Тарих • 07 Қыркүйек, 2021

Абылай жолы алымды

442 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде Көкшетау өңірінің жергілікті өлкетанушысы Мұрат қажы Ыдырысұлы бастаған топ былтырдан бері «Абылайдың қара жолы» атты маршрутпен экспедиция жүргізіп келеді. Олардың мақсаты – Абылай хан мен оның ұрпақтары, батырлары мен билерінің, атақты адамдардың туған, болған жерлеріне сапарлап, халықтың назарын тарихи оқиғаларға аудару.

Абылай жолы алымды

Осының өзі бүгінгі ұрпақтың санасын селт еткізіп, елге, жерге деген патриоттық сезімдерін оятар деген үмітті де үкілеп келген. Алғашқы сапарын Қызылжардағы «Абылайдың ақ үйінен» бастаған былтырғы сапарлар жайлы қалың кітап та басылып шықты.

Ал биылғы сапар былтырғыдан да ұзақ болып екі аптаға созылған. Осы уақытта экспедиция мүшелері 7 мың шақырымнан артық жол жүрген. Биылғы экспедицияға Қы­зыл­жар­дағы «Абылай ханның резиденция­сы» музей-кешенінің қызметке­рі Алмас Әлімжанов та қосылып, бір­ге сапарлап қайтты. Экспедиция Қазақстан Республикасы Тәуел­сіз­дігінің 30 жыл­дық және Абылай ханның 310 жыл­дық мерейтойларына арналған екен. Са­пар­лаушылардың құрамына біз­дің облыс қана емес, Нұр-Сұл­тан, Кентау қалаларынан да өкіл­дер енген. Олардың арасында тарихшылар, журналистер, қоғам қайраткерлері, өлкетанушылар және хан ұрпақ­тары болған.

Сапардың маршруты Көкшетау қаласынан шығып, Ақмола, Пав­ло­дар, Шығыс Қазақстан, Ал­маты, Жамбыл және Қарағанды облыс­тарының аумақтарын қамтып, қай­тадан Көкшетауға жет­кен. Экспе­ди­ция мүшелері «Ұлы даланың ұлы есімдері» ұра­ны­мен Павлодар облысында Мұ­са Шормановтың, Мәшһүр-Жүсіп Кө­пеевтің кесенесіне соғып, жер­гілікті халықтан атақты тұлғалар туралы жаңа деректер жи­наған. Ал Шығыс Қазақстан облысы Семей өңірінде олар ұлы Абай мен Шәкәрімнің басына зиярат етіп және ұлы жазушы Мұхтар Әуезов­тің туған же­рінде, музейінде бол­ған. Алматы облысында Алтын-Емел­де болып, қазақтың ұлы ғалымы, Абы­лайдың шөбересі Шоқан Уәли­ха­новтың зиратына барып, зиярат еткен.

Жамбыл облысына келгенде Қор­дай ауданының Қырғыз елімен шектескен жеріндегі Кенесары хан­ның ескерткішіне гүл қо­йып, рухына құран бағыштапты. Со­ны­мен бірге ханның туған жері Көкшетаудан алып келген топы­рағын сеуіпті.

Осы жолдардың бәрінде экспе­диция мүшелері жергілікті ха­лық­пен, оның ішінде аузы дуалы ақса­қалдармен, ғалымдармен, өлке­та­ну­шылармен әңгімелесіп, олар­дың білетін деректерін жинаған, жә­дігерлер табуға тырысқан. Жер­гілікті БАҚ өкілдерімен кездесіп, өз­де­рінің мақсаттары туралы әңгі­ме­ле­ген. Әрине, бұл экспедиция алдарына архео­логиялық немесе тарихи мақ­сат қойған ғылыми емес, жоғарыда айтқанымыздай, ха­лық назарын ұлы тұлғалар мен та­рихи оқиғаларға аудару. Экспе­ди­ция өзі­нің мақсатына толық жет­кендігі де кө­рі­ніп тұр. Енді оның қорытындысы туралы жаңа жинақ шығарылмақ.

Солтүстік Қазақстан облысы