Экономика • 07 Қыркүйек, 2021

Банктердің «өбектеусіз» өскені жөн

650 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында стресті активтерді төмендету бойынша жұмыс істеп, банктерге қатысты айтылып жүрген көптеген мәселеге заңмен нүкте қою қажеттігін ескертті. Бұл – көптің көкейінде көптен жүрген мәселе екені белгілі.

Банктердің «өбектеусіз» өскені жөн

Мәселені әріден бастасақ, 2019 жылы банк секторының активтер сапасын бағалау (AssetQualityReview – AQR) процесі жұртшылықтың көз алдында өтті. Банктердің проблемалы активтерін жеңілдету үшін кредиттік амнистия жарияланды. AQR нәтижелері бойынша, тәуекел аймағында болған банктер бір-біріне жұтылмай-ақ шықты. Бұл жағдай қаржы секторының 2008-2018 жылдардағы дағдарыстан ес жиып қалғанын, мемлекеттің қолдауынсыз жұмыс істеуге дайын екенін көрсетті. Алайда Ұлттық банк жекешеленбей тұрып, банктер мемлекеттің ықпалынан шыға алмайды. Сарапшылар да тоқтамды пікір айтуға асықпай отыр. Қаржыгер Ерлан Ибрагимнің айтқанына ден қойсақ, мұның нәтижесін ертерек сезу үшін біраз мәселені қайта құрылымдау қажет. Соның ішіндегі ең өзектісі – Ұлттық банкті жекешелендіру. «Ұлттық банк негізгі қызметінен ауытқып, Ұлттық қор, Үкімет және ЕДБ арасындағы оператор қызметімен шектеліп қалған, егер ол дербес шешім қабылдауға мүмкіндігі болса, банктер асыранды һәм еркетотай баланың күйіне түспес еді» дейді ол.

Қаржы секторында халықтың емес, Үкіметтің ықыласына бөлену көз­­қа­расы басым. Бұл көзқарас әлсіз банк­терді микроқаржылық ұйым­дар­ға, ал азулы микроқаржы ұйым­да­рын дербес банкке айналу мүмкін­дігін шектеп келгені белгілі бола бастады.

«Ұлттық банк жекешеленбей тұрып, банктер мемлекеттің ықпалы­нан шыға алмайды. Американың, Анг­лияның орталық банктері жеке­мен­шіктің қолында. Ал біздің елде Ұлттық банк – мемлекеттің құзы­рында. Ұлттық банк жекенің қолына өтпесе, қаржы институттарын мемлекеттен бөлу мерзімі де созыла береді. Ал барлық салада, соның ішінде банк секторында мемлекеттің үлесі болса, банктердің дербес шешім қабылдау мәселесі екінші орынға ысырыла береді» деді Е.Ибрагим.

Естеріңізде болса, мемлекеттің банк­терге көмекті тоқтататыны тура­лы мәселе осыған дейін де бір­неше рет көтерілген. 2008-2009 жыл­­­дар­да­ғы қаржы дағдарысы кезін­­­д­е екін­ші деңгейлі банктерге мем­лекет бір­неше млрд доллар ша­­ма­сында көмек көрсеткен. Тіпті Ел­басы Нұрсұл­тан Назарбаев жеке­­мен­шік банк­терге мемлекет ақша­сын беруді тиім­сіз деп атап өтіп, бұл тәжірибені тоқ­тату керегін ашық айт­қан. Жөн-ақ. Бү­гінге дейін банктерді «тығырықтан шығару» үшін бюджеттен қыруар қаржы бөлінді. Осыдан келіп «банк­тер мемлекеттің бөлген қаржысын қашан қайтарады?» деген заңды сұрақ туындайды. Бұл – талай айтылып жүрген мәселе. «Үкімет пен Ұлттық банктің қолында банктерге мемлекет бөлген ондаған млрд долларды қайтару мерзімінің кестесі бар ма?» деген сауалды Алматыда өткен қаржы саммиті кезінде таңдауды төрт­тіктің қатарында болған банк­тің, сол жиынға қатысқан министр­ліктің өкілдеріне қойғанбыз. Банк өкілдері мемлекеттің көмек ретінде бөлген қаржысының көп бөлігін инфляция жеп қойғанын айтса, Үкіметтің экономикалық блогының министр­лері бұл сауалды Ұлттық банк пен Қаржы министрлігі өкілдеріне қою қажеттігін жұқалап жеткізген.

Қаржы сарапшысы Айбар Ол­жаев «мемлекет 2009 жылы банк сек­торына акционер ретінде кір­ген­діктен бөлінген қаржыны қай­тару мәселесі туралы сөз болмауы мүм­кін, бірақ қандай да бір дағ­дарыс жағдайларын банктермен бір­ге көтеруге дайын болған» деген пікір­де. Демек банк­терге қаржы бөл­­ген­де қарыз деп емес, бөлінген қар­­жы­ның тәуекелін бірігіп көтеру тура­­лы сөз болған. Мемлекет бөлген қар­­жы­­ның сұрауы мен салмағы барын екі тарап та білген. Үкіметтің банк капиталына акционер бо­лып кіруі­не 2007-2008 жылдардағы әлем­­­дік қаржы дағдарысы мен ипо­те­­ка­­лық облигациялар дағдары­сы се­­беп болған. Әлемдік қаржы дағ­дары­сы қос өкпеден қысып тұр­ған­да, Қазақстанның бұл процестен тыс­қары қалуы мүмкін емес еді. Қар­жы, әсіресе, ипотекалық облигация­лар дағдарысының біздің қаржы жүйе­сін солқылдатып кеткені 2000 жыл­дар­дағы тұрғын үй нарығындағы жағ­дай­дан белгілі. Сол жылдары банк­тер несие бере бергенін, ал салымшы­лар ала бергенін ел ұмыта қойған жоқ.

2009 жылы Үкімет жүйе құраушы деп танылған ірі банктердің капиталына акционер ретінде кіріп, оларды жойылып кетуден сақтап қалды. Сол кездегі Мемлекет бас­шысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлт­тық банкке, Үкіметке банк сек­торы­ның жұмысын қалпына келті­ру үшін қажетті шешімдер қабыл­дау­ды тапсырды, нәтижесінде арна­йы қаржылық тұрақтылықты сақ­тап қалу туралы бағдарлама қабыл­данды. Бұл ретте Үкімет банк сек­торын­дағы тәуекелге жол бермеу үшін банк акционерлерімен бірге капи­тал­дандыруға қатысты, осы тетік арқылы банктерді, экономиканы қар­жы­ландыруды міндеттеді, оның тәуе­келін де бірге көтеруге шешім қа­былдады. Бұл шешімнің әлем­дік дағдарыс жағдайында тәуе­келі жоғары шешім болғанын тәуел­сіз сарапшылар да мойындайды.

Қаржы сарапшысы А.Олжаев айтып өткендей, салымшылардың басым бөлігінің депозиттері мемле­кет тарапынан қосымша қаржылан­дырылған таңдаулы 4 банкте сақ­талды. Бұл банктерді сақтап қалды және сол арқылы экономиканы қар­жыландыруды тоқтатпауға мүм­кіндік берді, салымшылардың депо­зиттері де сақталды. Бұл дағдарыс жылдарында экономиканы қолмен басқару идеологиясы шеңберінде жүзеге асты. «Қазір 2009 жылы қа­былданған бағдарламада айтылған  негізгі бағыттар орындалды. Бағалау (AssetQualityReview – AQR) процесі жекелеген банктердің тәуекел дең­гейі қандай екенін алдын ала біліп отыруға мүмкіндік берді. Осы про­цестің нәтижесінде банктер бір-біріне қосылды немесе жабылды. Бас­қаша айтқанда, қазір жұмыс істеп жатқан банктер сауықты, қолмен басқарылатын шеңберден шығып, дамудың жаңа деңгейіне көтерілді», дейді А.Олжаев.

Дегенмен сарапшылар арасында Үкіметтің банктерді құтқа­рып қалу шешімдерін құп көрмей­тіндер баршылық. Осы пікірді жақтай­тындар «банктерді қолдан қоректен­дірмей-ақ, мемлекет «шок» терапиясы жағдайына түсіріп, естен тандыра отырып, тығырықтан шығатын жолды өздері табуына мүмкіндік беруі керек еді» деген пікірге басымдық береді. Мұндай ұсыныстар айтуға ғана оңай екенін алға тартқан А.Ол­жаев 2009 жылдары әлемдік дағ­дарыс қос өкпеден қысып тұр­ған кез­де жан-жақты зерделенбей қ­а­был­данған шешім экономиканы күй­ретіп, әлеуметтің жағдайына кері әсер ететін еді, дейді. «Сол сәтте банк­терге көмектеспесе, жағ­дай­дың неге апа­рып соғарын ойлау­дың өзі қор­қы­нышты еді. Күй­реген банктің соңынан салы­мын жоқтап, әлеумет алаңға шығады, экономиканың жеке­леген секторлары қаржы көзі­нен айырылады. Мұның соңы әлеу­м­еттік қақтығыстарға алып келер еді. Үкі­мет әлеуметтің қамы үшін мол қаржы арқылы банкті сақтап қа­лып, әлеуметтік қақтығыстардың алдын алды. 2009 жылдары қабыл­данған шешімнің экономикаға әсерін тұрақ­тылықпен және ІЖӨ деңгейімен ғана емес, әлеуметтік, саяси тұрақтылық деңгейімен де бағалаған жөн», деп сөзін түйіндеді А.Олжаев.

Елдегі макро-микро экономика­лық көрсеткіштердің нәтижесіне сын көзбен қарап, көзқарасын ашық ай­тып жүрген ғалым, эконо­мика ғы­лым­­дарының докторы Тоқ­тар Есір­кепов соңғы 10-15 жы­л­да эконо­ми­ка­лық саясаттың банк секторына ерек­­ше ықыласты бол­ға­нын, мұның не­гіз­гі себептерін талдауға үлгермей жат­қа­нымызды айтып берді. Бір сала­ға ерекше басымдық беру, эконо­ми­­­каны әрі қарай дамытуға кедергі бол­­­ғаны енді байқалып жатыр. «Эко­но­­­ми­камыздың негізгі ресурстары (шикі­зат секторы) экономиканы да­мы­­ту­дың басты факторы функциясын жо­­ғал­­тып келе жатқаны да құпия емес. Мем­­лекет басшысы бұл тұста заң­­на­­ма­­лық негіз қажет екенін айтып, бұл «дерттің» нақты диагнозын анық­­т­ап отыр. Демек алдағы уақытта мем­ле­кет­­тің банк­тер «еркелігін» көтеру мүм­­кін­дігі шек­теліп келеді. Парла­мент заң жо­басын дайындауға 100 па­йыз жұ­мылуы керек», дейді Т.Есіркепов.

Келесі қаржыгер Мақсат Халық банк секторындағы 2009 жылғы жағдай мен қазіргі жағдайды бір-бірі­мен салыстыруға болмайты­нын айтып берді. Мысалы, Moody’s және Fitch Ratings рейтинг агент­тіктерінің қорытындысы бойын­ша, біздің елдегі банктердегі қар­­жы­лық жүйесі тұрақты. Бұл банк­тер­дің негізі жағдайы тәуір, еш мемле­кеттік қолдауға зәру емес екенін білдіреді. Қазақтың «ауру қалса да, әдет қалмайды» деген сөзін еске түсірген М.Халық банктердің арнайы мемлекеттік бағдарламалар арқылы қаржы алсам деген ниетіне шектеу қою қиын екенін де ескертіп өтті. Ондай банктер әлі де болса бар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтып өткендей, бұл мәселе заңмен шегеленсе, мәсе­ле рет­телуі мүмкін. Бірақ сарап­шы айт­қандай, мемлекет банк жұмы­сы­на араласуды бірден тоқтата ал­май­ды. Бұл жұмысты мемлекет сырт­­тан бақылау арқылы кезең-кезең­мен жүргізуі де әбден мүмкін. 2016 жылдан бастап ішкі нарықта өздерін банкрот деп жариялаған банк­тердің төбесі көріне бастаған. Нақ­тыла­сақ, 2005 жылдары ішкі на­рық­та 33 банк болса, қазір олар­дың қатары 23-ке төмендеді. ДСҰ жағ­дайында банктерді азайтып алсақ, олар­дың қатарын өзге елдің банктері толық­тыруы мүмкін. Қазірдің өзінде ішкі нарықта Ресей және ҚХР банктерінің күш ала бастағаны байқалып қалады. Кейбір инвестициялық қаржы инс­титуттары мен коммерциялық банк­тер бір-бірімен бірікті, дербес ұйым ретінде жұмысын тоқтатты.

«Банктердің банкротқа ұшырай бергені жақсы емес. Мұның соңы банк жүйесіне деген сенімге селкеу түсіруі мүмкін. Халық банкке сенбесе, мұның соңы банк секторы­ның қар­жылық дағдарысына жал­ғасуы мүм­кін. Банктердің азаюы моно­по­лия­лық немесе олигопо­лия­лық пиғыл­­ды күшейтіп жібереді деген де қауіп жоқ емес. Дәл қазір 23 банк­ті сақ­тап қалу маңызды. МҚҰ қата­ры­­нан басқа банк­тер шықса, оларға да қол­дау білдіру керек. Олар сапа­лы қыз­­мет көрсетуді қолға алса, ішкі на­­рықта бәсеке болады. Бәсеке болған жер­де таңдау құқы бар», дейді М.Халық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы­нан банктерге Ұлттық қордан қаржы бөлу тоқтатылатынын білдік: Пар­ла­ментке бұл мәселені заңмен негіз­деп беріңдер деген пәрмен берілді:  ендігі салмақ заңды дайындап беру міндеті тапсырылған Парламенттің кәсіби біліктілігіне түсейін деп тұр. Шала-шарпы дайындалған заңдарды нарық заңы ханталапайға айналдыратынын да, Парламенттің түрлі топтардың лоббиінен аса алмайтынын, кесімді шешім қабылдауға батылдары жетпесе, ертеңгі уақытқа ысыра салатынын көріп жүрміз. Бұл жолы ешкімнің де қателесуге құқы жоқ.

АЛМАТЫ