірақ сал болғандай әрі-бері жүре алмай қалады. Оқиға одан әрі оның қоғамнан, отбасынан, достарынан бөлінуіне және өзіне толық көңіл бөлуіне жалғасады. Көркем шығармада сөз, сөйлемдерді орнымен қолдану, тілге жеңіл һәм қарапайым жазу да жазушы үшін шеберліктің бір түрі. Бұл қасиет Муракамиде жиі кездеседі. Мейлі оның «Норвегия орманын» оқыңыз, әр жазғанын жер бетінің әрбір оқырманы оңай түсіне алады. Шеберлік туралы жазушы Ғабиден Мұстафин: «Шеберлік – сөздің орнын табуда, мөлшерін білуде. Мұны білгеннің әр сөзі алтын. Жалғанда не терең? Сөз терең, не сұлу? Сөз сұлу. Не өткір? Сөз өткір. Оның бұл қасиеттерін адам адам болғалы бері пайдаланып келеді. Әлі күнге ешкім шегіне жете алған жоқ. Демек әр жазушы өз тұсында өзіндік сөз өнерін көрсетуіне әбден болады. Көрсете алмаса, кінә өзінде», деп жазады. Шынында сөзден өткір ештеңе жоқ екені рас. Шекспир де, Гюго мен Диккенс те, Толстой мен Достоевский, өзіміздің Абай мен Әуезов те өздері өмір сүрген қоғамның бет-бейнесін сөздің өткірлігімен салмақтап отырған. Мураками шығармашылығындағы терең ойлылық әлем оқырмандарының назарынан тыс қалған жоқ. Біз сөз етіп отырған «Ұйқы» шығармасы Мураками қаламының өз тұсын, қоғамын шағын ғана эпизодтармен суреттегені шындық. Муракамидің қаламы бүкіл өмір бойы адам, қоғам, махаббат және ізгілік тақырыбында сөз қозғағаны анық байқалады. Оның ұмтылысы Толстойды да, өз жерлесі Кобо Абэні де қайталамайды. Оның оқырмандарының көбі АҚШ территориясында екенін айтылады. Демек Мураками шығармашылығы Батыста әлдеқашан танылып үлгерген мінсіз туындылар болмақ. Сол үшін де Мураками дәуірі оқырман үмітін селге кетірмейтін, не жазса да шынайы жазатын қасиеті арқылы қоғамға тұщымды жауап бере алатын ойдың әлемі. «Ұйқыдағы» ұйқысыз әйел айналамызда болып жатқан әртүрлі қозғалыстың бейнесі, Жапон қоғамының бүгінгі халі деуге де тиіспіз. Шығарма өзегінде әйел – қоғам, әйел – сөз, әйел – мұң мен қасірет, әйел үміт болып жалғаса береді. Ендеше, сіз осы туындыдағы кейіпкердің көз ілмеуін біз өмір сүрген қоғамның, ойдың, сананың, қала берді қиял мен қаламның көз ілмеуі деп ойлай беріңіз.