28 Қаңтар, 2014

Жыл қорытындыланып, меже белгіленді

310 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Серік Ахметовтің қатысуымен Мұнай және газ министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі болды. Онда ведомствоның 2013 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысы туралы, сондай-ақ биылға арналған мақсат-міндеттер жөнінде Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин баяндама жасады.

 

Кеше Премьер-Министр Серік Ахметовтің қатысуымен Мұнай және газ министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі болды. Онда ведомствоның 2013 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысы туралы, сондай-ақ биылға арналған мақсат-міндеттер жөнінде Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин баяндама жасады.

– Өткен жылы мұнай өндіру 81,8 млн. тоннаны құрады. Ал отандық мұнай өңдеу зауыттары 14,297 млн. тонна өнім шығарды. Негізі мұнай өңдеу зауыттарын өзіміздің шикізаттармен қамтамасыз ету үшін еліміздегі 3 бірдей сала зауыты да түпкілікті жаңартылып, жаңғыртылып жатыр. Сонымен бірге, Елбасы биылғы Жолдауында елімізде төртінші болып салынатын мұнай өңдеу зауытының құрылысына байланысты тұжырымдық мәселелерді шешу туралы тапсырма бергені мәлім. Бұл тапсырманы орындау шараларын қазіргі күнде қызу талқылап жатырмыз, – деді министр.

Жалпы, баяндамадан білгеніміз, ағымдағы жылы елімізде 83 млн. тонна мұнай мен 41 млрд. текше метр газ өндіру жоспарланып отыр екен. Сондай-ақ, жоспар бойынша 14,7 млн. тонна мұнай қайта өңделмек. Ал қорытындыланған жылдағы шикі мұнай өндірудің көрсеткіші, бұрнағы жылмен салыстырғанда 103,2 пайызды құрапты. Газ өндіру көлемі былтыр 42,3 млрд. текше метрге жеткізілген. Бұдан көретініміз, мұнай өндіру 3 есеге өсіп, тәулігіне 1,6 млн. баррелге дейін, ал газ шығару 5 еседен артық өсіп, жылына 40 млрд. текше метр деңгейіне жетіпті.

Ведомство басшысы өткен жылдың желтоқсан айында Ресеймен бірнеше маңызды келісімдерге қол қойылғанын да тілге тиек етті. Нәтижесінде, Батыс Сібірді мұнаймен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін тасымал ісі алғаш рет жүзеге асырылатын көрінеді. Министрлік елдегі әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру шараларына да атсалысқан.

Мысалы, ауылшаруашылық тауарларын өндіруші диқан қауымына, көктемгі және күзгі маусымдық дала жұмыстарын атқаруға 811,8 мың тонна арзан­датылған дизель отынын бө­ліпті. Бұған қарамай, былтыр мұнай және газ конденсаты экспортының көлемі 72,077 млн. тоннаға жеткізіліпті. Жан-жақты ұтымды жұмыстардың жемісті атқарылуының арқасында, өткен жылы «Атасу-Алашаңқай» бағытының өткізу қуаты 20 млн. тоннаға дейін ұлғайыпты.

– Өткен жылы елімізде газ өндіру ісі де ілгерілегенін байқау қиын емес. Шикі газ өндіру 42,3 млрд. текше метрді құраса, тауарлық газды шығару көлемі 22,8 млрд. текше метрге дейін жетті. Оның 10,9 млрд. текше метрін өз республикамыздың облыстары тұтынып отыр. Осы арада, газ экспорты туралы да айтып өткен жөн. Былтыр 8,6 млрд. текше метр табиғи газ шетелдерге шығарылды. Жалпы, біздің елдің аумағы арқылы 99,146 млрд. текше метр көлемінде газ транзиті жүзеге асырылды, – деді Ұ.Қарабалин.

Биылғы жылдың 1 қаң­тарын­дағы есепті жағдай бойын­ша, еліміздің жерасты газ қой­маларында табиғи газ қорының көлемі 0,9 млрд. текше метрді құрапты. Өткен жылы 2,4 млн. тонна сұйытылған көмірсутегі газы өндіріліп алынғаны да баяндамашының назарынан тыс қалмады. Бүгінгі таңда, Жамбыл облысындағы Аманкелді газ кен орнын игеру жұмыстары жал­ғасын тауып жатыр екен. Былтыр бұл кеніште 321,8 млн. текше метр газ өндіріліпті. Халықты табиғи газбен қамтамасыз ету шаралары да министрліктің назарында. Осы уақытта елдегі 14 облыстың тоғызына газ құбырлары жеткізіл­ген. Оларда 940-тан аса елді мекендер көгілдір отынды пайдаланып отырған көрінеді.

Мұнай-газ саласының еңбек­керлері мен жалпы жұртшылыққа өткен жылдың соңы жақсы аяқталды. Себебі, көптен күткен «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральды газ құбырының «Бозой – Шымкент» телімін іске қосу – баптау режімінде пай­далануға берілді. Осы игіліктің арқасында, Шымкент пен Қы­зылорда облыстарының 500-ден астам елді мекендері газбен жабдықталатын болған.

Елімізде мұнай-химия саласы да мықтап қолға алынған. Ол туралы министр, 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама шеңберінде әлемдік деңгейдегі мұнай-химия өндірістерін құру­дың ірі инвестициялық жобалары іске асырылып жатқанына тоқталды. Бірінші, Атырау облысында жылына 500 мың тонна полипропилен мен 800 мың тонна полиэтилен өндіре алатын «Интеграцияланған газ-химия кешенін, екінші, Атырау мұнай өңдеу зауытында хош иісті көмірсутектерді өндіру кешенін салу жоспарланып отырғанын айтты. Екінші кешен жылына 133 мың тонна бензол мен 496 мың тонна параксилол өндіретін болады екен. Бұлардың алдында, Ақтау қаласындағы битум зауыты өткен желтоқсан айында іске қосылғаны белгілі. Бұл жобаның жалпы құны 290 млн. доллар болыпты. Кәсіпорын жылына 400 мыңнан астам битум мен басқа да фракциялар шығаруды жолға қойған.

– Министрлік жер қойнау­ларын тиімді пайдалану ісін де жіті бақылауында ұстап отыр. Қазіргі уақытта Қазақстанда кө­мірсутек шикізаты бөлігіндегі жер қойнауын пайдалануға арналған 199 келісімшарт тіркелген. Оның 85 пайыздан астамында пайдалану үшін сандық міндеттеме бар. Ал 14 пайыздан астамында ол жоқ. Десек те, осы кезде 20 шақты келісімшарттың ша­руаларымен айналысып жатыр­мыз. Бұған қоса, біздің жер­дің қойнауындағы шикізатты өн­дірушілердің қаражатымен, мұ­най-газ саласындағы ең көп керек болатын техникалық ма­ман­дықтар бойынша 4865 қазақ­стандық мамандардың оқу ақы­сын қаржыландыру шаралары ұйым­дастырылды,­ – деді министр.

Мұнай және газ министрлігі­нің жылдық қорытындысы мен алға қойған жоспарларына орай өткен алқа мәжілісін Үкімет басшысы С.Ахметов түйіндеді. «Мемлекет басшысы Үкіметке ел экономикасын тұрақты дамытуды қамтамасыз етуді тапсырды. Ал оның жемісті атқарылуы тікелей мұнай-газ саласының баянды жұмысына байланысты екенін білеміз. Сондықтан, мұнай-газ саласындағы әрбір шаруа жіті назарымызда. Қазір Қазақстан мұнайды ең көп өндіруші 20 елдің қатарында. Бұйыртса, алдын ала болжам бойынша, 2020 жылдан кейін елімізде мұнай өндіру деңгейі тәулігіне 2 млн. баррельге жуық болады», деді Премьер-Министр. Расында, Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан дәлелденген мұнай қоры ТОП-15 ірі иегерлердің қатарына қосылып, газ қоры бойынша бірінші жиырмалыққа кіріпті.

Өткен жылдың елеулі жетістіктері қатарында, С.Ахметов ТШО кеңейту жобасы шеңберінде Үкімет пен «Теңізшевройл» арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғанын, Қазақстан құбыры жүйесі бойынша Ресей мұнайын Қытайға тасымалдау саласындағы әріптестік туралы үкіметаралық уағдаластықты, сондай-ақ, «Бозой – Шымкент» және Маңғыстау облысындағы битум зауытының іске қосылғанын атады.

«Бұл біз үшін маңызды оқиға. Сондықтан, тұтастай алғанда, өткен жылғы жасалған дайындама мұнай-газ саласын дамытуға қосымша серпін береді деп айтуға болады», деді С.Ахметов.

Сонымен бірге, Премьер-Министр Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру шеңберінде, мұнай-газ саласындағы басқарудың жаңа тәсілдерін дайындау қажеттігіне, сондай-ақ, мұнай мен газ өндірудегі түпкілікті мүмкін сценарийлерді анықтауға назар аударды.

«Бұл шара кешенді шешуді талап ететін кең ауқымды жұмыс. Бұл жерде барлық мүдделі тараптарды, ғылыми ұйымдарды, ірі табиғи пайдаланушыларды тарту маңызды», деді Премьер-Министр.

Премьер-Министр еңбек кикілжіңдерінің алдын алу мәселелеріне тоқталды. «Мұнда ірі-ұсақ мәселе деген болмауы тиіс. Жұмысшыларды өз орындарында лайықты еңбек жағдайымен қамтамасыз ету, олардың тұрмыс-жағдайын ұйымдастыру, тамақ сапасы мәселелеріне айрықша көңіл бөлу қажет. Бұл мәселелер компания басшылығы үшін басымдықты болуға тиіс. Үкімет тарапынан қатаң мониторинг болады», деп атап көрсетті С.Ахметов.

Көмірсутегі шикізатын барлау мен өндіру мәселелеріне қатысты, Үкімет басшысы барлық инвес­торлар үшін тең жағдай құру қажеттігін де ескертті. «Біздің ережелер инвесторлар үшін ашық әрі түсінікті болуы керек. Біз оларды шетелдік, отандық деп бөлмеуіміз қажет. Барлығына жағдай бірдей болуы тиіс. Инвесторлар үшін жағдай жасауда тұрақтылық болуы керек, бұл Үкіметтің бас­ты міндеттерінің бірі», деді С.Ахметов.

Сөзін түйіндей келе, С.Ахметов министрліктің алдында тұрған міндеттерді орындауда саланың ғана емес, тұтастай Қазақстан экономикасының болашағы да мүдделі, деп атап көрсетті.

С.Ахметов Мемлекет басшы­сының мұнай-газ саласын дамыту бойынша алға қойған міндеттеріне қол жеткізуде мақсатты жұмыстар қажет екеніне айрықша назар аудартты.

Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар

Елдік тұжырымдама

Пікір • Бүгін, 08:50

Ғасыр үні жаңғырған кеш

Руханият • Бүгін, 08:30