Президент • 08 Қыркүйек, 2021

Білім сапасының артуына бастайтын бағыт

207 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ұстаздарды қолдау саясатын жалғастыра беретінін жеткізді. Бұл – біз секілді педагог қауым үшін қуанышты хабар. Қазірдің өзінде мұғалімдердің мәртебесін арттыру мақсатында қабылданған шаралар жемісін беріп жатыр.

Білім сапасының артуына бастайтын бағыт

Педагогикалық мамандықты таңдаған үздік талапкерлердің қатары күрт көбейді. Кезінде басқа салаға ойысып кеткендер орала бастады. Осылайша, бәсе­ке пайда болды. Ал бәсеке өз кезе­гінде сапаны арттырады.

Президент Жолдауда жағым­ды жаңалықты жеткізді. Біз қанша балаларды олимпиадаларға да­йындаймыз. Соңғы уақытта қазақ­стандық оқушылар әлемдік додаларда оқ бойы озық келіп, жоғары нәтижелер көрсетіп, алтыннан, күмістен медаль тағынып жүр. Осындай оқушыларды өзіміз ғана ынталандырып қоямыз. Шетелдерде мұндай балаларды президент резиденциясында қабыл­дап жатады. Міне, енді бізде де Мемлекет басшысы халық­аралық олимпиадалардың же­ңім­паздары мен жүлдегерлері­не қолдау көрсетілетінін айтты. Бұдан былай халықаралық олим­пиа­далардың дарабоздарына жоғары оқу орнына түсу үшін конкурстан тыс гранттар берілмек. Бұған қоса бір реттік ақшалай сыйақы да төленеді.

Ғылым мен технологияның дамыған заманында педагог заманауи талаптарға сай өзін әрдайым жетілдіріп отыруы керек. Осы мәселе ескерілгендей, Мемлекет басшысы Жолдауында мұғалімдерді қазіргідей бес жылда емес, үш жылда бір рет қайта даярлықтан өткізуді тапсырды. Кейде ақылы курстардан өтуімізге тура келеді. Ал Президент енді ұстаздардың курстан өту үшін өз қалтасынан ақша төлеуіне жол берілмейтінін шегелеп айтты.

Бұдан бөлек Жолдауда орта білім беру жүйесіндегі өзекті проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығына тоқталды. Қазірдің өзінде елімізде 225 мың оқушыға орын жетіспейді. Бұл мәселені тез арада шешпесек, 2025 жылға қарай орын тап­шылығы 1 миллионға жетуі мүм­кін екен. Осыған орай Мем­лекет басшысы 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген болатын. Кешегі халыққа Жол­дауында оқу ошақтарының санын мыңға жеткізуді міндеттеді. Мін­дет орындалып, жоспар жүйелі жүзе­ге асса, үш ауысымды мектептер мәселесі күн тәртібінен түсер еді.

 

Гүлзина БЕКМҰХАМБЕТОВА,

физика-математика пәнінің мұғалімі, «Үздік педагог-2019» байқауының жеңімпазы