Қазақстан • 07 Қыркүйек, 2021

Қазақстан мен Иордания Сыртқы істер министрліктері кеңес өткізді

369 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

7 қыркүйекте Қазақстан мен Иорданияның сыртқы саяси ведомстволары арасында бейнеконференц-байланыс форматында саяси консультациялар өтті, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Иорданиядағы Елшілігіне сілтеме жасап.

Қазақстан мен Иордания Сыртқы істер министрліктері кеңес өткізді

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Таяу, Орта Шығыс және Африка департаментінің директоры Онталап Оңалбаев пен Иордан Хашимит Корольдігінің Сыртқы істер министрлігі Азия және Океания департаментінің директоры Малек Туал саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен одан әрі даму перспективаларын қарастырды.

Сондай-ақ, тараптар екі елдің халықаралық және өңірлік ұйымдар аясындағы, соның ішінде БҰҰ, ИЫҰ (АҚИҰ) және АӨСШК аясындағы өзара іс-қимылының келешегіне тоқталды. Саяси консультациялар шеңберінде Таяу Шығысты реттеуді қоса алғанда, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, Сириядағы, Ауғанстандағы және басқа да елдердегі ахуал жөнінде пікірлер алмасты.

Консультациялардың нәтижелері бойынша дипломаттар жақын арада үкіметаралық комиссияның кезекті 5-ші отырысын, сондай-ақ Қазақстан-Иордан бизнес-форумын өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізді.