Өйткені бұл Жолдауда осы уақытқа дейін көп назарға іліге бермейтін мәдениет қызметкерлері мен мұрағатшы, кітапханашылардың жағдайы ескерілді. Бұл, ең алдымен биліктің мәдениетке, руханиятқа деген қамқорлығы деп білемін. Суретшілер қауымы үшін мәдениет саласындағы бұл бастамалар жаңа бір өзгерістің нышанындай болды. Бүгінгідей технология қарыштап дамып, қоғам өнерден алыстап жатқан уақытта Мемлекет басшысының мәдениет саласын назардан тыс қалдырмағаны бізді ғана емес, барша зиялы қауым өкілдерін қуантты.
Сондай-ақ ел басшысы мемлекеттік бюджет есебінен мәдениет пен руханият саласына бөлінетін қаржының белгілі бір мәдениет қайраткерлерінің жобаларына ғана жұмсалып отырғанын атап өтті. «Жас әрі дарынды мүсіншілер, суретшілер, театр қызметкерлері, музыканттар, қаламгерлер жаңа жанр түрлерін игеріп, ұдайы ізденіс үстінде жүреді. Сөйте тұра, олар елеусіз қалып, меценаттардың көмегімен ғана күн көреді. Шын мәнінде, Қазақстан мәдениеті сол жас дарындардың арқасында жаһандық деңгейде танылып жүрген жоқ па?!» деп, жас таланттарды қолдайтын жобалар жоспарын ұсынуды тапсырды.
Бұдан бөлек қоғамның әр саласындағы күрмеулі мәселелер де басты назарға алынды.
«Бізде ең төменгі жалақы мөлшері 2018 жылдан бері өскен жоқ. Коронавирусқа байланысты әлемдік дағдарыс тұрғындардың табысына кері әсер етті. Оның үстіне Қазақстан ең төменгі жалақы деңгейі бойынша ТМД-ның бірқатар елдерінен артта қалып қойды. Сондықтан, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны қазіргі 42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылдадым», деді Президент. Бұл бастаманың қоғамдағы әртүрлі санаттағы халықтың тұрмысына әсер ететіні анық.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауында мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы сөз қозғады. Қазақ тілінің білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналып жатқанын да айтты. «Ата заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі. Орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие. Біздің заңнамаға сәйкес, оның қолданылуын шектеуге болмайды. Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Бұл отаншылдықтың басты белгісі деуге болады», деді Президент.
Бұл Жолдау ел өміріндегі кейінгі уақыттағы оқыс оқиғалардан соң қоғамға жаңа тыныс әкелгендей болды. Бастау алған жаңа бастамалар мемлекетті тың өзгерістерге бастайды деп сенеміз.
Камиль МУЛЛАШЕВ,
суретші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты