Әлем • 07 Қыркүйек, 2021

Ауған трагедиясы және тұрақсыздық дәуірі

620 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

БЕРЛИН. «Талибан» ұйымы билікті басып алғаннан кейін Кабул әуежайында олардан қашқан шарасыз ауғандықтардың суреті геосаяси ахуалдың жүрек ауыртар тұсын көрсетеді. Батыс Ауғанстандағы одақтастарын тағдыр тәлкегіне қалдырды. Бұл АҚШ президенті Джо Байден әкімшілігінің ескі халықаралық міндеттемелерден бас тартып, жаңа стратегия қолданатынын көрсетеді.

Ауған трагедиясы және тұрақсыздық дәуірі

АҚШ-тың Ауғанстаннан асығыс шығуын, соның ішінде ауған әйелдері мен қыздарының құқықтарына алаңдамауын, барлаудың сәтсіздігі және жоспардың жоқтығын сынауға себеп көп. Бірақ сол көптеген сынның астарында үлкен мәселе жатыр. АҚШ-тың 20 жыл бұрын басталған Ауғанстанға басып кіруі – либералды халықаралық тәртіпке ұмтылған, алыс аймақтарға демократия мен заң үстемдігін орнатуды көздеген әлемнің соңғы белгісі. Батыста Д.Байденнің саясатын сынға алатындардың басым бөлігі қатал геосаяси бәсекелестіктің оралуына наразы.

Байденнің шешімін түсіну үшін жаңа дәуірдің мәнін ұғынуымыз керек. Батыстың Ауғанстандағы миссиясы басталған кезде бізді жақындастырған жаһандану күші қазір бізді алшақтатып келеді. Жаһандық тауар жеткізу тізбегі, жаппай көші-қон және ақпараттың жеделдігі теңсіздіктің артуына әкелді. Осылайша, адамдарда қызғаныш эпидемиясын туғызды. Өйткені шартараптың бәрінде адамдар өздерін бақуатты өмір сүретін замандастарымен салыстырады. Мұндай күш АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп көрсеткендей, наразылыққа, жеке басқа табынған және интернационализмнің айналасына топтасқан саясатты дамытуға көмектесті. Бұл әлемнің басқа бөліктерінде де қайталанады.

Осы тұрғыдан алғанда АҚШ-тың кез келген президенті елдегі ішкі көңіл күйге назар аударуы керек. «Ең әуелі Америка» ұстанымы мен элиталарға сенімсіздіктің күшеюінің үйлесімі шетелдердің тірлігіне араласудан аулақ болуға үндейді. Америкалықтар ел билігінің елдегі ахуал­ды қадағалап, бақылауды қалпына келтіргенін қалайды. Сондай-ақ елде мәселелер көп екенін түсініп, әлемді тұрақтандыру үшін алыс миссияларға сапар шегіп, қан төгіп, қаржы жұмсауды құп көрмейді.

Байден өзара байланыстарын қару ретінде қолданып, бір-бірін сынға алған елдері бар жаңа әлемге тап келді. Кейінгі онжылдықта қабырғалар мен шекараларды алып тастадық, адамдар мен елдерді байланыстыратын бүкіләлемдік желі жасадық. Бірақ қазір ұлы держава саясаты махаббатсыз некеге ұқсайды: серіктестер бір-бірін жек көреді, бірақ ажыраса алмайды. Бір-бірін ренжітуге қолданатын балалары мен иттері болмағандықтан, геосаяси серіктестер кек ұстап, саудаға, қаржыға, миграцияға, пандемияға, климаттың өзгеруіне және интернетке қатысты дау-дамай тудырады. Мұндай қақтығыстар кең таралған. Кейбір елдер саудаға, бетперделерге, вакциналарға, жаһандық қаржыландыруға немесе минералдарға қол жеткізе алмайды. Басқа мемлекеттер кибершабуылға немесе дезинформацияға жүгінеді. Шекаралардан ағылған босқындарды саяси ықпал ететін қаруға айналдырды. Бұл заманауи әдістер оқулықтағы соғыс анықтамасына сәйкес келмейді. Бірақ қарулы қақтығыстарға қарағанда әлдеқайда көп адамға әсер етіп, өмірін жалмайды.

Ендеше, Ауғанстандағы «мәңгілік соғыстың» аяқталуы бейбітшілікке әкел­мейді. «Талибандар» ақпаратты бақылап, оны ішкі жауларын ұрыссыз берілуге көндіруге қолданды. Ауғанстаннан халықтың жаппай ағылуы Беларусь пен Батыс демократиясына нұқсан кел­тір­гісі келетін басқа да мемлекеттерге ұнайды. Олар осылайша қорқыныш пен алауыздық тудырады. Өз кезегінде АҚШ көмек көрсетіп, қаржы бөлу арқылы Ауғанстанға өз билігін қалпына келтіруге тырысады.

Бұл біз білетін соғыс емес, бірақ бейбітшілік те емес. Керісінше, әлем тұрақсыздық дәуіріне немесе қуатты мемлекеттер арасындағы мәңгілік бәсекелестік кезеңіне тап келді. Оның негізінде АҚШ-Қытай бәсекелестігі тұр. Байден әкімшілігі бостандықтың жаңа шекарасы Ауғанстандағы ахуал­да емес, жаһандық экономиканы, инфрақұрылымды, жасанды интеллект пен технологияны басқаруда жатыр деп есептейді. Жаңа дәуірде АҚШ-ты бәсекеге қабілетті ету Байденнің шешіміне байланысты.

Байденнің келесі міндеті – тұрақсыз кезеңді басқара алатын альянс құру. Бірақ бастамасы нашар болды. Көптеген мемлекет АҚШ-тың көңілін табу мақсатында Ауғанстанға әскер жіберді. Бірақ мұны әлемге ортақ құндылықтар мен либералды тәртіпке сүйеніп жасағанын сылтау етіп, Ауғанстан тірлігіне араласуын ақтауға тырысты. Олар АҚШ-тың басымдықтары тез өзгергенін ұмытпайтыны анық. Сондай-ақ америкалықтардың Кабулдағы сәтсіздігі де оңай ұмытылмайды.

Америка болашақта әлемдегі жалғыз алып держава секілді басқара алмайды. Өзара қарым-қатынасқа иек артқан, қару күшінен бас тартқан одақтастарды қажет етеді. Еуропалық мемлекеттер үшін бұл – мүмкіндік те, сынақ та. Олар Ауғанстанда өздерінің геостратегиясын Америкаға жығып берді. Содан кейін 2001 жылғы 11 қыркүйектегі лаңкестік шабуылдардан кейін бақылаудың жоғалғанына өкініш білдірді. Енді Еуропа елдері АҚШ және басқа да одақтастармен тиімді ынтымақтастық орнатпастан бұрын, жаңа қақтығыстар кезеңіндегі бәсекелестікке үйренуі тиіс.

Мәңгілік соғыс аяқталды. Тұрақ­сыз­дық кезеңі басталды.

Марк ЛЕОНАРД,

Халықаралық қатынастар жөніндегі Еуропалық Кеңестің негізін қалаушы және директоры, «Тұрақсыздық дәуірі» (Bantam Press, 2021) кітабының авторы

Copyright: Project Syndicate, 2021.

www.project-syndicate.org