Президент • 08 Қыркүйек, 2021

Бізді кітапханалар күтіп тұр...

171 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биылғы Жолдаудың бір ерекшелігі, кітап һәм ұлттық кітапханалардың әлеуметтік жағдайы туралы тарихта бірінші рет сөз болып, ол Мемлекет басшысының аузымен айтылды.

Бізді кітапханалар күтіп тұр...

Ең әуелі экономика, басқасы сонан кейін бола жатар деп едік. Одан не шыққанын көзімізбен көріп отырмыз... Ұлттың рухы көтерілмесе, оның еңсесі де көтерілмейтінін тарих баяғыда-ақ айтып қойған. «Адамды адам қылған – кітап, адамзат қылған – кітапхана» дегенді айтып, Әбіш (Кекілбай) ағам біздің адасып бара жатқанымызды елден бұрын байқаған-ды. Адамзаттың осы күнге дейін жиып-терген ақыл-ойы осы кітапханаларда жатыр. 90-шы жылдары талапайға түскен де осы кітапханалар еді... Теледидар мен компьютерлерден аздап бой суытып, кітапханаларға қайта бармасақ, тағылыққа қарай талтаңдап жүре беруіміз мүмкін? Ес жиятын кезең келді.

 

Бізді кітапханалар күтіп тұр...

Он адамның жазушы ғой, сегізі,

Кернеген кеудесін ой теңізі.

Құдай жазған Құран деген Кітап бар.

... Кітап сондай болу керек негізі.

 

Қараормандай, қарасы,

Қаптап тұрған кітаптарға қарашы:

Аспанменен жердей болды,

Алла мен

Адам жазған кітаптардың арасы.

 

Кітап та бар ашып қалсаң, не түрлі,

Көктің нұры аймалайтын бетіңді:

Міне, Абайдың екі томы, ішіне

Екі дүние сыйып кеткен секілді...

 

Қарсы алдыңнан Қасым шығып,

Егілсе,

(Қара томы қалай оның, сеніңше?)

Құлағына,

(Телміргенде қағазға)

Оған Құдай сыбырлаған, меніңше.

 

«Алла-ай!» деймін Ақтамберді

 толғаса,

(Ақылыма сыймайтын жан ол да аса)

Айта алмайды мұндай сөзді Алашқа,

Жұмыр басты пенде,

Құдай болмаса!

 

Он адамның жазушы ғой, сегізі,

Кернеген кеудесін ой теңізі.

Құдай жазған Құран деген Кітап бар.

... Кітап сондай болу керек негізі.

 

Серік АҚСҰҢҚАР, 

ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты